Әдетте қыркүйек айында бас режиссердің мәселесі шешілетін. Ал биыл әзірге хабар жоқ. Кім келсе де онымен тіл табысып жұмыс істейтініме сенімдімін. Бұрынғыдай емес, режиссер болатыныма өзім де сене бастағандаймын. Әйтеуір бастық болып, кедергі жасамаса болғаны.
Екі үш жылдан бері сатирик-жазушы Садықбек Адамбековтың шығармасымен таныса бастағанмын. Өзінше жазатын жазушы. Шығармаларынан ащы қалжың, уытты әжуа есіп тұрады. Әдепкіде қарапайым көрінгенімен, үңіле бастасаң әрбір кейіпкері өмірдің өзінен мысқылға лайықты боп дүниеге келетіндей. Мен жазғы демалыстан кейін сол ағамның «Алтын табақтағы жылан» пьесасын дайындауға кіріскем.
Қазан айының ортасында ма Сақтаған Тұрлымұратов ағам: «Хұсейін, Алматыда жиналыс болады екен, соған барып қайтайық» деді. Алматыға келсек, Әшірбек Сығай бар, министрліктің жауапты жігіттері бар, бәрі мені ортаға алып, сенің де тізгінді алатын уақытың келді, бас режиссерлікке директорың ұсыныс жасады, министріміз Еркімбеков Жексембек ағамыз күтіп отыр деп салды.
– Ол қалай болар екен? Әшірбек, сен шынымен мені дайын деп ойлайсың ба? Сақтаған аға, бұл қалай болар екен? Бір, екі, үш жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтасам ба деп ем.
– Сенің осындай дейтініңді білгенмін, сондықтан осында келгенше айтқан жоқ едім, біз енді шешім қабылдап қойдық, облыс басшылары құптап отыр, шегінетін жер жоқ, не де болса басшылықты қолға аласың, министр құп десе болды. Ал тәжірибені жұмыс үстінде жинақтай бересің.
Сонымен, ол кезде Әшірбек Сығай министрдің орынбасары, Сақтаған ағам және министрліктің театр бөлімінің бастығы Қадыр Каримов бар министрдің қабылдауына кірдік.
– Құрметті Еркімбек Жексембекұлы, 1971 жылы өзіңіздің берген жолдамаңызбен театр актері Теміров Хұсейін Москва ГИТИС-інің жанындағы Жоғары режиссерлер курсында оқып келіп, міне үшінші жыл спектакльдер қойып жатыр. Маман Байсеркеновтен кейін екі режиссер келіп, өз елдеріндегі театрларда бас режиссердің орны босап еді, біреуі Қарағандыға, екіншісі Шымкентке ауысып кетті. Теміров болса Қызылорданың өзінен, – деп Сақтаған ағам айта бастап еді.
– Қанша спектакль қойып үлгердің? – деді министр.
– Қазіргі уақытта тоғызыншы спектакльді қою үстіндемін.
– Қалай ойлайсың? Бас режиссерлікке қарымың жете ме?
– Қолымнан келгенше сенімдеріңізді ақтауға бар күшімді саламын, Жексембек аға.
– Қойған спектакльдеріңнің екі-үшеуінің атын аташы.
– Тахауи Ахтанов ағамыздың «Ант» драмасы, Василий Шукшиннің «Өлермендер» комедиясы, Сәкен Жүнісовтің «Қызым, саған айтам» драмасы…
– Несі бар? Жастарға сеніп көрейік. Ал, Тұрлымұратов жолдас, әңгіме былай, ұсыныс жасап отырған өзің, егер де бір жағдай бола қалса осы жігіт үшін өзің жауап беретініңді ұмытпа.
Сосын маған бұрылып, ағалық ақылын айтып, менің бұйрығыма қолын қойды. Сонымен министрдің кабинетінен Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма театрының бас режиссері болып шықтым. Ал ұжым не дер екен?
1974 жылдың 10 қарашасы.
Ұжым түгел жиналған. Жиынды Сәкеңнің өзі бастады:
– Талай режиссерді көрдіңдер. Мен Дон Ук, Андриасян, Маман Байсеркенов, Төлеш Тұңғышбаев, кешегі Тастан Өтебаев…
– Әбілтаевты ұмыттыңыз ғой…
– Әбілтаев еш уақыта ұмытылмайды. Қызылорда театры бар кезде ол кісінің аты да өшпейді. Хұсейінді өздерің білесіңдер. Ортамызға келді. Артист болып. Одан режиссер болды. Москвада оқыды, диплом алды. Аяқ алысы жаман емес. Спектакльдерін халық жақсы қабылдап жатыр. Әлі де үйренеді, өздеріңіз үйретесіздер. Тек кеше өзімізбен бірге жүрген адам ғой демей, енді бас режиссер ретінде бағыну керек. Сырттан шақырып болдық. Енді өз адамымызды тәрбиелейік. Бәріміз біркісідей болып.
Мен де сөз сөйлеп, осындай дәрежеге жетсем сіздердің, ұжымның арқасы деп, сосын бірлесіп еңбек етейік, творчестволық тәртіпті қолға алайық деп ұжымның алдында Сәкеңе арнайы рахметімді айттым.
Жұмыс бастап кеттік. Садықбек Адамбековтың «Алтын табақтағы жылан» сатиралық комедиясы. Бұл қойылыммен қатар тағы бір спектакльді дайындау үшін мен Сәкеңе айтып Алматыдан Райымбек Сейтметовті шақырттым. Ол Ж.Тәшенов пен И.Саввиннің «Қаладан келген қылжақбас» комедиясын және Мұхтар Шахановтың «Махаббат заңы» атты поэтикалық қойылымын қатар қоюға кірісті.
Тағайындалып болғасын ғана мен жаңа жұмысымның қиындығын сезіне бастадым. Шынымды айтсам, жауапкершілігінен қорқып та жүрдім. Өйткені қаншама артист болса, соншама тағдыр бар. Және бір кереметі шетінен мықты, шетінен керемет, ешқайсысы ешкімге кезек бермейтін жеке-жеке тұлғалар. Солардың бәріне жауапты мен. Пенде болғасын біреуін жақсы көресің, екіншісін онша емес, үшіншісін жек көресің. Бірақ сен бас режиссерсің. Сенің сезімге берілуге құқың жоқ. Бәріне бірдей қарауың керек. Кейбір кісілер ғайбат сөз айтса да оған қарсы оқ атпай, оның ауыр сөзін амалсыз жұтып, оған кешіріммен қарауға үйренуің керек. Ең бастысы, әрбір актер жылына ең кем дегенде екі, тіпті бір роль ойнамаса, онда сен оның қас жауына айналасың. Репертуар сенің ойыңмен, мақсатыңмен, театрдың дәстүрімен байланысты құрылып жатса да, сенің көз алдыңда жиырма жеті артисің жәудіреп қарап тұрмаса, ол шығарманың репертуарға кіруі екіталай. Міне, осы жағдайлар қатты ойландырып, қызметіме байыпты қарауға жетеледі. Күнделікті кездесулерде Райымбек ағамызбен осы жайлы көп сөйлесетінбіз. Апта сайын Сәкең шақырып сөйлесуді әдетке айналдырды. Осы екі кісі менің басшылыққа қалыптасуыма үлкен септігін тигізген еді.
Садықбек ағам премьераға қатты риза болып, рақметін жаудырып кетті. Қойылымда Ақтайлақты ойнаған Бақытбек Алпысбаев пен Қарақатын – Гүлжаһан Әбекенова өнерлерімен көрерменді де, авторды да тәнті етті. Ал «Қаладан келген қылжақбаста» сол жылы ғана консерваторияны бітіріп келген Үмігүлсім Бегімова, Мұрат Нұрасылов пен Академ театр студиясының түлегі Ермекбай Жақыпов айшықты қабілеттерін көрсете білді.
Осы тұста облыстық «Ленин жолы» газетінде Жақсылық Түменбаевтың «Сахна жүгі ауыр» деген мақаласы шығып, оның талқысы үлкен шуға ұласты. Жақсылық театр репертуарын қатты сынап, арзан күлкі, ұсақ тақырыпты қозғаған спектакльдеріміз арқылы көрерменге ұсынып отырған рухани әсеріміздің бүгінгі күн сұранысына лайықты емес екенін тілге тиек етті.
Мақаласын: «Бір ауыз сөз творчестволық жетекші жайлы. Жетекші өрісі – коллектив өрісі, жетекші білігі – коллектив өресі. Сол себепті де бұрын «Махаббат мұңы», «Қызым, саған айтам» сияқты ойлы спектакльдер қойған театрдың қазіргі бас режиссері Хұсейін Теміровтің үлесінде біраз маңдай терлетер творчестволық істер қалып тұр» деп аяқтапты.
Жақсылықтың мақаласы маған қатты әсер етті. Жауапкершілікті мойынға алып, енді ғана үлкен іске кірісе бастағанда бұл маған тосыннан тиген соққы болды.
Репертуар жөнінде ұстазым Андрей Александрович Гончаров жиі айтатын. Театрдағы ең басты ұстанымдарың репертуар болуы керек дейтін ол. Иә, қалайда репертуар мәселесін жедел түрде дұрыс жолға қойған жөн.
«Жұлдыз» журналының желтоқсан айындағы санына Тахауи Ахтановтың «Ант» атты пьесасы шығыпты, мен министрліктің репертуарлық-редакциялық коллегиясының бастығы Дулат Исабековке хабарласып, пьесаны сахналауға кірістім.
Жазушы әрқайсысы бірнеше пьесаға арқау болатын қаншама оқиғалар тізбегін бір қауызға сыйдырып, біртұтас жұмыр шығарма жазып шығарған. Кіші жүздің ханын сайлау, қазақ халқының басына түскен қасіретті кезең – Ақтабан шұбырынды оқиғасы, үш жүздің әскерінің бас қолбасшысы – сардар сайлау, Аңырақай жазығындағы жоңғарды талқандайтын ұлы жеңіс, Әбілқайыр ханның Ресейге қосылуға берген анты – міне, осы оқиғалар драма кейіпкерлерінің жанкешті әрекетінің үстінде ашылады.
Артистерім де нағыз драматургияның ішіне еніп, спектакльдің дайындығына құлшына кірісті. Әбілқайыр хан – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Т.Айнақұлов, Бәтима ханым – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Ж.Бағысова, Сауран Сұлтан – А.Сеилханов, Төле би – С.Шотықов, сахна ардагерлері хандардың бейнесінде, тіпті көпшілік қауымды ойнайтын артистерге дейін шабытты еңбектің үлгісін көрсетіп, премьераны сәтімен шығардық. Иә, «Ант» спектаклі Жақсылық Түменбаевтың сынына лайықты жауап болып, Қызылорда театрының белесті бір туындысы болды ғой деп ойлаймын.
1975 жылы «Анттан» бөлек репертуарға енген С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер», В.Шукшиннің «Өлермендер» («Энергичные люди»), Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», Қ.Мұқашевтың «Шындық іздесең» атты драмалық шығармаларды екінші режиссер жоқ, бірінен кейін бірін өзімнің сахналауыма тура келді. Жігер мен алған білімді басшылыққа ала отырып, өзімді де, артистерімді де барынша жұмылдырып, босаңсымай, артық сөз, бостекі әңгімеге мойын бұрмай шығармашылық атмосферада еңбек жасауға бағыттадым. Содан болар Сәкеннің пьесасында С.Шотықов, А.Сеилханов пен Б.Алпысбаев тың бейнелер жасай білсе, «Өлермендерде» Қасқабас ролінде Қыдырма Көпбаев ақсақал, Месқарында Ыбраһым Раманқұлов комедиялық бейнелер жасап, спектакльдегі күлкі градусын көтерген артистер болды. Қалтай ағамыздың спектаклінде Үмігүлсім Бегімова мен Фахреддин Қуанышев тәп-тәуір рольдерімен көрінсе, «Шындық іздесең» драмасында Қазақ ССР-ның халық артисі Ш.Бәкірова, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген артистері Т.Айнақұлов пен Ж.Бағысова жастарға үлгі боларлықтай бейнелерімен есте қалды.
1975 жылды қорытындылай келе түйгенім, репертуардың сапалы дүниелермен толыққаны көңілді қуанышқа бөледі. Ендігі мәселенің бірі жоғары білімді артистер бар, М.Әуезов атындағы Академиялық театр студиясын бітіріп келгендері бар, мәдени-ағарту училищесінде оқығандары бар, көркемөнерпаздар үйірмелерінен тартқандарымыз бен өздігінен келгендері бар – театрда еңбек ететін актерлерімді бір жүйеде жұмыс істеуге қалыптастыру, әрекет арқылы талдау процесін спектакльді дайындау үстінде батылдықпен енгізе отырып, К.Станиславскийдің ілімін ұстазым А.Гончаровтың пайымына жақын деңгейде сіңіріп, өз театрыма тән мектеп жүйесін жасау және сол жүйені актерлерге үйрету сияқты жұмыс процесі тұрды. Ойымды іске асыру үшін К.Станиславскийдің актерлік системасының қағидаларын лекция етіп, тағы бір қайталап өтуді жөн көрдім. Және лекция оқып қана қоймай, сол лекцияларды іс жүзіне асыру үшін айына екі рет бір күнімізді оқу процесіне арнап, дайындап жатқан туындыларымыздың негізінде этюдтер жасап, актерлерімді өз ойыма сай шыңдай түстім.
Иә, репертуарды да дұрыстағандай болдық, артистерді рольмен қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойыла бастады. Спектакльдерім де сәтімен шығып жатқандай. Дегенмен мені ұжым бас режиссер ретінде түгелдей қабылдады ма, әлде әлі де сұрақтар бар ма? Осы ой мені өзінше мазалап, ерекше бір спектакль қойсам, өзімнің шын режиссер екенімді мойындатсам деген мақсат басымды жайлап алды ма, онсыз да Шекспирдің сегіз томдығын жыл бойына оқып шығу әдетке айналған, мен Шекспир дүниелерін қарсысына ұжымды қойып саралай бастадым. Құласаң – нардан құла дегендей, «Антқа» кіріскендей тағы бір керемет дүниенің үстінде ұжымды жұмылдырып, бір тілек, бір ойдың аясында өзімді де сынап көрсем деген ой мені осы қадамға жетеледі.
1976 жылдың репертуарын таңдаудың алдында мен директорымыз Сақтаған Тұрлымұратовқа жұмыс аяғында кіріп оңаша сөйлестім.
– Құрметті Сәке, менің көптен ойымда жүрген дүние бар еді…
– Хұсейін-ау, сен официальный бастадың ғой әңгімені, жайшылық па әйтеуір?
– Театр репертуарын саралап шықсам, қазақ классикасынан М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің туындылары түгел сахналанған сияқты. Енді бір сырттан, шетелдік авторлардың шығармаларын көрсек. Өзімізді сынап, үлкен дүниелермен тезге салып дегендей… Біз де отыз бестен асып барамыз…
Серік Пірмаханов екеумізді айтам…
– Сонда не ойларың бар?
– Шекспирдің «Король Лирі»…
Сәкең ойланып қалды.
– Бұл әңгіме нақ осы столдың басында шешіле қоятын мәселе емес-ау, Хұсейін, – деді біршамадан кейін Сәкең…
Мен Әлияға телефон соқтым. Серікті де үйге шақырдым. Сол күні Сәкең, Серік және мен түннің бір уағына дейін отырып «Король Лирдің» мәселесін талқыладық-ау біраз. Жан-жақты. Сәкең біздің дайындағанымызға сенді ме, «Король Лирді» репертуарға енгізу жайлы ұсынысты қолдайтын болды.
Көп ұзамай театрдың көркемдік кеңесінің отырысында 1976 жылғы репертуарды бекіттік.
В.Шекспир «Король Лир», Ш.Айтматов «Ана-Жер Ана», М.Кәрім «Айгүл елінде», Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейтов «Құтырғаннан құтылған», Т.Ахтанов «Әке мен бала».
Мен алдын ала Әбіш Кекілбаев ағамен сөйлесіп алғанды жөн санап, Дулаттан телефон номерін алып, хабарластым.
– Ассалаумағалейкүм, Әбіш аға!
– Уағалейкүмассалам, иә, тыңдап тұрмын.
– Мен Хұсейін Теміров деген ініңізбін, Қызылордадан…
– Иә?
– Біз Шекспирдің «Король Лирін» қойғалы жатырмыз…
– Король Лир? Драматургия әлеміндегі нәннің өзіне қол артыпсыңдар ғой… Айтпақшы, сен Қызылордадан дедің бе?
– Иә, мен осында… бас режиссермін…
– Мен сені танимын ғой, Хұсейін…
Үнсіз қалдым. Әбіш ағамен қай жерде танысқанымды есіме түсіре алмай…
– Ол кезде Қарағандыда актер едің. Сенің Лопе де Веганың «Қызғаныштан махаббатында» Теодорыңды, Назым Хикметтің драмасында Докторыңды көріп, пікір айтқанмын, есіңе түсті ме?
– Иә, иә, ой Әбіш аға… Рахмет аға… еске салғаныңызға…
– «Король Лир» де, иә, не мәселемен хабарласып тұрсың?
– Аудармасын сіз жасасаңыз деп…
– Репертуарды басқарып отырғандар не дер екен?
– Айтсақ, келісетін шығар…
– Олар келіссе, менің қарсылығым жоқ.
– Ой, рақмет Әбіш аға.
Бұл бір сәті түскен іс болды. Әбіш ағамен алдын ала келісіп алғаным жөн болғанын қарашы. Әйтпесе реперткомда не жаңалық бар деп аңдып жүретін ақындардың біріне аударманы тапсыра салуы мүмкін ғой. Дулат енді келісетін шығар.
Репертуар мәселесімен облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жарылқасын Үмбетовтің алдынан да өту керек.
– Осы сендердің адам қоймайтын дүниелерге баратын не жындарың бар? Немене, сендер қоймасаңдар болмай ма? Жұрттың қойып жатқан дүниелерін неге алмайсыңдар? Тыңнан жол ашу сендерге ғана керек пе? Ал алдың делік, Король Лирді ойнайтын артисің бар ма? Айтқандай, ол «Король Лиріңде» қыруар кейіпкер бар емес пе? Соның бәріне артисің жете ме? Ойланып көрсейші.
Жауап беріп үлгеріп жатырмыз. Жауап берген сайын сұрақ та қардай жауып жатыр. Жәкең сондай еді, түп-тамырына жетпей тоқтамайтын. Бізді қатаң сынға ала отырып өзі де сенуге ұмтылатын.
– Мыналарың енді қиындау. Білмеймін не шығарын. Аудармасын кімге бересіңдер?
– Әбіш ағамен сөйлесіп көріп едік, келісіп отыр. Кекілбаевпен!
– Бұларың дұрыс екен. Тым болмаса аударма дұрыс болады ғой.
Қазақстан Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакция коллегиясы да біздің ойымызды құшақ жая қарсы алған жоқ. Сенімнен гөрі күдігі көптеу сияқты.
– Театрларға не болған? Қазақ классикасын тәмамдап Шекспирге шыққансыңдар ма? Әуезов театры «Ричард ІІІ-ті» бастады, «Макбет» деп Жақып Омаров шапқылап жүр, Әскербек Құлданов та Шекспирдің бір туындысын қоймасам болмайды дейтін көрінеді. Сендер анау-мынау емес «Король Лирге» иек артпақсыңдар, шамаларың жете ме?
Қойшы әйтеуір тәуекел деп бастаған біздің ұсынысымызды түгелдей қолдап, Шекспирдің «Король Лирі» біздің репертуарымызға енді. Мәдениет министрлігі Әбіш Кекілбаевқа пьесаны аудартатын болды.
1976 жылдың сәуір айында «Король Лирдің» қазақшасы қолыма тиді. Әбіш ағам шабыттана аударған екен, пьесаның қазақшасы ұлт тілімізде сайрап-ақ тұр. Мін жоқ. Сонда да Борис Пастернактың аудармасын алып, қазақшамен салыстырмалы түрде тағы бір оқып шықтым. Жақсы. Қайта-қайта оқимын, Әбіш ағамның Пастернакпен жарыста кемшін жері жоқ сияқты, шығарманы бойыма сіңірген сайын ақ өлеңмен кестеленген қазақ сөзінің құдіретіне тәнті бола түсем. Үлкен қызы Гонерилиядан ауыр-ауыр сөз естіген Король Лир:
«Айтыңдаршы, мен кіммін осы, Лирмін бе?
Ал Лир болсам, сойым қайда кескекті?
Тұрғам жоқ па әжептарқы түс көріп,
Бұндай масқара болушы ма еді өңімде?
Айтындаршы, ағайын,
Мен осы менмін бе?»
Болмаса екі қыздан да безіп дауылдың өтінде, нөсердің астында қалғанда:
«Үдей түс дауыл, үдей түс!
Өңешің үзілгенше өршелене, ұлып бақ.
Қара нөсер, шелектеп құй, төпей түс,
Жердің бетін қанды топан қаптасын,
Жарқылыңнан айналайын жай оты,
Жаһаннамда жарты шөңге қалдырмай
Өрте бәрін, өрте менің
Қуарған қу басымды,
Дүние, мал, қызық дәурен,
Жәй түссін де жайрасын!
Адам деген әзәзілдің әулеті
Түгел құрып,
Тігерге тұяқ қалмасын!»
(Жалғасы бар)
Хұсейін ӘМІР-ТЕМІР,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<