Дүние дүрмек

242

0

Алкоголь қымбаттайды

Шотландияда алкоголь бірлігінің ең төменгі бағасы 30%-ға өсуі мүмкін. Билік сол арқылы ішімдікпен байланысты өлім-жітім мен аурулар санын азайтпақ. Ұлыбританияда алкоголь бірлігі 10 миллилитр таза спиртті құрайды.

2018 жылы Шотландия алкогольдің стандартты бірлігінің ең төменгі құнын алғаш енгізген болатын. Себебі, елдегі өлім-жітімнің 13,5%-на ішімдік себеп болады. Өткен үш жыл ішінде алкогольмен байланысты өлім-жітім 25%-ға өскен. Сонымен бірге, соңғы онжылдықта алкоголизммен емделетін адамдар саны 40%-ға азайған.

Гараждағы ядролық зымыран

АҚШ полициясы Вашингтон штаты тұрғынының гаражынан қырғи қабақ соғыс кезеңінен қалған зымыранды тапты. Бұл туралы полицияға Огайодағы АҚШ әскери-әуе күштерінің ұлттық музейі хабарлаған. Музей қызметкерлеріне Белвью қаласының тұрғыны гаражындағы зымыран туралы айтқан.

Полиция тұрғынның гаражына арнайы залалсыздандыру тобын жіберіп, ол жерден қауіпсіз, снаряд, жанармайы жоқ Douglas AIR-2 Genie зымыранын тапқан. Иесі оны қайтыс болған көршісінен алғанын мәлімдеді. 1,5 килотонналық мұндай ядролық қару 1957 жылы бір-ақ рет жаттығуларда қолданылған. Мұндай зымырандар өндірісі 1962 жылы тоқтады.

Үндістанның ең үлкен проблемасы

Сарапшылар әлемдегі ең ірі тамақ өндіруші елдердің бірі Үндістанның ең үлкен проблемасы – аштық екенін мәлімдеді. Жақында жарияланған жаһандық аштық рейтингінде Үндістан 125 елдің ішінде 111-орынды иеленген. Бірақ елдегі 1,4 миллиард халықтың 25 пайызы аштыққа ұшырап отыр.

Үндістан әлемдегі ең ірі күріш, бидай, сүт, қант және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші. Алайда, «Bunge» әлемдік сауда тобының дерегінше, бұл елде тұратын 190 миллион халық аштықтың зардабын тартып отыр. Сарапшылар Үндістанда инфрақұрылым нашар болғандықтан, азық-түлік өнімдерінің 40 пайызы тұтынушыға жетпей бұзылып кететінін айтқан.

Фермерлер Римді «басып алмақ»

Дүйсенбі күні таңертең 200 трактордан құралған колонна Рим қаласына жол тартты. Итальяндық фермерлер ел астанасында наразылық акциясын өткізбек. Фермерлер шеруі Тоскананың оңтүстік провинцияларынан басталған. Кейін оларға Италияның басқа аймақтарындағы әріптестері қосылды.

Шаруалар ұзақ уақыт наразылық үшін алдын ала дайындалып, ауыл шаруашылығы техникаларына су мен тамақ тиеп алып шыққан. Мұндай наразылықтар қазірдің өзінде Франция, Германия, Бельгия, Польша, Румыния және Нидерландта өткен болатын.

Ақпарат көздерінен дайындаған

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<