Індеттен сақтанайық!

817

0

Жыл басынан бері 5068 науқастан коронавирус инфекциясы анықталған.

Әсіресе, індет шілде айынан бері қайта өршіп тұр. 1-20 шілде аралығында коронавирус инфекциясымен – 382, пневмониямен – 8 жағдай тіркеліп отыр. Өткен тәулікте 40 жағдай тіркелді. Анықталған 40 жағдайдың 5-еуі (12,5%) инфекциялық стационарда, 30-ы (87,5%) үй жағдайында бақылануда. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

– Қазіргі таңда облыс бойынша 205 төсек-орындық инфекциялық стационарда  – 64 науқас ем қабылдап (КВИ – 60, пневмония – 4) жатыр. Амбулаториялық жағдайда 290 науқас бақылануда. Реанимациялық төсек-орында 5 науқас ем қабылдауда. Облыста ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті тұрғындардың 95%-і I-ші компонентімен, 94,6%-і II-ші компонентімен вакциналанды. Сонымен қатар, 2021 жылдың 22 қарашасынан ревакцинация жұмыстары басталып, қазірге 231 773 тұрғын қайта екпе алды. Осы ретте індеттен айығудың жалғыз жолы – сақтық шараларын қатаң сақтау, – деді Ж.Шаймбетов.

Коронавирус инфекциясы ересек адамдармен қатар жүкті әйелдер, балалар арасында да таралуда. Бірақ, өткен жылмен салыстырғанда аса ауыр дәрежедегі түріне шалдығу дерегі жоқ.

– Сондай-ақ, вакцина алған пациенттер мен вакцина қабылдамаған науқастардың дертке шалдығу дәрежесінде айырмашылық бар. Мұны вакциналау жұмыстары оң нәтижесін беріп отыр деп қабылдап отырмыз, –  деді ендігі кезекте облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Қарабұзауқызы.

Брифинг соңында басқарма басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов қызылордалықтарға індеттен сақтану туралы үндеу жариялады.

«Әлемді жайлаған індетті жұқтыру, таралу қаупін сейілтуді тек – екпе салдыру, сақтық шараларын сақтау арқылы ғана төмендете аламыз! Сол себепті барша халықты коронавирус инфекциясынан қорғану үшін сақтық шараларын сақтауға, екпе салдыруға шақырамын!

Осылайша індетті түбегейлі жеңе аламыз!» делінген үндеуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<