Кеселмен күрестің кешенді шаралары

267

0

Кеселді жұқтырған алғашқы пациент анықталғалы бері 5 ай ел үшін сынақ кезеңіне айналғаны  рас. Вирусты жұқтырғандар қатары аз емес. Осыған байланысты алдын алу шаралары күшейтілуде. Инфекциядан сақтану мен оны тоқтату жолындағы қарекет жаман емес. Облыс көлемінде де COVID-19 індетімен күреске бағытталған бірқатар шара жүзеге асып жатыр.

Бүгінде инфекция жұқтырған және оған күдікті науқастарға  2390 төсек орын ұйымдастырылған. Оның 600-і инфекциялық, 1790-ы провизорлық төсек орындар. Алдағы уақытта қосымша провизорлық төсек орындарын ашу жоспарда бар. Бұл ретте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазіргі таңда облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында қосымша 120 орынға инфекциялық және Шалқия елді мекенінде 30 орындық провизорлық стационар ашу жұмыстары жүзеге асырылды. Егер қажеттілік туындаған жағдайда жеке клиникаларды да пайдалануға келісім бар» деген болатын. Сонымен қатар облыс басшылығы «Үйдегі стационар» принципімен жұмыс күшейтілетінін хабарлады, қазір бұл бағытта жұмыс істейтін 7 бригада 21-ге көбейтілген. Өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі баллондарының жетіспеушілігін шешу бағытында да тиісті жұмыстар қолға алынды.

Жедел жәрдем қызметінен бөлек, емханалар жанынан құрылған мобильдік топтардың тұрғындарға көмек көрсетіп жатқанынан ел хабардар. Дер кезінде дұрыс медициналық көмек көрсету мақсатында мамандар үйде емделіп жатқан сырқаттарды дәрігерлік бақылауға алған. Қазір облыс бойынша 125 мобильдік топ ұйымдастырылды. Олардың 33-і қалада, 28-і аудан орталықтарында және 64-і елді мекендерде.

Құрамына 1 дәрігер, 1 орта буын қызметкері және 1 жүргізуші кіреді. Мамандардың айтуынша, шақыртулардың басым бөлігі салқын тию, дене қызуының көтерілуі, құрғақ жөтелге байланысты. Олар пациенттің үйіне барысымен дене қызуын өлшеп, тамағын қарап, өкпесін тыңдайды.

 Егер науқастың жағдайы ауыр болса, кезекші ауруханаға тасымалдайды. Осындай мобильдік топтар Қызылорда қаласындағы №1 емхана жанынан да қызметін жүргізе бастады.

– Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің талабы бойынша шілде айының алғашқы күндерінен емханалар жанындағы күндізгі станционар бөлімдері жабылды. Нәтижесінде мобильдік топтардың қызметін пайдалана отырып, үйде ем алып жатқан науқастардың денсаулығын түзеуге назар аударып отырмыз. Біздің емханада осы мақсатта бес топ жасақталған. Дәрігерлер халықтың сұранысына сай қызмет атқарып келеді. Қазір әр бригадаға тәулігіне 30-35 шақырту түседі, – дейді емхананың бас дәрігері Рахима Сералиева.

Шақыруларды қабылдайтын операторлар да тұрғындардың қоңырауын жауапсыз қалдырмай, дереу тіркеп, дәрігерге хабарлауға асығатынын айтады. Осындай қарбалас уақыт, күрделі кезеңде мобильдік топ дәрігерлерінің әр минуты маңызды, өйткені ол адам өмірімен байланысты. Тек біздің қазіргі міндетіміз әрі осы ақ халатты абзал жандарға деген көмегіміз – сақтық шараларын қаперден шығармай, жауаптылық таныту.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз