Жаңақорғанда еріктілер полиция көмекшісіне айналды

1066

0

Жаңақорған – мал ұстауға қолайлы аудан. Облыс бойынша барлық мал басының 30 проценті осы ауданға тиесілі. Сондықтан мұнда мал ұрлау дерегі жиі тіркеледі. Мал басының көптігі, оның өз бетінше қараусыз жүруі және мал иелерінің жауапсыздығы  ұрылардың арам ойын жүзеге асыруына себеп болуда.

Деректерге зер салсақ, ауданда 2018 жылы 44 мал ұрлығы орын алған. Өткен жылы мал ұрлығының 61 жағдайы тіркелген. Оның 14-інде мал қорадан ұрланса, 47-інде жайылымнан үптеп кеткен.

Аудандағы 26 ауылдық округтің 11-де ғана пада ұйымдастырылса, қалған ауылдарда бұл жұмыс аяқсыз қалып отыр.

Жыл басында Жаңақорған аудандық полиция бөлімі басшылығы мен аудандық прокуратура бірлесіп, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде ауылдардағы мал ұрлығының алдын-алу шараларын бірлесіп атқару жайы талқыланды.

Құқық қорғау органдарының басшылары мен тұрғындар бірлесіп жұмыс жасамақ. Ерікті азаматтар полицияның қоғамдық көмекшісіне айналып, мал ұрлығының жолын кесуде. Мұндай ерікті азаматтар қатары артып, көмекші ретінде тіркеу үшін өз өтініштерін қалдырып жатыр.

Өтініштер аудан әкімдігіне жолданып, қолдау тапты. Бүгінгі күні 17 азамат қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге полицияның қоғамдық көмекшісі ретінде тіркелді. Оларға айрықша үлгідегі куәлік, арнайы киім берілді.

– Қазір аудан көлемінде полицияның қоғамдық көмекшілері – елді мекенде қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып, қылмыстың алдын алуға өз үлестерін қосуда. Күнделікті рейд кезінде олар тек қана ауыл көшелерін ғана емес, жайылымдарды аралап, тұрғындардың төрт түлік малына да көз қырын салып жүр. Осылайша бірлесіп атқарылып жатқан шаралар аудан көлемінде мал ұрлығы мен жалпы қылмыстың азаюына септігін тигізеді деп күтілуде, дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ғани Тұрсекеев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<