Коронавирус қайта бас көтерді

309

0

Пандемия аяқталып, қалыпты өмірге қайта оралдық деп қуанып жүргенімізде, елде коронавирус қайта бас көтере бастады.  Мәселен, алдыңғы аптамен салыстырғанда  аурудың таралуы 3,6 есеге, яғни 127-ден 457 жағдайға дейін өскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Таратылған мәліметке қарағанда, COVID-19-дың таралуы басқа елдерде де өсіп келеді. Әлемдік статистика деректері бойынша кейінгі 7 күнде індет жұқтыру көрсеткіші 15 процентке, өлім-жітім 3 процентке өскен.

«Кейінгі аптадағы Қазақстандағы індетті жұқтырудың 457 жағдайының 391-і немесе 85 проценті Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі. Жүргізілген талдау кезінде пациенттердің 80 проценті вакцина алмаған, сондай-ақ вакциналаудан кейін 6 айдан астам уақыт өткен адамдар екені анықталды. Бұл деректер вакциналау  инфекциядан қорғанудың және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың жалғыз тиімді қадамы екенін көрсетіп отыр» делінген министрлік мәліметінде.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елдегі коронавирус инфекциясы ахуалы туралы баяндап, науқастар саны көбейсе, маска тағу режиміне қайта оралуымыз мүмкін екенін айтты.

«Әзірге ең маңызды мәселе вакциналау болып отыр, айтарлықтай күрделі жағдай жоқ. Дегенмен, науқастар саны көбейсе, маска тағу режиміне қайта оралуымыз мүмкін. Қазір тәулігіне 100 адамға дейін науқас саны артып келеді, сондықтан мәселе жоқ емес, бар. Карантин талаптарын күшейту мәселесін ведомствоаралық комиссияның отырысында көтереміз. Тек қана маска тағу жөнінде емес, жалпы шаралар туралы» деді ол Мәжіліс кулуарында тілшілерге берген жауабында.

Ал кеше елордада өтіп жатқан Халықаралық нейрохирургия форумының кулуарында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы пікір білдірді деп хабарлайды Egemen.kz.

«Дәл бүгінде республика бойынша қорқынышты жағдай жоқ – «жасыл» аймақтамыз. Біздің ауруханаларымызда жүздеген адам ем алып жатыр. Аурухана алты-ақ процентке толы. Соның ішінде 4 адамның денсаулық жағдайы нашар деген қорытындымен дәрігерлердің бақылауына алынды» деді министр.

Оның мәліметі бойынша, республика «жасыл» аймақта тұрғандықтан, әзірге маска режимін енгізу күн тәртібінде тұрған жоқ.

«Өздеріңіз білесіздер, елімізде эпидемиологиялық жағдайды бақылайтын матрица бар. Егер өңірлер «жасыл» немесе «қызыл» аймақтарға енсе, тиісті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қолданылады. Қазіргі жағдайда «жасыл» аймақта болғандықтан ондай шаралар жоқ. Ал егер «сары» аймаққа кірген кейбір өңірлерде аурушаңдық көбейіп, қандай да бір қауіп-қатер туындаса, министрлік, санитарлық-эпидемиологиялық дәрігердің тарапынан тиісті шаралар қолданылады. Бүгінгі таңда алаңдауға еш негіз жоқ. Бірақ алдымызды ойлап, қандай да бір шараларды жоспарлап қоямыз» деді А.Ғиният.

Айта кетейік, өткен тәулікте елімізде 189 адамнан коронавирус анықталды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті дерегіне сүйенсек, біздің өңірімізде де ауру тіркелуде. Атап айтқанда, облыс бойынша маусым айынан бері 5 жағдай тіркелген.

– Кейінгі кезде індет жұқтырушылар саны көбейіп келеді. Аймақта эпидахуал бірқалыпты. Дәлірек айтсақ, сәуір айында 3 жағдай анықталса, мамырда 2 науқас тіркелді. Дегенмен сақтық шараларына бейқам қарауға болмайды. Себебі бұл індет жаз мезгілінде қайта белең алатыны байқалып отыр. Сол үшін қайта егу шараларын белсенді түрде жүргізуіміз керек. Жалпы облыс тұрғындарының 95 проценті толық вакциналаудан өткен. Қазіргі кезде 16797 адам қайта ревакциналаудан өтті, – деді департамент басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Әлемдегі эпидахуал да көңіл көншітпей тұр. Мәселен, өткен аптада дүниежүзінде  4,18 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырып, 8,5 мың адам вирустың құрбаны болған. Бұл туралы  Egemen.kz   хабарлады.

ДДҰ кезекті есебінде әлемде инфекция жұқтыру және өлім жағдайларының саны 18%-ке  артқанын мәлімдеді. Ұйымның апта сайынғы бюллетенінде «бір апта ішінде тіркелген аурудың жаңа жағдайларының саны өсті» делінген. Алдыңғы аптамен салыстырғанда жұқтырғандар санының ең көп өсуі Шығыс Жерорта теңізінде (47%), Еуропада (33%) және Оңтүстік-Шығыс Азияда (32%) тіркелді. Бір аптада індет жұқтырғандардың ең көп саны АҚШ-та (701 855), одан кейін Германия (504 655), Бразилия (349 791), Италия (340 012) және Қытайда (333 926) тіркелген.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<