Өз емханаңызды таңдаңыз!

642

0

Елімізде 15 қыркүйектен бастап жыл сайынғы емхананы еркін таңдау науқаны өтуде. Акция 15 қарашаға дейін жүргізіледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыс бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов  науқан барысы туралы айтып берді.

Филиал директорының айтуынша, акцияға аймақтың 25 емханасы қатысуда, оның 14-і – мемлекеттік, 11-і – жекеменшік.

– Акция республика көлемінде жыл сайын өткізіледі. Науқан кезінде тұрғындар өздері тіркеуде тұрған емхана жұмысына қанағаттанбаса басқасына ауыса алады немесе өз емханасы ішінде басқа учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндігі бар. Емхана таңдауда басты ескеретін жайт – ол үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді. БМСК ұйымына тіркелген пациент жергілікті дәрігердің қабылдауы, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер сынды медициналық көмек пен емдеуге жатқызуға жолдама алады. Тұрғын МӘМС жүйесінде  сақтандырылу мәртебесі болмаса да емханаға тіркелудің еркін таңдауын пайдаланғанымен, әрі қарай толыққанды жоспарлы медициналық көмектер алу үшін сақтандырылуы тиіс, – дейді Бақыт Торғайбайұлы.

 22 қыркүйектегі мәлімет бойынша екі мыңға жуық адам өз таңдауын жасаған. Олардың көпшілігі мемлекеттік емханаларға тіркелген. Былтыр науқан кезінде БМСК ұйымдарына 14 мыңнан астам тұрғын тіркелсе, оның 12,5 мыңы мемлекеттік емханаларды тандаған.

– Тіркелуге болатын барлық емханалардың тізімін қордың https://fms.kz/kz/ сайтынан «Клиниканы таңдау» бөлімінен алуға болады. Науқан кезінде бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2023 жылдың 1 қаңтарынан медициналық көмек ала бастайды. Бұрын тіркелген БМСК ұйымынан есептен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады, – дейді филиал директоры.

Таңдалған емханаға тіркелудің екі жолы бар. Бірінші әдіс, бұл барлық азаматтарға арналған. Электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы бекіту: www.egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Әрі қарай электрондық өтініштің барлық жолдарын толтыру қажет. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда медициналық ұйымға тіркелгеніңіз туралы хабарлама беріледі.

Екіншісі халықтың жекелеген санаттарына арналған. Олар емханаға жеке басын куәландыратын құжатпен тікелей жүгіне алады. Атап айтар болсақ, олар – зейнеткерлер, мүгедектер, қамқоршы тағайындалған заң бойынша бала кезінен мүгедектер, қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронаттық тәрбиешілер, колонияда жазасын өтеушілер, студенттер, мерзімді қызмет әскери қызметшілері, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша бекітуді рәсімдейтіндер.

Айта кету керек, емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрын өзі қаралған ұйымында қала береді. Тіркеу науқаны емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Бұл рәсімді жылына бір рет науқан аясында жасауға болады, сондай-ақ, егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмысын, оқу орнын ауыстырған жағдайда, басқа елді мекенге көшкен болса немесе  ол тіркелген емхана қайта ұйымдастырылса, басқа да жағдайларда емхананы ауыстыруға құқылы.  Ендеше, науқан аясында  мүмкіндікті  пайдаланып, өз емханаңызды таңдаңыз.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<