Есен-сау ұрпақ – ел байлығы

426

1

Ана мен баланың есен-саулығы – еліміздің басты құндылығы. Облыстық перинаталдық орталық мамандары пандемия кезінде қауырт жұмыс режимінде қызмет атқаруда. Карантиндік шараларды қатаң сақтана отырып, қаншама ана босанып жатыр.  Осы ретте бала мен ананың аман болуына Дана Нұртазаева сияқты білікті дәрігер, акушер-гинекологтар еңбек сіңіруде.

Дана 2001 жылы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, емдеу ісі мамандығын  бітірген.  Жас маман еңбек жолын №1 қалалық емханадан бастады. Кейін қалалық перзентханаға жұмысқа қабылданып, аналардың аман-есен босануына атсалысып келеді.

2016 жылдан бері «Ана мен бала» орталығында акушер-гинеколог қыз­метін, УДЗ дәрігері маман­дығын қоса атқарып жүр.

Жақында Дана Мах­мұтқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сол күні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан шақырту түскен. COVID-19  дертіне шалдыққан жүкті ана айы күні жетіп, толғағы қысқан. Жедел аттанған дәрігерлер дер кезінде жетіп, анаға толық көмек көрсетіп, аман-есен босандырып алды.

– Жас ананың бірінші жүктілігі екен. Сақтық шара­ларын қолданып, жағ­дайын бақылауға алдық. Пациент 10 сағат толғатты. Аман-есен босандырып алдық. Жағдайы жақсы болды. Өмірге ұл бала әкелді. Сәби «Ана мен бала» орталығына жеткізілді. Біз барынша қолдау көрсетіп, босанғаннан кейін де 2 сағат бақылауға алдық, –дейді акушер Дана.

Дананың бұл еңбегін әріптестері де жоғары бағалады. Расында, бірінші жүктілікте, COVID-19  диагнозымен аман-есен босандырып алу үлкен жауапкершілік пен күш-жігерді талап етеді. Маман өзіне артылған сенімді осылай ақтады.

Гинеколог жас аналар алдын ала жоспарлауды ескере бермейтінін жеткізді. Ана денсаулығын түзеп барып, жүктілікті жоспарлау керек. Сонда оның жүктілігі бірқалыпты, жақсы өтетінін айтты. Сондай-ақ маман жүкті әйелдер арасында қаназдық дерті белең алып отырғанын да тілге тиек етті. Осы ретте сауатты кеңес беріп,  үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Акушер-гинеколог жүкті аналарды УДЗ аппаратына түсіреді. Бұл – іште жатқан баланың жағдайын бақылайтын құрылғы. Егер құрсақтағы шаранада қандай да бір ақау болса, оны ерте бас­тан анықтауға және ем жүргізуге мүмкіндік береді. Білікті дәрігер ана денсаулығы үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар акушер-гинеколог жас мамандарға да білген-түйгенін жалық­пай үйретіп келеді.

Бүгінде Дана Нұр­тазаева өзі де бір ұл, бір қыздың анасы.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер:
  • Cәлеметсіз бе Дана ханым.
    Менің қызымның аяғы ауыр. 33 апта. Баланың ішегінде ақауы бар. Қызымда многоводие. Баланың салмағ 1900 гр. Туа сала ота жасалуы керек екен. Қандай кеңес бересіз

Пікір жазыңыз