Электр энергиясы: тариф көтеріледі

1079

0

Электр энергиясы үшін төлеп келген тариф құны алдағы уақытта көтерілетін болады. Бұл туралы «ҚЭТТК» АҚ ғимаратында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша  департамент басшысы Гүлмира Өтегенованың төрағалық етуімен өткен қоғамдық жария тыңдау кезінде белгілі болды.

Департамент басшысы Кәсіпкерлік кодексінің 124-бабына және ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығына, қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына сәйкес алдағы уақытта реттелетін қызмет бағаларының көтерілетіні туралы хабарламаны қарау кезінде жария тыңдау өткізу міндетті екенін атап өтті. Соған орай, «Энергосервис» ЕЖШС директоры Еркебұлан Есенбаев арнайы хабарлама жасады. Жария тыңдауға депутаттар, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және тұтынушылар қатысты.

Компания басшысы электр энергиясы тарифтері өзгеруінің басты себебін атап көрсетті. ҚР Энергетика министрінің биылғы жылғы маусым айындағы бұйрығына сәйкес, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздегі энергия өндіруші станциялардағы электр энергиясының құны 3%-тен 5%-ке дейін, «КЕГОК» АҚ-ның электр энергиясының тасымалдау тарифі 14%-ке және жабдықтаушы үстемеақы мөлшерінің 1кВт сағатқа 0,52 теңгеден 1,11 теңгеге артып отыр. Мәселен, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК өндіретін электр энергиясының құны ҚҚС-сыз 1 кВт сағаты 12,54 теңгеден 13,15 теңгеге немесе 5%-ке өзгерген.

Ал негізінде пайдаланып отырған электр энергиясының 70-80%-і сырттан тасымалданады. Атап айтқанда, электр қуаты Екібастұз ГРЭС-нен, Мойнақ ГЭС-нен және Жамбыл ГРЭС-нен сатып алынады. Еншілес серіктестіктің жалпы тұтынушылары пайдаланатын электр энергиясының жылдық көлемі 397,3 млн кВт сағатты құрайды. Оның 56%-ін жеке тұлғалар пайдаланса, 34%-ін түрлі заңды тұлғалар қамтып отыр. Ал бюджеттік мекемелер үлесі 10%-тен аспайды. 87 мыңнан астам тұтынушыға қызмет көрсету, аралап тексеру, жөндеу жұмыстарын жүргізу, хабарламалар мен ескертулер жасаудың өзі өте үлкен шығындарды талап етеді. Жұмыс күші жете бермейді. «Энергосервис» ЕЖШС көрсететін қызмет аумағы өте ауқымды. Оған Қызылорда қаласы, Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Талсуат, Абай, Махамбет, Ақжарма, Қарауылтөбе, Қараөзек, Қоғалыкөл, Бесарық және Белкөл елді мекендері кіреді. Соңғы кезеңдері Сырдарияның сол жағалауы мен облыс орталығындағы саяжай аймақтары есебінен қызмет көрсету аумағы ұлғайып отыр.

2014 жылы департамент бекітіп берген тарифке сай серіктестікте адам саны 89 болуы тиіс деп белгіленген. Одан бергі кезеңде  қызмет көрсету аумағы артып, тұтынушылар саны едәуір өскен.  Қазіргі ауқымда жұмыс атқару үшін нормативке сай 205 адам жұмыс атқаруы тиіс. Адам санын арттырайын десе, оған әр кВт сағаттан жалақыға бөлінуі тиіс үлесі 0,52 тиын ғана. Бұл 2014 жылы бекітілген нормативтегі 89 адам штатына ғана жетеді. Сондықтан оның көлемін 1 теңгеге дейін көтеру уақыт талабы болып отыр.

Е.Есенбаевтың атап өткеніндей, жалпы шығынның 52,4%-і электр энергиясын сатып алуға, 35,5%-і электр  энергиясын тасымалдауға жұмсалса,  жабдықтау шығындарының үлесі – 5,6%.  Жабдықтау шығындары ішіндегі жалақыға жұмсалатын бөлігі жоғарыда атап өткендей, аз болып отыр.

Осыған байланысты «Энергосервис» ЕЖШС электр энергиясымен жабдықтау қызметі бағасын алдағы уақытта көтеретіні туралы ұсыныс беруде.  Ұсынысқа сәйкес, электр энергиясымен жабдықтау қызметінің жобалық орташа босату бағасы ҚҚС-мен 1 кВт сағаты 22,15 теңгені құрайды немесе 10,3%-ке өзгереді. Ал бүгінгі күні тұтынушылар төлеп отырған орташа тариф көлемі ҚҚС есептемегенде 17,93 теңге.

Жария тыңдау кезінде Қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев пен қалалық мәслихат депутаты Талғат Телеубаев бүгінде қолданылып отырған тарифті өзгертіп, баршаға бірдей тариф бекітілген тиімді болар еді деген ойларын жеткізді. 

Хабарлама тыңдалып, сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстар айтылғаннан кейін Г.Өтегенова бағалардың өзгеруін негіздеуге ұсынылған құжаттарға тыңғылықты сараптама жүргізілетінін айтты. Сонымен бірге тұрғындар үшін тариф жүктемесін азайтуға барлық шаралар қабылданатынын атап өтті.

Жария тыңдауда айтылған ескертпелер мен  ұсыныстарды ескере отырып, департамент қазан айының 12-сі күні шешім қабылдайтын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<