Дүние дүрмек

436

0

Аборигендер туралы заң

Австралия парламенті аборигендер мен Торрес бұғазы аралдарының халқын континенттің алғашқы халқы деп танып, оларға дауыс беру құқығын ұсынатын референдум өткізу туралы заңды мақұлдады. Ұсынысты Австралия үкіметі 23 наурызда Парламентке енгізген.

Парламентте плебисцит сәтті өткен жағдайда аборигендердің «Дауыс» атты кеңесші органы құрылады. Жаңа құрылым депутаттар мен сенаторларға аборигендерге қатысты мәселелер бойынша кеңес береді деп жоспарлануда. Сауалнамаларға сәйкес, австралиялық сайлаушылардың 54%-ы үкіметтің бұл бастамасын қолдауға дайын.

Сутегі дәлізі

Барселона мен Марсель арасында салынуы жоспарланған H2Med сутегі құбыры жобасы Еврокомиссияның оң техникалық біліктілігін алды.«Europapress»хабарлауынша, жобаға одан әрі саяси талдау жасалады.

Сутегі дәлізі жобасына Испания, Франция және Португалия қатысуда. Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон H2Med Германияға дейін тартылатынын мәлімдеді. Құрылысы 2030 жылға дейін аяқталуы тиіс құбыр Барселонадан Марсельге газ бен сутегін тасымалдап, Пиреней түбегі елдеріне ЕО-ның энергетикалық нарығына жол ашады.

Төрт аяқты психолог

Сан-Франциско халықаралық әуежайының штаты Дьюк есімді психолог мысықпен толықты. Ол ұшуға қорқатын жолаушыларды тыныштандырмақ. Әуежайдың баспасөз қызметі Twitter-де төрт аяқты психологтың ұшқыш формасын киген суретін жариялады.

Қара ала мысық әуежайды арнайы кеудешемен аралап, саяхатшыларға күйзелістен шығуға көмектесетін жануарлардан тұратын әуе экипажына қосылды. Дьюктің «әріптестерінің» арасында бірнеше ит, қоян, тіпті Лилу есімді торай да бар. Мысық американдық джаз музыканты Дьюк Эллингтонның құрметіне аталған.

Тыйым салынды

АҚШ-тың Техас штатының губернаторы Грег Эббот 18 жасқа толмағандарға кейбір әлеуметтік желілерді ата-анасының немесе қамқоршысының рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл туралы «The Verge» порталы хабарлады.

Техас кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу туралы шешім қабылдаған АҚШ-тың алғашқы штаты емес. Бұған дейін осындай заң Юта, Арканзас және Луизиана штаттарында қабылданды. Алдағы уақытта мұндай шешім Коннектикут, Мэриленд, Миннесота, Нью-Джерси және Огайо штаттарында қарастырылған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<