Электр желілерін қайта жаңғырту мәселелері қаралды

364

0

Бүгін партияның облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңес отырысы өтті. Жиынға облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов қатысты. Ол өз сөзінде кеңестер партияның негізгі диалог алаңдары екенін атап өтіп, аманаттықтардың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерді жеткізді. Сонымен қатар кеңестер аймақтың жол картасының орындалуына бақылау жасап отыру керектігін жеткізді.

Басқосуда Кеңес құрамына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар Жол картада көрсетілген электрмен жабдықтау іс-шараларының іске асырылу барысы қаралып, Кеңестің жұмыс жоспары талқыланып, жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныстар ортаға салынды.

Бүгінгі күні өңірде электрмен және жылумен жабдықтау желілерінің тозуы жоғары. Осыған байланысты алдағы 5 жылда электр желілерін қайта жаңғырту бойынша 3 жоба жүзеге асырылады. Олар Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электр желілік жүйені жаңғырту, Сырдария ауданы, Шаған ауылдық округінің тұрғын аймақтарын электрмен қамту, және Шиелі кентінде 220/35/10 кВ «Шиелі» ҚС қайта жаңғырту» жобалары. Бұл жұмыстардың нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 69%-дан 65%-ға дейін төмендетіледі.

Аймақтық Жол картасының 2,4 бөлігі, 63 тармағында 918.17 км электр желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күні 100,7 км желі жөндеуден өткізілді. Осы бағытта атқарылған жұмыстар барысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Олжас Исмалаев хабарлама жасады.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша электр жүйелерінің тозу деңгейін 30 пайызға төмендету үшін 153 млрд.теңге қаржы қажет. Бұл ауқымды қаражат болғандықтан, облыстық бюджет есебінен былтыр 548 млн.теңге бөлініп, «КРЭК» АҚ-ның жарғылық капиталы ұлғайтылған. Қызылорда қаласының 35/10 кВ-лық «Силикатная», «Промышленная» және «Комсомол» қосалқы станцияларындағы күштік трансформаторлар ауыстырылған.Сонымен қатар, жыл басында облыстағы жөндеуді қажет ететін электрмен қамту нысандары анықталып, жаңғырту-жөндеу, ауыстыру жоспары жасалған. Оның бірінші кезеңіне облыстық бюджеттен 1,6 млрд.теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға кернеулігі 10/0,4 кВ 35 қосалқы станция ауыстырылып, 27 дана кірпіштен жасалған ескі күштік трансформатор күрделі жөнделген және 32 шақырым желі ауыстырылмақ.

– Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ тарапынан 738 км электр желілерінің бағаналарын күрделі жөндеу, 355 км электр желілерінің бағаналарына ағымдағы жөндеу, 55 дана әр түрлі кернеулі қосалқы стансаларға күрделі жөндеу, 44 дана қосалқы стансаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланды. Бүгінгі күнге жұмыстарының 34 пайызы орындалып отыр, – деді Олжас Исмалаев.

Отырыста Кеңес мүшелері тарапынан түрлі ұсыныстар ортаға салынып, хаттамаға енгізілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<