Литвада шырқалған «Ақмаңдайлым»

713

0

Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін Кеңес үкіметі соғыстың ащы сабақтарын қайталамау үшін Балтық жағалауындағы шағын республикалардың орман арасындағы сүйем жеріне Кеңестің қуатты, айбынды қаруларын шоғырландырды.

Негізгі күштер Литва Республикасының Каунас-Клайпеда тас жолы бойындағы орман арасында әскери базаларда көптеп орналасқан еді.

Оңтүстік облыстардан әскерге шақырылған бір состав жігіттердің ішінде отызыншы командаға 60 жігіт Мәскеу әскери гарнизонында қайта жасақталып, Каунас қаласынан отыз шақырым жердегі Клайпеда тасжолының бойындағы әскери жабық қалашық Кармеловаға келіп түстік. Осы жерде менің стратегиялық мақсаттағы ракета құрамасында әскери қызметім басталды.

Әскери қызметтегі еңбегім бағаланып, мені партия қатарына кандидаттыққа қабылдап, бөлім командирі ата-анама «Алғыс хат» жолдап, елге демалып қайтуға он күн демалыс берген болатын. Сол жылдың тамыз айында елге келсем, өнерсүйер қауымды былай қойғанда, бүкіл елдің аузында Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым» әні шырқалуда екен. Тез үйреніп, Сыр бойының төрт-бес қауынымен қоса Литва жеріне сол әнді ала кеттім. Туған жерден алыста жүрген қазақ жігіттері демалыс күні орманға жиналып, елден келген дәмнен ауыз тиіп, кешке дейін өлеңді жаттап, нақышына келтіріп, әліміз келгенше айтып, мауқымызды басқан едік.

Көп кешікпей бұл ән гарнизоннан тысқары қазақ жігіттері әскери қызмет атқаратын Шауляй, Укмерге, Ионнава қалаларынан басқа, тіпті Балтық жағалауындағы жігіттерге де жетті. Біздің бұл әнімізден хабардар болған бөлім командирі, «Ракеташылар маршын» жазған сазгер, полковник А.Горкин бізді жинап, баянмен сүйемелдетті. Арамыздағы әнші, шымкенттік Мұрат Ерметовке орындатып, бөлімнің ән-би ансамблінің репертуарына енгізген болатын.

«Ақмаңдайлым» әні бұлбұл әнші Роза Бағланованың орындауында әнсүйер қауымның қошеметіне ие болып жүр екен. Бөлім командирі әнге риза болғаны сондай, қазақ жігіттерін жинап көркемөнерпаздар ансамбліне қатысып жүргендерге «Қазақтар жауынгер, талантты халықсыңдар. Сіздерде дарынды әнші, өнер шеберлері, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов бар» деп төбемізді көкке жеткізгендей болды. Биыл КСРО және Қазақстанның халық артисі,  Халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толып отыр. Осы бір тарихи жылда өзім куә болған жайды еске алуды жөн көрдім.

Осылайша құдіретті ән Прибалтика әскери округтерінің гарнизондарында шырқалып жүрді. Әлі есімде, сол жылдың күзінде соқырішек болып, Каунастағы әскери госпитальге түскенімде майдангер, әскери дәрігер, соғыстан соң елге оралмай сол жақта қызметте қалған майор, қазақ, шымкенттік азамат (есімін ұмытып қалыппын) сол әнді жазып алып, айтылуын үйренген еді. Роза апайдың әндерін және ол кісі туралы хабарларды көргенде, жастық шағымның қызықты кезеңдері еріксіз еске түседі.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<