Ғарышты бағындырған жылдар жемісі

2964

0

Қазақстанның Байқоңыр ғарыш алаңынан 1961 жылдың 12 сәуірінде Мәскеу уақытымен 9 сағат 07 минутта массасы 4725 килограмм болатын «Восток» ғарыш кемесімен тарихта тұңғыш рет адам баласы ғарыш кеңістігіне сапар шекті. «Восток» ғарыш кемесімен Кеңес Одағының азаматы Юрий Алексеевич Гагарин Жер шарын 1 сағат 08 минутта айналып өтті. Ұшу барысында ғарышкер Жердегі ұшуды басқару орталығымен үздіксіз радиобайланыста болып, барлық кезеңдердегі өзгерістер бойынша хабарлап отырды.

Адам баласы аспанға ұшуды бағзы замандардан бері армандағаны белгілі. Аспанға ұшу жөнінде қазақ ертегілерінде де аз айтылмаған. Қолға қанат байлап, биіктен секіріп, ұшқаннан бастап ғарыш кемесіне отырғанға дейін адам баласы талай-талай сәттіліктер мен сәтсіздіктерді бастан кешті. Ғылыми-техникалық прогресс арқасында небір таңға­жайып ұшу аппараттары, корабльдер өмірге келді.

Жер планетасын қоршаған космос деп аталатын кеңістікті игеруге бағытталған жұмыстар сонау Ұлы Отан соғысы жылдарынан бастау алады. Сұрапыл соғыс кезінде бейбіт уақытта бірнеше ондаған жылдарда жасалатын техника қысқа уақытта, бірнеше ай ішінде құрастырылды. Жақын қашықтықты ракета арқылы атқылау ерекше жолға қойылып, осыған сәйкес радиобайланыс қарқынды дамыды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін ракета техникасын дамыту дүние жүзі бойынша ерекше қарқын алып, ғылымның бұл саласы Кеңестер Одағы мен Америка Құрама Штаты ғалымдарының күшімен жылдам дами бастады. Осы зерттеулер негізінде Кеңестер Одағында С.П.Королевтың басқаруымен конс­трук­цияланған бі­рінші ракета 1949 жылы космос кеңістігіне 100 шақырым биіктікке көтерілді. Үздіксіз жүргізілген ғылыми ізде­ніс­тердің нәтижесінде биіктік 500 шақырымға жетіп, ракеталарға Жерді қор­шаған атмосфера қабатының физи­калық және химиялық күйін анықтау мақсатында әртүрлі ғылыми қондырғылар орнатылды. Қоршаған ортаның тірі организмге әсерін зерттеу мақсатында әртүрлі жануарларды қажетті биіктікке көтеріп, оларды Жер бетіне парашют арқылы қайта түсіру мақсаттары қойылып, бұл тапсырмалар өз деңгейінде орындалды.

С.П.Королевтың басшылығымен жасалған континентаралық ракета 1957 жылы ең бірінші рет сәтті сынақтан өтті. 1957 жылы 4 қазанда дүние жүзінде бірінші болып Кеңестік космодромнан «Спутник-1» Жер серігі ұшырылып, 92 күн бойына Жер шарын 1440 рет (60 млн км) айналып шықты. Оның конструкциясы өте қарапайым, массасы 83,6 кг болды. Бұл әртүрлі биіктіктегі атмосфера қабаты тығыздығы, радиотолқын таралуы жайлы ең алғашқы мәлімет алуға мүмкіндік берді. Адамзаттың космос­ты игеруі осы уақыттан бастау алады.

Бұл кезде «қырғи-қабақ со­ғыс» жағдайында тұрған қос супер­держава – КСРО мен АҚШ-тың ара­сындағы жаппай қаруланудың өріс­теуі енді ғарышты бағындыру бәсе­кесіне ұласқан болатын. Сол себепті Кеңес Одағымен қатар АҚШ та бірінші болып жасанды Жер серігін ұшыруға жанталасып бақты. Нәтижесінде, АҚШ өздерінің тұңғыш жер серігін 1958 жылы 1 ақпанында ұшырды. Бұл жаңалықтар космостық техниканың дүние жүзі бойынша қарқынды да­муына барынша әсерін тигізді.

Космосқа ұшу шындыққа айнал­ғаннан кейін зерттеушілердің әртүрлі ғылыми бағыттар бойынша космос­ты зерттеуге деген ынтасы арта түсті. Космостық аппаратуралардың алға қойылған мақсатты жеткілікті дең­гей­де шеше алатындай болып өмірге келуі, оның ұшу траекториясын, ұшы­рылу мақсатын жоспарлауға байланыс­ты алдын ала теориялық зерттеулерді жүргізуге мәжбүр етті.

Әртүрлі ғылыми-зерттеу бағыт­тары ішінен адамы бар техниканы космосқа ұшыру ерекше орын алды. Оның тарихы 1957 жылы қазан айында ұшырылған қарапайым басқарылмайтын спутниктен басталып, 1961 жылы 12 сәуірде Кеңестер Одағында адамы бар «Восток» кораблі ең алғаш космос кеңістігіне ұшырылды. Сөйтіп, Юрий Гагарин – әлемнің тұңғыш ғарышкері, ал Байқоңыр – ғарыш айлағына айналды.

Алғашқы ғарыш сапарынан кейінгі жылдарда 500-ден аса ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп ғылыми зерттеулер жүргізді. Солардың ішінде Қазақстанның үш ғарышкері бар: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Олардың есімдері Қазақстан тарихы бетіне алтын әріптермен жазылды.

Ғарышкерлер даярлау орталы­ғында ұшу дайындығынан өткен Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа аттанды. Жазушы Талғат Сүйінбайдың «Тұңғыш қазақ ғарышкері» атты ғұмырнамалық эссе кітабында:

«Жолдас мемлекеттік комиссия­сының төрағасы! – деді командир дауыстап. – Құрамында Австрия азаматы, ғарышкер-зерттеуші Франц Фибек, Қазақстан азаматы ғарышкер-зерттеуші Тоқтар Әубәкіров бар Халықаралық «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің экипажы ұшуға да­йын. Баян­дап тұрған «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің командирі, Кеңес Одағының Батыры, КСРО ұшқыш ғарышкері Александр Волков!

Кеме командирінің әр сөзін міз бақпай, қалшиып тыңдап тұрған генерал «айтқаныңызды қабылдадым» дегендей, қолын маңдайынан түсірді. Сатыр-сұтыр шапалақ жауып кетті. Өзіміз де солай болады ғой деп күтіп тұрғанбыз. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров еліміздің Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақша рапорт берді.

– Құрметті Президент! Халық­аралық экипаждың мүшесі ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ұшуға дайын!» деп жазылған.

Ал, 1986 жылы 20 ақпанда Жер төңірегіндегі кеңістікке шығарылған халықаралық «Мир» ғылыми-зерттеу кемесіне кейінірек «Квант» ғылыми модулі түйістірілді. Тоқтар Әубәкіров ұшқан ғарыш кемесі «Мир» кемесімен түйісуге тиісті еді. Модульде алыстағы жұлдыздар мен галактикаларды бақылап, зерттеуге арналған қуатты айналы-линзалы телескоп, спектрометр және басқа да күрделі бақылап зерттеу құралдары орналасқан.

Қазіргі уақытта космос кеңістігі жан-жақты зерттелуде, тіпті космонавтика ғылымының араласпайтын бірде-бір зерттеу бағыты жоқ деуге болады. Атап айтқанда, байланыс, ауа райын зерттеу, геодезиялық барлау, Жер шарындағы су қорларын анықтау, үлкен ормандарды өрттен алдын ала сақтандыру және тағы басқалар.

Т.Әубәкіров атмосфераға зиянды қалдықтарды тарататын ауыр өндірістік қалдықтарды суретке түсіріп, онан соң Арал теңізінің құр­ғап қалған жағалауларында түзіл­ген тұз бен құм қабаттарын, олардың жел көтерген борамасының қандай аймақтарға дейін ұшып тарайтынын кемедегі арнайы күрделі бақылап зерттеу құралдарымен мұқият бақылап, құнды ғылыми деректер жинады. Сонымен бірге, Арал теңізі жағалауындағы Арал, Қазалы және тағы да басқа елді мекендердің метеорологиялық жағдайлары, сол өңірдегі ауа температурасының жылдық орташа деңгейі, аэрозольдың концентрациясы мен желдің соғу жылдамдығын дәл білудің мүмкіндігі туды. Ғарышкер бұлармен қатар Кас­пий теңізінің мұнай мен газ қоры бар аумағының спектрозоналық анық суреттерін елге әкелді. Ол мұнай мен газ қорының жаңа ошағын ашуға және мұнай мен газ алынып жатқан аймақтардағы экологиялық дерттерді анығырақ білуге жол ашты.

Бұлардан кейін ғарышкер «Мир» ғылыми кешенінде көптеген ғылыми-техникалық, биотехнологиялық эксперименттер жасады. Ол эксперименттерге Ғарышты зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері «Алтын», «Өнер», «Мақсат», «Батыр», «Алма», «Терминатор» деген аттар қойды. Бағдарлама бойынша ғарыштағы сал­мақ­сыздық жағ­дайындағы био­тех­но­ло­гиялық әдіс­пен бидай, жүгері мен картоптың жаңа сорты алынды. Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығында мол өнім беріп отырған картоп сортына институт ғалымдары «Тоқтардың картобы» деген ат берді. Мұның бәрі де гендік инженерияға қосылған үлкен үлес болады. Тоқтар Әубәкіров, бұлармен қатар, Австрияның ғалым­дары әзір­леген дәрігерлік-биоло­гия­лық және биотехнологиялық ­экспе­рименттер жасауға да белсене атса­лысты. Т.Әубәкіров – Кеңес Ода­ғының  Батыры және Қазақстан Респуб­ли­касының «Халық қаһар­маны» атақ­тарының иегері.

1990 жылы ғарышкерлер құра­­мына еніп, ұшуға даярлайтын орталықта дәрігерлік-биоло­гиялық тексеру мен күрделі жат­тығу сынақтарынан өткен Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевқа 1991 жылы ғарышкер-сынаушы біліктілігі берілді. Ол 1994 жылы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» экипажының борт инженері ретінде ғарыш сапарына аттанды. Талғат «Мир» халықаралық ғарыш кешенінде 127 тәулік бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп, кемеден 2 рет ашық космосқа шығып, жалпы ұзақтығы 11 сағат 06 минут бойы жұмыс жасады.

Талғат Ғарышты зерттеу институты әзірлеген күрделі бағдарла­маларды орындады. Бағдарламада Қазақстан халық шаруашылығына қажетті ғылыми-зерттеулер мен эксперименттер, Қазақстанның бүкіл аумағын суретке және бейне­фильмге түсіру, кристаллография саласында бірқатар техно­ло­гия­лық эксперименттер жүргізу, дәстүрлі астрофизикалық зерттеу жұмыстарын жалғастыру істері белгіленген болатын. Жалпы, Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет аттанып, ғарыш кеңістігінде бір жылға жуық, яғни, 341 күн 9 сағат 41 секунд уақыт болды. Ол Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы және Ресей Федерациясының батыры, «Отан», «Халықтар достығы»,  ІІІ дәрежелі «Отан алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, NASA-ның «Ғарышты игеруге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

2015 жылдың қыркүйек айында Қазақ елінің үшінші азаматы Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты. Ол – Қазақстан атынан Халықаралық эки­паж құрамында ғарышты бағын­дырған тұңғыш ғарышкер-ұшқыш. Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы. Ғарыш әлемінде болған 9 күн 20 сағат 13 минутта Каспий теңізі мен Арал теңізі маңының экологиялық жағдайына байланысты зерттеулер жүргізді.

2006 жылы 18 маусым күні Қазақстанның  тұңғыш  жеке  Жер  серігі – «KazSat» Байқоңыр ғарыш айла­ғынан көкке көтерілді. Бұл ұшыры­лымға Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев пен Ресей Президенті Владимир Путин куәгер болды. Екі мемлекет басшыларының қатысуымен болған бірлескен брифингте Нұрсұлтан Назарбаев: «Ресей әлемнің бірде-бір мемлекетімен нақ осындай жоғары технологиялар саласындағы ынты­мақтастық жөніндегі келісім жасамаған. Бұл әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру бағ­дарламасын жүзеге асырып жат­қан Қазақстанның мүддесіне сай келеді және жоғары технологияларды игеру мәселесімен бірінші кезектегі басым­дыққа шыға­рады» деп атап өтті.

Осылайша Қазақстан ғарышпен байланысы бар жиырма бес елдің қатарына қосылуға тұңғыш қадамын сәтті жасап, ТМД елдеріндегі Ресейден кейінгі жасанды жер серігі бар екінші мемлекетке айналды. 2011 жылдың 16 шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық «KazSat-2» жер серігі аппараты ғарышқа ұшы­рылды. Араға үш жыл салып, 2014 жылдың 28 сәуірі күні «KazSat-3» жер серігі аппараты орбитаға шығарылды.

Ғарышқа жол салған жер серік­теріміз телекоммуникациялық қыз­меттің жаңа түрлерін көрсетумен қатар, еліміздің қорғаныс, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар саласында айтарлықтай маңызды істер тындыруда.

Осылайша, ғарыштық қызмет – қа­зір­дің өзінде экономикамызға ай­тар­­­лықтай үлес қосып отырған, келе­шегі зор қызмет түрі. Қазіргі уақытта ғылым мен техниканың жетіс­тік­терінің арқасында аспан әлемінен күнделікті хабар алып, оны еліміздің өркендеуіне және дамуына пайдаланудамыз.

Бауыржан Елеусінов,

Нұртаза Абдрахманов,

ғалым-ұстаздар

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<