«Грэмми» сыйлығы туралы не білеміз?

2021

0

Осыдан біршама уақыт бұрын қазақ баласы әлемдік «Грэмми» сыйлығынан үміткерлер қатарына  енгенде бір көтеріліп басылған ақпараттық бумнан кейін біздің қоғам үш-төрт күн бұрынғы жаңалықты асқан қуанышпен қабылдады. «Америкалық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы ұйымдастыратын «Грэмми» сыйлығының «Best Remixed Recording» номинациясын «Roses (Imanbek Remix)» трегі бойынша павлодарлық Иманбек Зейкенов жеңіп алды» деген хабар жарық көрген соң бұл сыйлықтың тарихы мен оны иеленген адамдар туралы іздей бастадық. «Грэммидің» атын естіп, оның кинодағы «Оскармен» терезесі тең екенін білгенімізбен, аса қызығушылық танытқан емеспіз. Тек отандасымыздың табысынан соң ғаламторды шарладық.

Сыйлықтың түп негізі голливудтық «Даңк аллея­сы» жобасында жатыр. 1957 жылы музыка индус­триясының көшбасшылары артистерді тек танымалдығына ғана емес, шығармашылық жетістіктеріне қарай марапаттау үшін ойлап тапқан. Идеяны іске асыру үшін рекорд компаниялар арнайы  Дыбыс жазу өнері және ғылымы ұлттық академиясын құрды. Сыйлықтың атына қатысты талқылауларда оны фонографты ойлап тапқан Томас Эдисонның құрметіне «Эдди» деп атау ұсынылды. Бірақ мұны Эдди Фишермен шатастырып алу мүмкін еді. Ақырында «Грэмми» деген атау Эмиль Берлинердің граммофонды ойлап табуына орайлас­тырылды. БАҚ-тағы қызу талқыдан кейін осы атау таңдалды. Лауреаттарға ал­тын жалатылған граммо­фон пішіндес статуэтка сый­лау туралы шешім қабыл­данды. 

«Грэммидің» алғашқы номинанттары 1959 жылдың 16 наурызында жария­ланды. Сол жылы 4 мамыр­да салтанатты рәсім өтті. Басты номинацияларды Генри Манчини, Доменико Модуньо алды. 1971 жылдан бастап жеңімпаздарды марапаттау салтанатын АВС телекомпаниясының тікелей эфирінде көрсете бастады. 2010 жылдан бері әлемнің 170 еліне таратылады. Музыка жүлдесінің ережесі бірнеше рет өзгеріп, толықтырылған. Бүгінде 30 жанр бойынша 84 категория бекітілген.

«Грэмми» – кез келген музыканттың қолы жете бермейтін арман. Оның иесі болу – музыка әлеміндегі ең жоғары деңгейге жеткеннің белгісі. Әлемге әйгілі Фрэнк Синатра, ­Стиви Уандер, Майкл Джексон, Эрик Клэптон, ­Бейонсе, Леди Гага, Стинг, Элвис Пресли, Джон Леннон, Тина Тернер, Джордж Бенсон, Би Би Кинг, Боб Дилан, Уитни Хьюстон, Мадонна, Рианна сияқты музыканттарға, The Beatles, The Rolling Stones сияқты топтарға бұйырған. Сыйлықтың өз рекордтары да бар. Мәселен, дирижер Георг Шолти 31 рет, «U2» тобы 22 рет, Майкл Джексон 13 рет алған. Билл Клинтон, Михаил Горбачев, Софи Лоренге балаларға арналған альбомды дыбыс­тағаны үшін беріліпті.

Жеңімпаздарға бе­ріле­тін қаржылай сыйлықтың көлемі  туралы да біраз іздендік. Алтын статуэтка! Бітті! Бірақ салтанатты рәсімде жеңімпаз атанған соң артистің қаламақысы космостық жылдамдықпен ұшады. Forbes есептеулеріне қарағанда, номинанттар концерт билетін сатудың өзінен бұрынғыға қарағанда 55 процент көп пайда табады.  Қарапайым математикаға сүйенсек, Бруно Марстің бірінші «Грэммиіне» дейінгі табысы  130 мың АҚШ доллары болса, жеңісінен кейін 202 мыңға өскен. Ал Тейлор Свифттің пайдасы 380 процентке, яғни 125 мың доллардан 600 мыңға шарықтаған.  

Енді Иманбек Зейкенов туралы айтсақ, ол – 2000 жылы туған, Павлодар облысының тұрғыны. Saint Jhn-ның «Roses» әніне ре­мик­с жасап, танылды. Алғашқы гитарасын
8 жасында әке­сі сыйлапты. Жо­ғары электроника және ком­му­­никациялар кол­леджінде оқып, Ақсу те­міржол стансасында жұ­мыс істеген. Ремикспен 17 жасынан бастап шұғылданады.  Музыкалық білімі жоқ, бірақ әуенді жан-жүрегімен сезінеді. «Қазақстанның 100 жаңа есі­мі» мемлекеттік жобасының же­ңім­па­зы атанып, 24 062 дауыспен «Мәдениет» аталымында бірінші орын­ға ие болған.

Ремикс – му­зы­калық шы­ғарманың қазір­гі заманғы тех­ни­ка­лармен қай­­­­та өңделген нұсқасы. Иман­­­бекке жүлде әкелген «Roses» деген хитті ­Сэйнт Джон (SAINt JHN) 2016 жылы жазған. YouTube-тағы отан­дасымыз жасаған ре­микстің қаралымы 146 млн болып, түпнұсқаның 50 млн-дық көрсеткішінен үш есе артық көрілім жинаған.

Бұл күндері «Грэмми» иегерін Мемлекет басшысынан бастап барша қазақстандықтар құттықтауда. Жеңімпаздарды таңдау биыл онлайн түрде өтті. «Музыкант мансабындағы ең биік жүлде – «Грэммиді» жеңіп алдық, біздің қолымыздан келді» деп жазды И.Зейкенов жеке парақшасында. Қазақтың бір баласының әлемдік додадан үздік шығуы сөз жоқ, қуаныш. Ұзағынан болғай!

М.МЕРЕЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<