Есірткісіз өмір ғажайып!

1261

0

Адамға мәңгі жарық беріп тұратын Күн секілді көрінгенімен, шын мәнінде бір жанып, өшіп қалатын майшамдай азғын әдеттер жеке тұлғаның өмірін басқа арнаға бұрып, шимайлайды. Олар адамның санасын улап, миына неше түрлі ақпараттар құйып, тура жолдағы адамды бағытынан айырады. Бір жабысса, кенедей шағатын бұл зиянды әрекеттердің ішінде есірткіні тұтыну қоғам үшін алдын алу керек өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Бүгінгі күні тал бесігінен дұрыс тәлім-тәрбие алмай, дұрыс бағытты таба алмай, дұрыс таңдау жасай алмай тоқырауға торығып, түрлі ағымдар мен арбаулардың соңында жүрген азаматтарымыз қаншама. Қоғамның дертіне айналып, өрмекшідей торын кең құрған үлкен мәселелер – нашақорлық, есірткі мен темекіге тәуелділік, маскүнемдік. Күллі әлемді өз торына түсірген бұл бұрыс жолдан шығудың жолын табу – әр мемлекеттің алғышарты болып табылады.

Жалпы, нашақорлық – еліміздің арасын құртып, болашағының тамырын балтадай шауып отырған қатерлі дерт, қарақұрт. Мұның зияны мен алып келер залалдары туралы көп болмаса, аз айтылып жатқан жоқ. Сонда да, мемлекеттімізде нашаға ессіз байланып жатқан азаматтардың саны азаяр емес.

Бүгінгі күні қазақ қоғамында есірткіге тәуелділердің саны жетерлік. Бұл сөзіме дәлел ретінде 2021 жылдың 22 сәуірінде есірткі қолдану және сату үрдісінде ұсталған «MadMen» тобымен болған оқиғаны келтіруге болады. Есірткіні тұтыну бабы бойынша 10 адамды полиция қызметкерлері ұстап алған, солардың ішіндегі екі кісінің жас әншілер тобының құрамына қатысы бар екендігі анықталған. Осы секілді есірткіге байланысты оқиғалар көп және оларды санамалау мүмкін емес. Бұл жағдайлардың алдын алу керек. Себебі, жаман әдет түбінде жамандығын көрсетеді.

Ашық айтатын болсам, есірткіні бір рет пайдаланған адамның оған шексіз байланып, басыбайлы құлына айналарыа нық. Есірткі – адамның басын айналдырып, ләззат пен рақат сыйлай отырып, ауытқулар мен сандырақтауды оятатын қауіпті зат. Естулеріңіз де аз емес шығар, нашақор адамдар өз-өздерін қолда ұстай алмайтын, ашуланшақ, жүйке жүйесі жұқарған жандар болады. Ал, мұндай адамдардан не күтуге болады?! Оларды физикалық тұрғыда сау болғанмен, психикалық тұрғыда ауру адамдар санатына жатқызуға болады. Жалпы, еліміздің наша қолданатындарының 46 пайызы 16-47 жас аралығындағы адамдар. Яғни, қазіргі таңда ел болашағын тапсыратын, «қорғандарымыз» деп қарайтын – жастар. Бұл дегеніміз, ұлт қауіпсіздігі қазір әлсіз, елге қауіп төнді дегенді білдіреді.

  «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп дана халқым айтып кеткендей, қазақтың көк туын аспанда шарықтататын, болашағын арқалап, үмітін ақтайтын қорғандарымыздың қисық жолға түспей, маскүнемдікке салынбауын қадағалау – біздің басты парызымыз болуы керек. Салиқалы ұрпақ қалыптастыру үшін оларды ішімдікке салынудан, темекі мен есірткіге тәуелділіктен барынша ерте жастан сақтауымыз қажет.

Еліміздің қаракөз қыздары мен тепсе темір үзетін ұлдарын тура жолға салып, бағыт-бағдар беру – біздің қолымызда. Ішімдіктің, есірткі мен темекінің адам өміріне аса қауіпті факторлардың бірі екенін, адам денсаулығы мен елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер екенін ертеңгі ұрпаққа насихаттау – біздің негізгі міндетіміз болып табылады.

Айгерім Аннасова,

Тәкей Есетов атындағы

№264 мектеп-лицейінің

9-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<