Жаңа жүйеге көшеді

501

0

Өрлеу Томас Гаскидің моделіне негізделген педагогтердің кәсіби даму бағдарламаларының тиімділігін бағалаудың жаңа көпдеңгейлі жүйесіне көшеді. Мұның тиімділігін анағұрлым дәл, кешенді бағалауға және ағымдағы білім беру бағдарламасының жаңартылып, әзірленуін ғылыми негіздеуге мүмкіндік береді.

Бенджамин Блумның соңғы шәкірттерінің бірі Томас Гаски білім беру саласындағы жетекші сарапшылардың бірі, ол жасаған мұғалімдердің кәсіби дамуының тиімділігін бағалау моделі құнды стандарт болып есептеледі және Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада сәтті қолданылады.

Т.Гаскидің педагогтердің кәсіби даму бағдарламаларының тиімділік моделі 5 компоненттен тұрады.

Бірінші компонент – тыңдаушылардың бағдарлама мазмұны мен оқыту сапасына қанағаттануы. Тыңдаушылардың қанағаттануын зерттеу үшін, әдетте, респонденттер белгілі бір дәрежеде келісетін бағдарламалар сапасының түрлі аспектілеріне қатысты пайымдар түріндегі сұрақтардан тұратын алдын-ала жасалған сұрақтар жиынтығы бойынша сауалнама алу қолданылады. Мысалы, тыңдаушылар оқыту тиімді өтті ме, олар алған білімін тәжірибеде қолданады ма және оқыту ыңғайлы жағдайда өтті ме деген сұрақтарды белгілей отырып, жауап береді. Сонымен қатар, сауалнамаларда ашық сұрақтар да болады, мұнда тыңдаушылар бағдарламалардың сапасын жақсарту бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіре алады.

Бұл сауалнамалар курс аяқталғаннан кейін бірден жүргізіледі және тиімділікті бағалаудың ең қарапайым және оңай жүзеге асырылатын түрі болып саналады. Алайда олар аз ақпарат береді, өйткені онда тыңдаушылардың бағдарлама туралы алғашқы әсерлерін ғана байқауға болады, ал тыңдаушылар оның мазмұнын қаншалықты жақсы меңгергені, оны өзінің педагогикалық тәжірибесінде қолдана алуын анықтау анағұрлым терең әдістерді қажет етеді.

Тиімділікті бағалаудың екінші компоненті – ол тыңдаушылардың материалды меңгеруі. Гаски моделінің екінші компоненті оқыту кезінде тыңдаушылардың алған білімі мен дағдыларын бағалауға басты назар аударады. Бұл үшін түрлі бағалау әдістері қолданылады, олар оқыту мақсаттары, міндеттері және күтілетін нәтижелері негізінде таңдалады, сондықтан білім беру бағдарламаларының авторлары оларды оқу-әдістемелік кешеннің басқа компоненттерімен бір мезгілде әзірлейді. Бағдарламаның мақсаты мен мазмұнына байланысты бағалау тест, топтық немесе жеке жоба, демо-сабағы немесе рефлексивті эссе форматында өткізілуі мүмкін.

Тыңдаушыларды бағалау оқу аяқталғаннан кейін де жүргізіледі. Бұл компонент біріншіге қарағанда анағұрлым көп ақпарат береді: ол курс тыңдаушыларының мақсатты құзыреттерді қаншалықты меңгергенін көрсете алады. Алайда бұл тыңдаушылардың осы бағдарламаға қатысуы олардың педагогикалық тәжірибесі мен оқушыларының жетістіктеріне әсер еткенін түсіну үшін әлі де жеткіліксіз болып табылады.

Үшінші компонент – институционалдық қолдау. Бұл компонент курс тыңдаушылары жұмыс істейтін білім беру ұйымдарының тыңдаушылар курстарда меңгерген тәжірибелердің қолданылуына қаншалықты қолдау көрсетуге дайын екендігін анықтайды. Тиісті ұйымдастырушылық қолдау жасалмаса кез келген білім беру бағдарламасының тиімділігі де төмен болуы мүмкін, өйткені тыңдаушылар өздерінің кәсіби құзыреттерін толық көлемде іске асыра алмайды. Мысалы, егер мектептерде тиісті жабдықтар болмаса және курстарда алған біліміне сұраныс болмаса, мектеп мұғалімдеріне арналған робототехника бағдарламасы тиімсіз болады. Сонымен қатар, бағдарламаның мақсаттары білім беру ұйымының миссиясы мен даму стратегиясына сәйкес келетінін/келмейтінін білген өте маңызды.

Тиімділіктің үшінші компоненті үшін мәліметтер жинау оқу аяқталғаннан кейін бірнеше ай өткен соң жасалады және алдыңғы екеуіне қарағанда, едәуір күрделі болып есептеледі. Деректер кеңестердің хаттамаларын талдау, білім беру ұйымдарына бару, тыңдаушылармен және білім беру ұйымы әкімшілігінің өкілдерімен сауалнама немесе сұхбат жүргізу шараларын қамтуы мүмкін.

Төртінші компонент – тыңдаушылардың оқу үдерісінде меңгерген немесе дамытқан құзыреттерін іс жүзінде қолдануы. Компонент білім беру бағдарламасының мақсатты құзыреттерінің қаншалықты тиімді қолданылатынын көрсетеді.

Үшінші компонент сияқты, төртінші де оқу аяқталғаннан кейін бірнеше ай өткен соң бағаланады, сондықтан тыңдаушыларға жаңа білім мен дағдыларды түсінуге және өздерінің оқыту тәжірибесіне енгізуге жеткілікті уақыт беріледі. 

Бағалау деректері сауалнамалар немесе тыңдаушылармен және олардың басшыларымен құрылымдалған сұхбаттар, тыңдаушылардың портфолиосы арқылы алынады. Сабаққа қатысу, бейне немесе аудио жазбаларды талдау арқылы бақылаулар анағұрлым дәл баға беруге көмектеседі.

Бесінші компонент – білім алушылардың нәтижелері.

Бұл компонент кәсіби даму бағдарламасының тиімділігін бағалау жүйесінде шешуші болып саналады, себебі ол «Тыңдаушыларды оқыту оқушылардың жетістіктеріне қалай әсер етті?» деген сұраққа жауап береді. Басқа компоненттер бойынша жоғары көрсеткіштерге ие бола тұра, егер оны жүзеге асыруда балаларға пайда әкелмесе, онда бағдарламаны тиімді деп атауға болмайтыны анық. Өлшеу үшін таңдалатын оқушылардың нәтижелері әдетте білім беру бағдарламасының мақсаттары, міндеттері және күтілетін нәтижелерімен анықталады, алайда толық бағалау үшін қосымша индикаторлар да енгізілуі мүмкін.

Гаска моделінің бесінші компонентін бағалау үшін қолданылатын көрсеткіштерге әдетте оқушылардың танымдық көрсеткіштері және портфолио, бағалау және тест немесе емтихан нәтижелері сияқты жетістіктері кіреді. Сонымен қатар, психологиялық-эмоциялық және жүріс-тұрыс көрсеткіштері де ескерілуі мүмкін. Бағалау сабаққа қатысуы, үй тапсырмасын орындау көрсеткіштері және сыныптағы жүріс-тұрысы сияқты мәліметтерді талдауға негізделуі ықтимал. Бұл ақпараттың басым бөлігі мектеп журналдарында және мектептің басқа стандартты құжаттарында бар. Сондай-ақ білім алушылармен, олардың ата-аналарымен, білім беру ұйымының педагогтерімен, әкімшілігінің өкілдерімен сауалнама және сұхбат нәтижелерін де талдауға қосуға болады.

Гаски моделіне негізделген кәсіби даму бағдарламаларының тиімділігін кешенді бағалау Қазақстан педагогтері үшін қолданыстағы бағдарламаларды жетілдіруге және жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге берік ғылыми негіз болады, сондай-ақ Өрлеу бағдарламаларының педагогтерді кәсіби дамытуға бағдарлау қағидаларының білім алушылардың жетістіктеріне сәйкестігін қамтамасыз етеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<