«Мың алғыс!» жалпыреспубликалық акциясы өтті

1187

0

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Сыр өңірінде «Мың алғыс!» жалпыреспубликалық акциясы өтті.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы және «Сыр волонтерлері» орталығының ұйымдастыруымен өткен акцияға облыстық ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестік өкілдері, кәсіпкерлер мен меценаттар, қоғамдық ұйымдар, барлық аудандар белсене атсалысты.

Акция індетке шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін және алдыңғы қатарлы медицина қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсетуге бағытталған.

Дүниежүзін жайлаған қауіпті індетпен күресте ең алдымен, ақ халатты абзал жандарға күш түсіп отырғаны белгілі.  Мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне деген жауапкершілік жүгі індет жұқтырғандар саны артқан сайын еселеп ауырлады. Медицина мамандары алғашқы науқас анықталған сәттен бастап, бірнеше апта бойы отбасыларынан тысқары жүріп, өз денсаулықтарын қатерге тігіп дертпен күресуде.

Акция барысында 60 медицина қызметкерлерінің отбасыларына Достық үйінен шыққан автоволонтерлер көлігіне тиелген азық-түлік жиынтығы, мерекелік себеттер, «Жанар-Ай Жем» ЖШС тарапынан 1700 медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ, «Жомарт» қайырымдылық қорының қолдауымен қалалық және теміржол ауруханасының қызметкерлеріне азық-түліктей көмек, «Абай-Дәулет» ЖШС атынан 200 қалта күріш, «Ажар city» сауда үйі азық-түліктей және этномәдени бірлестіктің өкілдері тарапынан арнайы құрбандыққа шалынған мал еттері таратылды. Сондай-ақ, елеулі еңбектері үшін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы атынан Алғысқа толы ашық хат табысталды.

Мейірімділікке толы акция облыстың барлық аудандарында да жалғасын тапты. «Қоғамдық келісім» КММ Сырдария аудандық  этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы А.Мейрамбеков және «Иман-2013» қоғамдық қорымен бірлесіп Сырдария аудандық ауруханасында жұмыс жасайтын 51 медицина қызметкерінің үйіне құрбандыққа шалынған мал еттері таратылып, азық-түліктей көмек көрсетті.

Ал Қармақшы ауданы III Интернационал ауылына кәсіпкер, меценат «Достық Жер» МК, «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев аудандық аурухананың 20 қызметкеріне карантин кезіндегі тынымсыз еңбектері үшін алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады.

Жалағаш ауданы бойынша аудандық сарапшы Әсел Балмұрзаева аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесе отырып, көпбалалы медицина саласының қызметкерлерінің 3 отбасына азық-түлік таратты.

Қазалы аудан әкімшілігі және дербес бөлімдерінің ұйымдастыруымен құрбан шалынып, карантин уақытында тынымсыз еңбек еткен медицина саласының қызметкерлерінің отбасыларына таратылды.

Ал, Шиелі ауданы бойынша індетке қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген ауданаралық ауруханасы 5 қызметкердің отбасына  «Қоғамдық келісім» КММ аудандық сарапшысы Самал Абызбаева, ішкі саясат бөлімі, жастар орталығының белсенділері бірлесіп, азық-түліктей көмек көрсетті. 

Жаңақорған ауданы бойынша жеке кәсіпкердің қолдауымен привизорлық орталықтарда жұмыс жасап жүрген
10 қызметкердің  әрбіріне 40 мыңтеңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Сонымен бірге Жаңақорған ауданаралық ауруханасының шаруашылық қызметкерлеріне меценат «Нұрбол И» шаруақожалығының төрағасы Изатулла Үсеновтың демеушілігімен 400 мың теңге көлемінде қаржылай сый-сияпат көрсетілді.

Арал ауданы бойынша Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, аудандық кәсіпкерлер тарапынан медицина саласы қызметкерлерінің 18 отбасына азық-түліктей және құрбандыққа шалынған мал еттері таратылды.

Облыстық Қазақстан халқы

ассамблеясының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<