Көктемгі дала жұмыстарының дайындығы пысықталды

252

0

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы мәжіліс өтті.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан басшысы:

«Былтырғы жылы аудан бойынша барлығы 17 377 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Су тапшылығы мен қолайсыз ауа-райына қарамастан, шаруалар мен тиісті мекеме мамандарының етене атқарған тынымсыз еңбегінің нәтижесінде, астық өндірісінің көлемі 2022 жылмен салыстырғанда біршама өсті.
Биыл ауданда 17 377 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда» – деді.

Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков сөз алып, биылғы егін егу жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндап өтті.

Басқосуда Мұхтар Әуесұлы соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі қалыптасқан су тапшылығына байланысты, вегетациялық кезеңде қиындықтар туындағаны туралы қозғады. Сондай-ақ, су тапшылығы кезінде су шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері қабылдаған шешімдерінің арқасында аталған қиындықтарды өткергенін тілге тиек етті.

Ал осы жылдағы егін егу жұмыстарын суармалы сумен қамтамасыз ету дайындығына «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің директоры Нұрлан Ерғалиұлы тоқталды.

Күн тәртібінде қаралған мәселелердің маңызды екенін айтқан аудан басшысы әлі де болса түйткілдердің бар екенін жасырмады. Яғни, егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін әліде болса дайындықты пысықтап, көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзім ішінде жүргізуді қамтамасыз ету үшін қолда бар техникаларды толық жұмылдырып, пайдалану қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар, барлық су нысандарын толық дайындыққа келтіріп, су жолдарын тазалау, егіске қажетті тұқымдық материалдар, қажетті қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар, гербицидтер және дизель отынымен дер кезінде қамтамасыз етуді де басты назарда ұстау керектігін айтып өтті. Мәжіліс соңында аталған мәселелерге қатысты жауапты сала басшыларына тапсырма жүктеді.

Қазалы ауданы әкімінің

баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<