Көлік кептелісі туралы не білеміз?

1085

0

Жақында бір жаңалыққа ішім жылып қалды. Ол – Қызылорда қаласындағы Жанқожа батыр көшесі келіп тірелетін ескі теміржол өткелінде автокөліктер өтуге арналған жаңа өткел салынатыны туралы хабар. Облыстық мәслихаттың  қыркүйек айында өткен кезектен тыс 19-сессиясында депутаттар осы теміржол асты өткелін салу үшін жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы бөлуді қолдап дауыс беріпті. Өте дұрыс шешім!

Біздегі жағдай қандай?

Бұл жаңалыққа облыс орталығының барлық тұрғындары да қуанары сөзсіз. Өйткені, кейінгі жылдары халықтың аузында «тесік көпір» аталып кеткен өткелде көлік кептелісі күнделікті болып жатыр. Таңертең жұмысқа шыққан тұрғындар, окуына асыққан студенттер мен оқушылар оның азабын шегуде. Кешкілік уақытта да сол көрініс. Кептелісте кемінде жартты сағаттай уақытын жоғалтып  жатады. Ал  қар жауып, көктайғақ болып жатса немесе бағдаршам  жұмыс істемей қалған жағдайда бұл маңайда кептелістің көкесін көресіз, ол кезде  ұзақтау тұрасыз. Мұндай жағдай өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көліктері, басқа арнаулы қызметтер үшін  өте қиын.

Жалпы қала орталығынан  теміржолдың арғы бетіне  өтуге арналған екі-ақ жол бар. Оның бірі Қорқыт ата көшесіндегі өткел болса, екіншісі – Гагарин ауданындағы көпір. Жыл өткен сайын осы екі өткелде көлік қозғалысының тығыздығы артып келеді. Оның басты себебі – көлік санының көбеюі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2022 жылдың  1 қыркүйегіне Қазақстанда барлық тіркелген көлік саны 4,4 млн-ға жуықтаған. Оның ішінде 87,7%-ы жеңіл автомобиль, 10,4%-ы жүк көліктері және 1,9%-ы автобустар. Елімізде азаматтар меншігіндегі жеңіл автокөлік саны 3,7 млн. Жеңіл автокөліктер саны жөнінен Алматы облысы (465,7 мың), Алматы қаласы (460,3 мың) және Шығыс Қазақстан облысы (275,9 мың) алғашқы үштікті құраған. Есептеулер бойынша елімізде әрбір 100 тұрғынға  20 жеңіл автокөліктен келеді екен. Дүние жүзінде қалыптасқан есептеуге сәйкестіретін болсақ, онда мың адамға 200 жеңіл автокөліктен тиеді. Бірақ аймақтар бойынша бұл көрсеткіш өзгеріске ұшырайды.  Алматы қаласында жүз адамға 25, Солтүстік Қазақстанда 24 көліктен келсе, Алматы облысы мен Астана қаласында бұл көрсеткіш  23,9-ды құрайды. Ең төменгі көрсеткіш Шымкент қаласы мен Түркістан облысының еншісінде. Онда әрбір жүз адамға 11,4 автокөліктен келеді. Біздің облыс пен көршіміз Ақтөбе облысы көрсеткіші де орташадан төмен. Бізде жүз адамға 14,1, Ақтөбе облысында 16,6 автокөліктен бұйырған. Ал жалпы алғанда орташа есеппен әрбір бесінші қазақстандықтың көлігі бар болып шығады.

Бұл әлем елдеріндегі көрсеткіштермен салыстырғанда көп емес. Әйтсе де қазақстандық қалаларда да көлік кептелістері пайда болып келеді. Басқа облыс орталықтарымен салыстырғанда Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бұл проблема басымырақ. Әр қалада оны азайту бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Осындайда Алматы қаласында Иманғали Тасмағанбетов әкім болып тұрған уақыт еске түседі. Ол сол кезде көлік нөпірін бәсеңдетуге септігін тигізетін бірнеше жолайрық салдыртты. Қазіргі күні Алматыдағы  көлік кептелісі айтарлықтай ауқымды. Бірақ кезінде сол жолайрықтар жасалмаса жағдай тіпті мүшкіл болар еді.

Біздің қаламызда кезінде Жібек жолы, Астана даңғылдары, Қорқыт ата, Әл Фараби, Торайғыров секілді көлік ағыны жоғары көшелер қайта жаңғыртылып, кеңейтілді. Дария бойында айналма жол салынды. Бұл жұмыстардың жүзеге асырылуы қала орталығында кептелістердің болмауына әжептәуір септігін тигізгенін айта кеткен жөн. Бірақ теміржолдың арғы бетіне өту мәселесі уақыт өткен сайын күрделене беретіні анық. Осындай кезеңде жаңа өткел салу туралы шешім қабылданғаны игілікті іс. Ол жүзеге асқанның өзінде проблеманы толық шешіп тастамайтыны белгілі. Бірақ көлік кептелісін сәл де болса азайтатыны анық.

Әлем елдеріндегі ахуал қандай?

Жалпы көлік кептелісі мәселесі әлем қалалары үшін басауыртарлық проблемаға айналғанына көп жылдың жүзі болды. Біздегі жарты сағат, әрі кетсе бір сағат кептелісте тұру шетелдіктер үшін күлкілі болуы да мүмкін. Бір рет теледидардан Стамбулдағы такси жүргізушісінің кептелісте жеті сағаттай тұрып қалғанын  естігенімізде «ойпырым-ай?!» деп басымызды шайқағанымыз рас. Оның басты себебі – көліктің шамадан тыс көптігі.

Әлем елдері арасында көлік саны бойынша АҚШ алғашқы орындарда. Онда мың адамға 800-ден аса көліктен келеді екен. Еуропа елдері арасында лидерлер – Италия мен Люксембург, мың адамға 600-ден аса көлік тиесілі. Одан кейін тұрған Кипр мен Мальтада сәйкесінше 580 автокөліктен келеді. Негізінде Еуропа елдерінің басым бөлігінде бұл көрсеткіш 500 автомобильден әлдеқашан асып кеткен. Оны экономиканың дамуымен байланыстыруға болар. Әйтсе де, өте дамып кеткен Нидерланды, Швеция, Дания секілді мемлекеттерде бұл көрсеткіш 460-380 аралығында. Мұны әдетте бұл елдерде экологияға деген жанашырлықпен, тұрғындардың велосипедті көп пайдаланытынымен және автокөлік үшін көп салық төлейтінімен түсіндіреді.

Ал енді мегаполистерде көлік кептелісін азайту бағытында не жасалып жатыр екен, соған тоқталып кетелік. Бірқатар мегаполистің орталық аудандарына сағат 7:00-18:30  аралығында кіруді ақылы етіп қойған. Арнаулы қызметтерден басқа көліктер үшін белгілі бір тариф бекітілген. Бұл бір жағынан қала орталығындағы көлік санын азайтса, екінші жағынан қазынаға қосымша қаржы түсіреді. Ал сол орталық аудан тұрғындары  тарифтің  10%-ын   ғана  төлейді. Бұл негізінен Лондон мен Рим қалалары тәжірибесі. Осы тәсіл проблеманы толықтай шешпегенімен өз тиімділігін берген.

Сондай-ақ үлкен қалаларда автокөлік нөмірі тақ санмен  аяқталатындар үшін бір күн, жұп санмен аяқталатын нөмірлер үшін келесі күні жүру тәртібі  белгіленген. Мұндай тәсіл Афина мен Пекин қалаларынан бастау алған.  Сол секілді бірнеше қабаттық  жолайрықтар, жол  эстакадаларын салып, проблеманы жеңілдетуге тырысады. Мұндай бірнеше қабатты жол құрылыстары Жапония мен АҚШ-тың қалаларында жиірек кездеседі. Онда транзиттік көліктер ең жоғары қабаттағы жолдармен жүріп қаладан шығып кетеді.

Сингапурдің автомобиль кептелісіне қатысты 1990 жылдан бері қолданып келе жатқан жүйесін ең тиімді тәсіл ретінде атайды, бірақ  басқалар оны енгізуге соншалықты мүдделі емес. Өте антидемократиялық, тоталитарлық шара деп есептейді. Мұнда біріншіден, елде сатылатын көлік санын шектеп қойған. Сатып алған көлігін тіркеу үшін көлік бағасынан бір жарым есе көп қаржы жұмсауға тиіс. Осылайша тұрғындарының басым көпшілігі үшін автомобиль қолжетімсіз. Сингапур билігі есесіне қоғамдық көлік жұмысын жақсы реттеп қойыпты. Ондағы метрополитен мен автобустар қызметі мінсіз. Автокөлігі жоқ тұрғындар мен қала қонақтары үшін арзан такси қызметі дайын. Қазіргі күні Сингапурда жеті компанияның 23500 таксиі тұрғындарға бірдей тариф қызметін ұсынады.

Ал көлік қозғалысының аса тығыздығы жөнінен бірінші орынды Пекин қаласы иемденеді екен. Қытай елі астанасындағы көлік қозғалысы проблемасын автомагистральдардың көптігі де, қала сыртындағы  алты айналма жол да, мемлекет тарапынан енгізіліп жатқан түрлі шектеулер де шеше алмауда.

Екінші орын Ресей астанасы Мәскеу қаласының еншісінде. Мұнда мыңдаған көліктің кептелісте болуы күнделікті үйреншікті жайтқа айналып кеткен. Жүргізушілер әдетте баратын жеріне үлгеру үшін бірнеше сағат бұрын шығады.

Бұл тізімдегі үшінші орында Мексиканың астанасы Мехико қаласы орналасқан. Мұнда ескі, тар көшелер  көлік қозғалысы үшін бірінші қиындық болса, екінші қиындық – мемлекет саясатына қарсы жиі ұйымдастырылатын  түрлі акциялар мен митингілер.

Көлік кептелісіне қатысты тағы бір рейтинг бар. Онда жүргізушілердің бір жылда кептелісте тұратын орташа уақыты көрсетіледі. Бұл бойынша бірінші орында Манчестер қаласы тұр. Ондағы көрсеткіш 72 сағатты құрайды. Екінші орында 70 сағаттық уақытпен Париж қаласы орналасқан. Әрі қарай 57 және 54 сағат көрсеткіштерді иемдеген Кельн мен Лондон қаласы келеді. Ал жоғарыдағы тізімде екінші орында болған Мәскеуде жүргізушілер  40 сағаттай уақытын жоғалтады екен.

Рекордтық көрсеткіштер тіркелген

Әлемде рекордтық көрсеткіштерге ие автомобиль кептелістері тіркелген. Оның алғашқысы 1969 жылы Вашингтонда болды. Оған жастарға да, үлкен кісілерге де ұнайтын  «Вудсток» деп аталатын рок фестивальдің ұйымдастырылуы себеп болған. Соған байланысты бес жүз мыңдай автомобиль тұрған кезек 32 шақырымға созылды.

2005 жылы Техас штатында қатты дауыл келе жатқаны туралы ескертуге байланысты қала тұрғындары көліктеріне отырып, тезірек қаладан шығып кетуге тырысты. Бірақ солардың барлығы дерлік қырық бесінші магистральді ең тиімді жол деп есептепті. Нәтижесінде көптеген жол апаты болып көлік иелері 160 шақырымдық кептелісте қалды.

1980 жылы Лион мен Париж арасын жалғастыратын жолдағы көлік кептелісі ХХ ғасырдағы ең үлкен көлік кептелісі ретінде Гиннестер кітабына енгізілген. Альпідегі мейрамнан қайтқан тұрғындар қалың тұманға кезігіп, соның салдарынан 175 шақырымға созылған көлік кептелісі пайда болды. Онда шамамен бес миллион автомобиль тұрған.

Ал көлік саны бойынша ең үлкен кептеліс 1990 жылы Берлин қабырғасы құлап, екі Германия біріккен уақытта тіркелген. Жақсы жаңалыққа қуанған Батыс Германия халқы сол уақытқа тура келген Пасха мерекесін талай жылдан бері көрмеген достарымен, туыстарымен бірге өткізуге  асығып шығысқа ағылды. Ал шығыстағылар керісінше батысқа бет алды.  Ақыр соңында магистраль қиылысынан басталған өте үлкен кептеліс пайда болды. Сол кезеңде кептелісте 18 миллион автокөлік шоғырланып қалғаны айтылады.

 Ал  2008 жылы Сан-Паулу қаласында тарихтағы ең ұзын көлік кептелісі тіркелді. Оның ұзындығы 292 шақырымға созылған. Бұл абсолюттік әлемдік рекорд саналады. 2010 жылғы Қытайдағы кептеліс ең ұзақтығымен ерекшеленді. Ол он бір күнге созылды. Онда болған жүргізушілер жүйкесіне өте ауыр салмақ түсті. Өйткені, көлік ішінде ұйықтап, сол жерде тамақтануға тура келген еді. Осыны пайдаланған көше саудагерлері жүргізушілерге тамақты көтеріңкі бағамен сатты.

Иә, кептелістер ірі мегаполистер үшін бірінші нөмірлі проблемаға айналған.  Жыл өткен сайын көлік саны көбейеді, демек көлік кептелісі арта бермек. Оның пайда болатын себептері де жетерлік. Таңғы және кешкі қарбалас кезеңде көлік нөпірі шамадан тыс артып, кептеліске алып келеді. Жол-көлік оқиғасы немесе бағдаршамның жұмыс істемей қалуының кептелістің пайда болуына тікелей әсері бар. Ауа райының күрт өзгеруі де –  кезекті себептердің бірі.

Үлкен қалаларда кептеліске қалған жүргізушілерге арналған нұсқаулықтар да шығарылған. Онда көлік жүргізушісі мен жолаушының уақытты қалай өткізу керектігі туралы ақыл-кеңестер бар. Автомобиль жасайтын өндірістер басшылары мен ондағы мамандар кептелістен қашып құтыла алмайтын заман туғанын әлдеқашан жақсы түсінген. Сондықтан олар көлік салонын кептелісте қалған адамға барынша ыңғайлы  жағдай жасауға тырысып келеді.

Айта берсе көлік кептелісінің жыры таусылмайды. Біздің қалалаларымызда алдын алмаса бұл проблема  қарқын ала берері түсінікті. Қала және облыс басшылығы бұл жайды үнемі қаперіне алып, дер кезінде қажетті жұмыстардың орындалуына бастамашы болып отырады деп сенеміз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<