Өмір – шам, кездесерміз қалса сөнбей…

1674

0

«Сыр елі – жыр елі» деген нақылға айналған сөздің пайда болуына Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы ауылдың тікелей қатысы бар. Өйткені, жүздеген ақын-жырау туған сүлейлер мекенінің қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі орны ерекше. Даңғайыр ақын, Сыр сүлейі Тұрмағамбет есімімен аталатын осы мекенде батыр да, ғалым да, Еңбек ері де, даңқты күрішші, ұстаз да, ақын-жырау да, генералдар мен саяси-әкімшілік қызметкерлер де туып-өсті.Осындай дарын иелерінің бірі жыр жүйріктерінің ізін жалғаған майдангер ақын Нұрмағанбет Жаңайұлы мен оның баласы Нұри Нұрмағанбетұлы еді. Майдангер ақынның 110 жылдығына орай Қармақшы ауданының Тұрмағамбет ауылында рухани еске алу кеші өтті.

Шара «Тағзым» алаңында майдангер ақын құрметіне гүл қою рәсімінен басталып, әкелі-балалы ақындар Нұрмағанбет және Нұри Жаңаевтардың өмірі мен шығармашылығына арналған «Тағдыры тасқа біткен қос ақын» атты кітаптың тұсаукесерімен жалғасты.

Оған Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбекұлы, ауданның шығармашылық, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.

Жиналғандар қос ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерін ортаға салды. Алматы қаласынан арнайы келген филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ерхан Кәрібозов баяндама жасады.

Ғалымның айтуынша, Нұрмағанбет ақынның жазған әрбір хаты, өлеңдері ауылдастарына, замандастарына рух берді, жеңіске жігерлендірді.

Ол Нұрмағанбет өлеңдерінің өз тарихы мен тағдыры бар екенін айтты. Өлеңдерден майдандағы ахуалды, ел-жұрттың тыныс-тіршілігін, қарапайым адамдық қатынастарды, сыйластықты көреміз. «Елге сәлем», «Туған ауылға хат» өлеңдерінде туған жерге деген сағынышын, қайсар мінезін көрсетеді. «Антым бұл халқым үшін жеңем жауды» деген сөздің өзі ақынның бойындағы көзсіз батырлықты, ерлік жалынды жеткізеді.

Шараға қатысқандар Нұрмағанбет өлеңдерінің мән-мазмұны, соғыс жылдарындағы еліміздің рухани дамуына қосқан үлесі ғылыми тұрғыда зерттеп, әлі де насихаттауды қажет ететінін айтты.

Нұрмағанбет Жаңаев 1912 жылы Тұрмағамбет ауылында туған. Ол жастайынан оқуға зерек, қоғамда белсенділігімен танылды. Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлынан дәріс алып, хат таныды.

Ол 1942 жылы 25 сәуірде Ұлы Отан соғысына аттанады. Украин майданында фашистік басқыншыларға қарсы соғысқан. Онда ауылдасы Шәрибек Іздібаевпен, жерлесі Ертай Бабасовпен кездескен. Бораған оқ астында бір-біріне серік, сырлас, мұңдас дос болды.

Шәрибек Іздібаев майдандас досы өмірден өтсе де, қан майданда бірге өткізген қиын күндерді ешқашан естен шығармады. Өмірінің соңына дейін достыққа деген адалдығынан тайған жоқ. Нұрмағанбеттің өлеңдерін қағазға түсіріп, өмір бойы сақтап, ұрпақтарына аманаттап тапсырды.

Нұрмағанбет Жаңаев бауырмалдық, ағалық ілтипатпен өлең арнаған азаматтардың бірі майдандасы Ертай Бабасов болды. Ақын атамыз туралы естеліктерді жинау барысында оның ұрпақтарын іздеген едік. Шәрибек Іздібаевқа соңғы жазған хатында көрсеткен мекен-жайы Жезқазған облысы Жезді ауданы Қарсақбай ауылы еді. Жезқазған облысы қазір Ұлытау облысы болып қайта құрылған. Осында майдангердің баласы Ғайнолла Бабасовты тауып, оның соғыстан кейінгі өмірі мен отбасы туралы мәліметтерді жинақтадық.

Еске алу шарасына Астана қаласынан Ғайнолла Бабасов келіп қатысты. Ол әкесінің Нұрмағанбетпен, Шәрибекпен арадағы достық қатынастарын еш ұмытпағанын айтты. Ақынның өзіне шығарған өлеңдері мен жазған хаттарын көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына қалдырып кетіпті.

Нұрмағанбет Жаңаев 2-Украин майданы құрамында 1944 жылы Уман-Боташан операциясына, Украинаның оң жағалауын, Молдованың бір бөлігін жаудан азат етуге қатысты. Бұдан әрі Украин майданының әскерлері Венгрия астанасы Будапешті фашистерден азат етуге жөнелтілді. 1945 жылы ақпанда Будапешті азат етуде ерлікпен қаза тапты.

Ақынның майдан даласынан жазған «Елге сәлем», «Туған ауылға хат», «Днепрден өтерде», «Бекіттік уәде ауылға бірге барарға», «Ауыл ақсақалдарына», «Өмір – шам, кездесерміз қалса сөнбей…», «Көнбейміз гитлершілдер озбырына» атты өлең жырлары ауылдағы қарияларға демеу беріп, тылда еңбек еткен аналардың көңіліне үміт отын жақты, жүректеріне сенім ұялатты.

Нұрмағанбет Жаңаевтың баласы Нұри да ақындығымен танылды. Ол әкесі соғысқа аттанғанда анасының ішінде қалған екен.

Ақынның шығармашылығы туған жер, адамгершілік, сыйластық қатынастар, өмір ағымы, елдің дамуы, ұлы тұлғалардың есімдерін дәріптеу жырларынан, замандастары мен ағайын-туыстарына арнаулардан тұрады.

«Мен кіммін – мен бәрімін, бәріңмін!» атты өлеңінде Абай, Тұрмағамбет, Жамбыл, Құрманғазыдан бастап, еліміздің танымал тарихи тұлғаларының, одан әрі өзінің туып-өскен жеріндегі айтулы азаматтардың, замандастарының ел алдындағы еңбегін мақтанышпен жырға қосты. Бұл өлеңді оқып отырып, Нұри Нұрмағанбетұлының қазақ тарихы мен әдебиетін жетік меңгергенін аңғару қиын емес. Өйткені, шығармадағы тарихи тұлғалардың ерлігін сол кезеңіндегі қоғамдық-саяси, мәдени ахуалмен байланыстыра отырып жырлайды.

Нұридің өлеңдерінен өрлік мінезді байқаймыз. «Теңіз де емес, көл де емеспін, тамшымын» деген өлең жолдары өзінің ақындық келбетін дәл ашып тұрғандай. «Тамшыдан көл құралады» десек, ол өзінің өткір ойлары мен ұрымтал ұйқастары арқылы поэзия тұңғиығына бойлай білді.

Еске алу шарасы барысында сөз алған ақынның ұрпағы, генерал Бағбан Тәйімбетов әкелі-балалы Нұрмағанбет пен Нұри Жаңаевтардың шығармашылығы тамшыдай болса да қазақ поэзиясына қосылған үлес екенін айтты. Ол ақындардың шығармалары Сыр сүлейлерінің рухани мұрасының құрамдас бөлігі ретінде зерттеліп, насихатталса деген тілегін білдірді.

Шара аясында Нұрмағанбет Жаңаев атындағы аудандық оқушылар шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Нұрбол Серікбеков

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<