Әкенің беделін  әлі де күшейту керек

415

0

Өткен жылы елімізде маусым айының үшінші жексенбісі Әкелер күні болып белгіленді. Атаулы күннің пайда болуы Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал етеді деген сенім бар.

Мереке қарсаңында «Әкелер одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Ержан Искендермен қоғамдағы, отбасындағы ер-азаматтардың, әкелердің беделі, оны күшейту бағытындағы іс-шаралар туралы әңгімелестік.

– Былтыр күнтізбеде бірінші рет Әкелер күні пайда болды. Әкелер одағы жұмыс істейді. Жаңа атаулы күннің, жаңа ұйымның маңызы туралы айтсаңыз…

– Республикалық әкелер одағы 2012 жылдан бері бар. Оны марқұм, қоғам қайраткері Қуаныш Жұматаев құрған болатын. Қоғамдық бірлестік құру идеясы мектептегі әкелер кеңесінен басталған. Өзіңіз білетіндей, біздің қоғамдағы, білім ошақтарындағы бала тәрбиесі негізінен аналардың, әйел мұғалімдердің мойнында. Он жыл бұрын қалай, қазір де солай. Қуаныш бауырымыз әкелер қауымын мектепке тарту керегін, бала тәрбиесінде әкенің рөлі басым екенін ойлана келе кеңес құруды ұйғарған екен. Кейін жұмыс ауқымы кеңейіп, ол одаққа айналды. Қазіргі күні көптеген облыста филиалы жұмыс істеп тұр. Соның бірі – Қызылорда филиалы өткен жылы Әкелер күні қарсаңында ашылып, төрағасы болып тағайындалдым. Айта кетейін, одақтың негізгі мақсаты – отбасы және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ер балалардың болашақ әке ретінде тәрбиеленуіне, әкелердің бала тәрбиесіне араласуына, оқу орындарымен байланыста болуына ықпал жасау. Күні бүгінге дейін әкелер кеңесінің төрағаларымен, мүшелерімен, мектеп оқушыларымен және колледж студенттерімен бірнеше кездесу ұйымдастырдық. Біз жас ұрпақтың тәрбиесінен тыс қалмауымыз керек.  «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген сөз бар. Мектептегі мұғалім, бала және ата-ана үштігінің жұмысын жандандыруға тиіспіз.

– Қоғамдық бірлестік құрамында қанша адам бар? Қызылордалық әкелердің белсенділігі қандай?

– Ұйымға әдейілеп тіркеліп жатқан ешкім жоқ. Дегенмен, қоғамдық бірлестіктің айналасында жүрген 5 мыңдай адам бар. Әртүрлі іс-шаралар кезінде қатарымыз толығып отырады. Оның ішінде жерлестеріміз кездесулер кезінде белсенділік танытып, ой-пікір білдіруден аянып қалған емес. 2012 жылдан бері одақ тарапынан ауқымды жұмыс атқарылды. Ол кездері ата-аналардың өмірлік ұстанымын өзгертуге күш салсақ, кейінгі жылдары бірқатар заңнаманың талабын күшейтуге, оны өзгертуге, толықтыруға ықпал етіп келеді. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылдау, жасөспірімдердің вейп шегуіне, 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салу мәселелеріне атсалысты.

– Қоғамда әкелердің, жалпы ер-азаматтардың беделіне жиі сын айтылып жүр. Қалай ойлайсыз, неге?

– Әкелер күні, әкелер одағы пайда болғанда көпшілік «оның не қажеті бар?» деп таңырқағаны рас. Әрбір ата-ана баламды дұрыс тәрбиелеп жатырмын деп ойлауы мүмкін. Соған қарамастан тәрбие мәселесінде олқы тұстарымыз жетерлік. Кейінгі екі жылда өңірде мектепте, одан тыс тәртіпсіздіктер, келеңсіз оқиғалардың жиілеуі – соның дәлелі. Бұған баладан бұрын тәрбиеде осалдық танытып тұрған өзіміз кінәлі.

Қазақстанда Әкелер күні кеше пайда болғанымен халықаралық мереке ретінде ғасырдан астам уақыттан бері бар. Жүзден астам мемлекет, мысалы, Жапония оны Ұлдар күні, басқа елдер Әкелер күні ретінде атап өтеді. «Халықаралық Әйелдер күні, Отан қорғаушылар күні деген мерекелер күнтізбеде бола тұра, әкелер, аналар деп тағы неге бөлеміз?» деген сұрақтың туындауы заңды. Оған себеп – әке мен ананың отбасындағы рөліне басымдық беру.

– Мектепте мұғалімдердің басым бөлігі – қыз-келіншектер. Көп әйел ұл-қызын жалғыз тәрбиелеп отыр. Біз осылайша әкенің, ер адамның орнын ойсыратып алған жоқпыз ба?

– Кезінде қазіргіге қарағанда ер мұғалімдердің саны басым еді. Сол кісілердің «тәк-тәгімен» өскеніміз жасырын емес. Оқушы ұлдар оларға қарап бой түзеп, қоғамда өзін қалай ұстау керегін үйренеді.

Байқасаңыз, осы күні ажырасу оңай сияқты болып кетті. «Күйеусіз де күнімді көріп, баланы бағып-қағып өсіре аламын» дейтін әйелдер көбейді. Шын мәнінде ол дұрыс емес. Әсіресе, ұл баланы дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларға байланысты.

«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп, халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Отбасында тәрбие мәселесін бірыңғай аналарға ысырып салмай, өзіміз де араласуымыз қажет. Жас әкелердің кешкі уақытта жұмыстан кейін денешынықтыру залдарында шынығып жүргенін, спорттық алаңдарда футбол ойнап жүргенін, жүгіріп жүргенін көреміз. Ол да дұрыс шығар. Бірақ соның арасынан уақыт тауып, балаға бір сәт көңіл бөлсе деймін.

– Одақ жұмысының басында жүрген, көмегіне жүгінетін жалғызбасты әкелер бар ма?

– Тікелей іздеп келгендер жоқ. Бірақ өзім бір жігітті танимын. Төрт баланы жалғыз, жақсы тәрбиелеп отыр. Әйелі он жыл бұрын қайтыс болған. Ұл-қыздары әке еңбегін ақтап, сенімінен шыға білгені қуантады. Еліміздегі бір облыстық филиалдың төрағасы ДЦП-мен ауыратын баласын анда-мұнда емге апарып, дертін жеңілдету жолында көп еңбек сіңіріп жүр. Өткен жылы одақ форумы барысында үлгілі әкелер туралы кино да, кітап та жарық көрді. Айтайын дегенім, жалғызбасты әкелердің қоғамды дамытуға қосатын үлесі жоғары.

– Көпбалалы әке екенсіз. Қанша балаңыз бар?

– Екі ұл, екі қызым бар. Бір ұлым мектеп бітіріп жатыр. Оқу үлгерімдері жақсы, білім бәйгелерінде топ жарып жүр.

– Олармен сырласуға, сөйлесуге қаншалықты ықылас танытасыз, көңіл бөлесіз?

– Балаға тәрбие беру – азаннан кешке дейін қасында тапжылмай отыру емес, оларға ісіңмен үлгі көрсету. «Баланы емес, өзіңді тәрбиеле» дейтіні содан. Ұл-қыздарымның тәртіпті болуын, жаман әдеттерге жоламауын ұдайы назарда ұстаймын.

– Ата-аналар жиналысына барып тұрасыз ба?

– Ұлдарымның жиналысынан қалмауға тырысамын. Ата-аналар жиналысына баратындардың түгел дерлігі – әйелдер. Отыз адамның әрі кетсе үшеуі ғана – ер адам.

– Әңгімеңізге рахмет! Мереке баршаңызға құтты болсын! Қазақ отбасындағы, қоғамындағы әкелердің орны биіктей берсін!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<