Тұлғалар туралы жазғанда оның өмірбаянын терміштеп отырумен ойыңды тәпсірлей алмайсың. Ол адамның болмыс кенін аршу керек. Менің ұстанымым – осы.
Оразбек Мақсұтұлының Сыр журналистикасындағы белгілі, дара тұлға болғаны анық.
Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінен білім алып, еңбек жолын сонау 1978 жылы Сырдария аудандық газетінен бастаған Орекеңмен біз беріректе таныс болдық.
Оқу бітіріп, «Сыр бойы» газетінде қызмет істеп жүрген кезімде, ұмытпасам, 1997 жылы Орекең облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінен келді.
Шамалы уақыт жауапты хатшы болды, сосын редактордың орынбасарлығына отырды.
Орекең бұған дейін де бұл газетте еңбек етіп, талай марқасқалармен қызметтес болыпты.
Екеуміз көп әңгімелесуші едік. Кейде, демалыс күндері мені әңгіме айту үшін ғана жұмыс жаққа шақырады. Өзімнің де тіршілігім бар, бастығым айтып тұрғасын амал жоқтықтан барамын. Сонда небір хикаяттарды айтады. Маған ең қызығы, «Сыр бойының» біз көрмеген сырбаздары туралы әңгімелер, сосын – бильярд ойыны. Орекең бильярдты шебер ойнайтын. «Бір жақсысы, бильярдта қарсыласыңмен емес, өз қатеңмен күресіп ойнайсың», – деп маған бұл ойынның философиясын да түсіндіріп қоятын.
Келе-келе Орекеңнің шақыруына қарамай, өзім іздейтін болдым.
Бір әңгімесінде кеңестік компартия қатарына өтіп, обкомның лекторлар бөліміне қызметке барғанын айтты. «Бір жақсысы, партия тарап кетті де, журналистикаға қайтып оралдым. Әйтпегенде қызылшеке бастық болып кететін бе едім», – дейді. «Қызылшеке!..», – деп күлемін. Сөйтсем, онысы «шіренген шенеунік бола алмаймын ғой» дегені екен.
Содан демократия желпуімен редакцияда бөлім меңгерушілігіне сайлау өтіпті. Редактор Нұрділдә Уәлиев сонда Орекеңнің кандидатурасын қолдапты.
Өйткені, Орекең ұқыпты, ісіне өте мұқият адам. Жазуы өрнекті, дарынды, сосын ғой, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері атанғаны.
Оған қоса Орекеңнің бейнеткештігі ғажап. Газеттің әр әрпі, әр тыныс белгісі үшін сағаттап қозғалмай отыра береді. Қате деген судың бетінен шыбын ұстағандай бәле, сол қатені Орекең табатын. Негізі редактордың орынбасары газеттің макетіндегі әріп қатесін шығаруға міндетті емес. Оның міндеті – мақала мазмұны мен тақырыбы және оның орналасуын тексеру мен түзету. Түпнұсқамен салыстыра отырып, әріп қатесін қою – корректордың жұмысы. Бірақ Орекең қате теріп, терін шүмектетіп төгіп отырады.
Сөзінің сірәсы, «бір жаманы» демейді, «бір жақсысы» дейді.
Орекең бір жақсысы, газетке басшылық жасаумен шектелген жоқ, жас әріптестерінің жанашыр ағасы, ақылшы ұстазына айналды. Сол кездегі жас журналистер – Ыдырыс, Қуат, Елубай, Гүлжазира, екі Айнұр, Қаныбек, Әділжан, Айсәуле есімдері аймақ көлемінде белгілі болды.
Айнұр Батталова бір естелігінде былай жазыпты: «2005 жылы ішкі саясат басқармасы құрылып, жұмысын бастады. Сонан кейін шараларда баспасөз парағын тарату басталып, өйтіп жазыңдар, бүйтіп жазыңдар, мынаны бер, ананы жарияламаңдар деген секілді бұйрықтар түсе бастады. Еркіндікке үйреніп алған біз біраз тірестік. Соған қарамай, сын да беріліп жатты, арыз-шағымдар да басылым бетінен көрініп жүрді».
Дәл сол еркіндікке үйреткен ұстаз Орекең еді. Ол өзі қызмет еткен кезеңдегі облыстық газет журналистерінің жазу дәстүрін жаңа бағытқа бұрды. Көркемдеп жазуды, тақырыпты тыңнан тауып қоюды үйретті. Осындай қолтаңба нақышы газет қызметкерлерінің беделін көтерді.
2005 жылы «Сыр бойы» газеті Қазақстан Журналистер академиясының ең мәртебелі жалпыұлттық журналистік сыйлығы «Алтын жұлдыз» белгісімен марапатталып, «Үздік аймақтық газет» номинациясын иеленді. Бұл жетістікте редактордың орынбасары Оразбек Мақсұтұлының орасан зор үлесі бар.
Сол кезде редакцияға белгілі адамдар көп келетін. Қазақ Төлеген деп таныған кино жұлдызы Құман Тастанбеков, дарынды ақын, зерделі зерттеуші Сейсен Мұқтарұлы, қаламы ұшқыр жазушы, драматург Жолтай Әлмашев секілді атақтылармен Орекең арқылы таныстым.
Шиеліден сатирик Нұрмахан Елтай келген күні – біздің ауылда той. Орекең тұйық болғанмен, тұңғиық адам, әзіл-қалжыңы бір әлем. «Дүйсенбек өзінен басқа ақынның өлеңін жаратпайды», – дейді.
Ойыма осыдан екі күн бұрын газетке дайындап бер деп бұрыштама қойған үш өлең түсті. Ол өлең газетке жариялануы керек екен, мен жарамайды деп архивке жіберіппін.
Сонда Орекең бастықтық жасамайды, тапсырма қайда демейді, менің пікіріммен санасып тұр. Бұл да адам бойында ұшыраса бермейтін бір жақсы қасиет қой.
Тапсырма демекші, бір күні Орекең «Саған тапсырма, қонақүйде Құман ағаң жатыр, сол кісімен әңгімелесуің керек», – деп уақытын айтты. Қағаз, қаламымды сайлап бардым. Сөйтсем, Орекеңнің өзі отыр. Дастарқан жайнап тұр. Жазу жайына қалды.
«Сондағы не тапсырма еді?» – дедім, кейін. «Құман ағаңмен дастарқандас болсын дегенім», – деді Орекең.
Көп уақыт өтті, ол кезде Орекең де де сират сапарына кетіп қалған. Мен «Тапсырма» деген мақала жаздым.
Қазір жұмыссыз шақырып алатын, «тапсырма» беретін ағаларым жоқ. Ойға батқан шақтарымда қолыма қаламсабымды алып, сол асылдар туралы жазғым келеді, «тапсырмасыз-ақ». Бірақ бас әріп басқа әріптерді бастап кете алмай, ақ параққа тесіліп қараймын.
Әріптердің орнында ыстық көз жасым жайылып жатады…
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





