Денсаулық: Биылғы бюджет 21 пайыз жоғары

2291

0

Аймақта былтыр жалпы өлім-жітім көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда бір деңгейде сақталса, ана өлімі 5,7, сәби өлімі көрсеткіші  13,4%-ға төмендеген. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 816476 тұрғын тіркелген. Оның ішінде 82,4%-ы мемлекеттік медициналық ұйымдарға тіркелсе, 17,6%-ы жеке медициналық ұйымдарға қарайды. Тұрғындарға 25 стационарлық, 26 амбулаториялық-емханалық, 100 дәрігерлік амбулатория, 25 фельдшерлік-акушерлік бекет, 97 медициналық бекет қызмет көрсетеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов баяндады.

Сонымен қатар басқарма басшысы былтыр салада атқарылған өзге де жұмыстарға тоқталды.

2016       жылдан бастап өңірге аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 131 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалып, қазіргі кезде 82 жас түлек емдеу ұйымдарында қызмет атқаруда. Биыл үрдіс жалғасын тауып, өңірімізде тапшылығы бар нефролог, радиолог, ревматолог, т.б. мамандықтарға 24 облыс әкімінің гранты бөлінген.

– Одан бөлек, 2020 жылдан бері жас мамандарды әлеуметтік қолдау мақсатында 20 маманға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 АЕК көлемінде бірмезеттік қайтарымсыз көтермеақы берілуде. Медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыруға былтыр 88 млн теңге қаражат бөлініп, 575 дәрігер, 738 орта буын қызметкері білімін жетілдіруде. Бұл қаражаттың барлығы дерлік ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы мамандардың білімін жетілдіруге жұмсалуда, – деді басқарма басшысы.

Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасына сәйкес, БМСК ұйымдарында үздік практика орталықтарын құру бойынша инновациялық технологияларды енгізе отырып «Үздік тәжірибелер орталықтарын» құру жөніндегі жол картасы бекітіліп, жол карта аясында Жамбыл облысы және Еңбекші қазақ орталық аудандық ауруханасындағы озық тәжірибені тиімді енгізу үшін оқуға мамандар жолданып, Шиелі көпбейінді орталық аудандық ауруханасы «Үздік практика орталығы» болып бекітілген.

Биыл медицина саласына жергілікті және қор бюджеті мен құрылысты қоса алғанда 138,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл өткен жылғы бюджетпен салыстырғанда 21 пайызға көп. Оның ішінде қордың бюджеті 18 пайызға, жергілікті бюджет 49 пайызға артқан.

–    Былтыр  жалпы құны 47 млрд теңгені құрайтын 21 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді. Оның ішінде жалпы құны 7,1 млрд теңгеге 17 нысанның құрылысы аяқталды, 2 нысанның құрылысын жалғастыруға 1,2 млрд теңге, 2 нысанды бастауға 1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 15 нысан Ұлттық жоба аясында, 2 нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде, 2-і республикалық бюджет есебінен, 2 нысан жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде, – деп атап өтті Олжас Ермекұлы.

Биыл жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 922,2 млн теңгені құрайтын Жаңақорған ауданы «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториямен қоса 15 төсекке арналған ауылдық аурухана құрылысы жүргізілуде. Шалғай аудандардағы балаларға реабилитациялық емнің қолжетімділігін арттыру үшін Арал  ауданында оңалту орталығын ашу жоспарлануда.

Былтыр 9 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде жалпы құны 529,2 млн теңгенің 5 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталса, биыл жалпы құны 2,7 млрд теңгеге 4 нысанға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.

Өткен жылы денсаулық сақтау нысандарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 5,3 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 4,4 млрд теңге, жергілікті бюджет есебінен 900 млн теңге. Нәтижесінде медицина ұйымдарының жабдықталу деңгейі 84-тен 86 пайызға дейін көтерілген. Айта кету керек, есепті кезеңде жалпы құны 512,5 млн теңгеге 25 дана санитарлық автокөлік сатып алынған. Ал биылға саланы материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 3,7 млрд теңге қаржы қаралып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<