Өлшем құралдарының өз тәртібі бар

2133

0

Бүгінде өлшеу құрал­дарынсыз жұмыс жүргізуді елестету қиын. Олар барлық саланы дерлік қамтиды. Атап айтқанда, түрлі қызмет көрсету орындарында, денсаулық сақтау, ғылыми зерттеуде, азық-түлік өндірісімен   қатар көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және спорттық рекордтарды тіркеуде де қолданылуда.

Өлшеу құралдарының бар­лығы да белгіленген стандард­тық көрсеткішке сәйкес жұмыс істеуі тиіс. Ол сақталмаған жағдайда зияны мен зардаптары туралы айтып жатудың өзі артық. Сондықтан құралдар талапқа сай белгілі бір уақытта тексеруден өтіп тұруы міндеттелген.  Бұл заңдылықтардың орындалуын қадағалайтын арнайы құрылымдар жұмыс істейді.

Өңірімізде осындай міндет Сауда және интеграция министр­лігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаментіне жүк­телген. Аталған департамент бас­шысының міндетін атқарушы Әуелбек Қамзаевпен әң­гі­мелесу барысында департамент ма­ман­­дары бірінші жартыжыл­дықта бекітілген тізімге сәйкес 5 профилактикалық бақылау жүргізге­ні­нен хабардар болдық. Сонымен қатар, тексерулер барысында да заңбұзушылықтар анықталғанын білдік.

Алғашқы тексеру №2 Қы­зыл­орда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында жүргізіліп, онда «Өлшем бір­лігін қамтамасыз ету туралы» Заңның 19-бабының талаптары бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, қолданыстағы 94 дана өлшем құралының ішінен 13 данасы салыстырмалы тексеруден өткізілмей, пайдаланылған. Оның ішінде қан қысымын өлшеуге арналған 1 манометр, 5 дана қызу өлшеуге арналған термометр, 1 дана автоклав, сынақ жүргізуде залалсыздандыруға арналған 1 автоклав, сынақ жүргізуде үлгілерді және саймандарды кептіруге арналған 6 кептіргіш шкаф болған.

Ал қолданыстағы өлшем құ­рал­дарын талапқа сай, уақы­ты­лы тексеруден өткізбей пай­даланса, құралдар теріс көр­сет­кіштер көрсетуі мүмкін. Қоры­тындысында адам өмірі мен денсаулығына кері әсерін тигізеді, зиян келеді. Қауіп туындайды. Тексеру жүргізген мамандар заң бұзушылықты жою жөнінде нұсқама берді.

№6 қалалық емханада болған тексерісте қолданыстағы 518 дана өлшем құралының 5 данасы салыстырмалы тексеруден өткі­зілмей, пайдаланылғаны анық­­талды. Оның барлығы – ауру­лардың қан қысымын өлшеуге арналған  сфигманометр-тонометр. Келесі кезектегі тексеру Қармақшы аудандық ауруханасында жүргізіліп, мұнда қолданыстағы 110 дана өлшем құралының ішінен салыстырмалы тексеруден өтпегені 6 дана сфигманометр-тонометр және 4 дана манометр екені белгілі болды. Соған сәйкес нұсқама беріліп, заңбұзушылықтар жойылды.

Жергілікті техникалық реттеу және метрология саласы мамандары тек әлеуметтік нысандарды ғана тексерумен шектелмей, өндіріс орындарын да назардан тыс қалдырмайды. Олар «Торғай-Петролеум» АҚ-ға қарасты нысандарға тексеру жүргізіп, бұл жерде де заңның 19-бабының талаптары бұзылғанын тіркеді. Атап айтқанда, қолданыстағы 381 дана өлшем құралының 8-і салыс­тырмалы тексеруден өткізілмей, пайдаланылған. Олар – мұнай құрыл­ғыларындағы қысымды өл­шеуге арналған 7 манометр мен мұнай температурасын өлшейтін 1 термометр.

«Дос Инжиниринг ЛТД» ЖШС-да қолданыстағы 85 дана өлшем құралының бесеуі, яғни мұнай құрыл­ғыларындағы қысымды өл­шеуге арналған манометрлер  салыстырмалы тексеруден өткізілмей, пайдаланылып келген. Департамент тарапынан аталған өндіріс орындарына нұсқама беріліп, заң бұзушылықтар жойылды.

Ә.Қамзаев сонымен қатар, департамент мамандары басқа да органдармен  бірлескен тексерулер жүргізілгенін айтты. Сондай тексерулер нәтижесімен облыстық кәмелетке толма­ғандарды бейімдеу орталығында қолданыстағы 16 дана өлшем құралының ішінен 6 термометр, 1 сфигманометр және 1 бой өлшегіш салыстырмалы тексеруден өт­кізілмей пайда­ланылғандығы анық­талды. Об­лыстық прокура­тура­ның бер­ген ұсынысы қаралып, заң бұзу­шылыққа жол берген адамға 43800 теңге көлемінде айыппұл салынды. Пайдалануға жарамсыз өлшем құралдарын салыстырмалы тексеруден өткізу жөнінде нұсқама берілді.

Департамент өкілінің айт­уынша, облыстық санитариялық-эпиде­мио­логиялық бақылау де­пар­­таментінен өнім қауіп­сіз­дігінің мониторингі нәти­же­сінде анықталған «Зерновая долина» ЖШС өндірген «Кеспе лапша» өнімінің Кеден одағы 022/2011 «Тамақ өнімдерін таңбалау бөлігі» техникалық регламенттеріне сәй­кес еместігі жөнінде зерттеп, қарауға материалдар түс­кен. Материал зерттеліп, осы өнімнің таңбалануында кедендік одаққа мүше мем­лекеттердің арасында жүруге бірыңғай белгісі болмағаны анықталды. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 415-бабы 1-бөліміне сәйкес заңды тұлғаға 284408 теңге көлемінде айыппұл салынды. Серіктестік басшылығына техникалық рег­ла­менттің таңбалау талаптары бо­йынша сәйкес емес өнімдерді айналымнан алу туралы түсін­дірілді.

Бұл тексерулердің барлығы да тұтынушының, яғни барша­мыздың мүддеміз үшін жұмыс істейді. Жұмыс жалғасын тауып, Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменті мамандары адам өмірі мен денсаулығына кері әсерін тигізер заңсыздықтардың жолын кесе бермек.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<