Өңірлік кезеңнің жеңімпазы

298

0

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ауылдық округ әкімдері арасында «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсы өтуде. Биыл төртінші рет өтіп жатқан конкурстың мақсаты – өзі басқаратын елді мекеннің дамуына елеулі үлес қосып, жоғары жетістікке қол жеткізген ауыл әкімдерін анықтау. Сондай-ақ олардың жергілікті басқарудағы үздік тәжірибесін кеңінен тарату.

Конкурс өңірлік және республикалық кезеңнен тұрады. Қазір бірінші кезең аяқталды. Құрамына мемлекеттік органдар, мәслихат, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері кірген комиссия шешімімен республикалық кезеңге қатысатын ауыл әкімдері іріктелген. Оған біздің аймақтан Шиелі ауданы Ортақшыл ауылдық округінің әкімі Жақсылық Ноғайбаев лайық деп танылыпты.

– 2017 жылдың маусым айынан бері ауыл әкімі қызметіндемін. Біздің Ортақшыл ауылдық округіне қарасты екі елді мекен бар. Бірі – Ортақшыл, екіншісі Қызылқайың ауылы. 270-тен астам шаңырақ тұрады. Халықтың тұрмыс-тіршілігі егін және мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Ортақшыл – тары өндірісімен айналысатын облыстағы бірден-бір елді мекен. Ауылда мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау тапқан сөк-талқан өндіретін шағын екі цех бар. Биыл тарыдан бөлек, картоп, бақша дақылдары 350 гектарға жуық жерге егілуде. Әлеуметтік нысандар тұрақты жұмыс істейді, сонымен қатар, ауылда 11 көше болса, соның бесеуі жөнделіп, түнгі жарықшамдар орнатылды. Былтыр «Балалар жылы» аясында ойын алаңы да салынды. Көптен келе жатқан мәселенің бірі – биыл Қызылқайың елді мекеніне таза ауызсу құбырын тартамыз. Ауылға бұрын-соңды су құбыры тартылмаған, ондағы 50-ден астам шаңырақ жерасты суын, яғни құдықты пайдаланып келді, – дейді Ж.Ноғайбаев.

Ауылдағы ең негізгі мәселе – жұмыс көзін табу болса, Жақсылық Ноғайбаев әкім болғалы 10 шаруа қожалығы және 50 жеке кәсіпкерлік субъектісі ашылып, 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен, 100-ге жуық тұрғын ақылы қоғамдық, жастар тәжірибесімен 35 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына 31, барлығы 335 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыссыздықты төмендету және ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 23 бизнес-жоба қорғалып, 87 млн теңге көлемінде несие рәсімделген. Ал қайтарымсыз гранттар бойынша 36 жобаға 24 млн теңге қаржы тартылып, қолдау көрсетіліпті.

Жақсылық Ноғайбаевтың айтуынша, конкурста әкімдердің қызметін бағалау үшін халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша істеген жұмыс нәтижесі және жұртшылықпен кері байланысты қамтамасыз етуі, жергілікті қоғамдастықтың әкімдерді бағалау қорытындылары ерекше ескерілген. Сондай-ақ, іріктеу барысында ауыл әкімдері ауылда өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларын қорғап, оларды тұрақты дамыту бойынша ұсыныстарымен бөлісіпті.

Айта кетейік, конкурсқа қатысуға еліміздің өңірлерінен жүзден аса ауылдық округ әкімдері ниет білдірген.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<