Өңірімізде мемлекеттік бюджеттің орындалу көрсеткіші биыл 6 айда 104,9% болды, бұл жоспарланғаннан 8,5 млрд теңге шамасында артық. Салықтық әкімшілендіру нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 8 млрд 909 млн теңге қосымша резервтер өндірілді.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, шілде айына дейін аймақта 12 904 заңды тұлға, 52 779 жеке кәсіпкер тіркелген. Жыл басымен салыстырғанда жеке кәсіпкерлер саны 5361-ге қысқарған. Мамандар мұның себебін жаңа Салық кодексінің талабымен байланыстырып отыр. Атап айтқанда, бұрынғы патент негізіндегі қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілер өз кәсіпкерлігін жауып, өзін-өзі жұмыспен қамту режиміне өте бастады. Ендігі жерде табысы айына 300 АЕК немесе 1 млн 297,5 мың теңгеден кем емес адам қызметін кәсіпкер болып тіркелмей-ақ жүзеге асыра алады. Кәсіпкерлер мұны мемлекет тарапынан үлкен қолдау деп есептейді.
– Мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеті – бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету. 1 шілдедегі жағдай бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салықтық берешегі осы тоқсанның басымен салыстырғанда 12,4%-ға төмендеді. Дегенмен, жыл бойы қалыптасқан жалпы соманың ішінен шағын және орта бизнес субъектілеріне тиесілі 4 333,2 млн теңге берешекті төмендету бағытында біршама жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде 38 салық төлеушінің төлем мерзімі ұзартылып, 11 салық төлеушіге қатысты оңалту рәсімі қолданылды. Тағы 11-і сот шешімімен банкрот деп танылса, 4 ірі салық төлеуші өз еркімен 159,0 млн теңге салық берешегін өтеді, – дейді департамент басшысы Асқар Елеманов.
Мемлекеттік кіріс органдары салықпен қатар кедендік төлем, баж жинауды, кедендік бақылауды жүзеге асырады және сыртқы экономикалық қызметті реттейді.
– 2026 жылдың 1 жартыжылдығында сыртқы сауда айналымы 2025 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,4%-ға өсіп, 454,4 млн АҚШ доллары болды. Оның ішінде экспорт көлемі 35%-ға өссе, импорт көлемі 70%-ға кеміді. Жалпы импорт тауарларының ішінде мұнай жабдықтары, пайдаланылған қосалқы бөлшектер, көлік құралдары, тоқыма бұйымдары көбірек әкелінеді. Ал экспортта мұнай және мұнай өнімдері, уран, күріш, балықтың көрсеткіші жоғары, – дейді департамент басшысы.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






