Отанды сүю – басты парыз

805

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Жұлдызды Жеңіс – жасампаз ұрпақ» атты салтанатты шара өтті. Облыс әкімі  Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, айтулы мерекемен құттықтады.

Биыл егемен еліміздің айбыны – ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына – 30 жыл. Тарихқа көз жүгіртсек, Кеңестік Одақтан бөлінгеннен кейін еліміздің әскери жүйесін өз мүддемізге бірден бұру оңай болмады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл жүйе күрделі өзгерістерден өтті. 1992 жылдың 22 желтоқсанында ҚР Қорғанысы және Қарулы күштері туралы заң қабылданып, олардың рөлі, орны мен міндеттері белгіленіп, бекемделді.

2005 жылдарға дейін елімізде қарулы күштердің негізі қаланса, одан кейін әскери мектептер мен оқу орындары құрылып, сапалық тұрғыдан жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде еліміздің қарулы күші жаңа халықаралық аренаға заманауи талапқа сай қару-жарағы, әскери техникасымен танылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы күштердің жоғарғы Қолбасшысы әскери қауіпсіздіктің қазіргі жағдайын ескере отырып, оның құрылымы мен құрамын  жаңғырту, әскери басқару жүйесін жетілдіруді тапсырды. Біз кешегі от пен оққа оранып, жанын қиса да арын сатпаған бір сүйем жерін жау қолына ұстатпаған батыр бабалар ұрпағымыз деп мақтанар болсақ, қолымызда тұрған тәуелсіздігімізден айырылып қалуға мүлде хақымыз жоқ, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, әскери қызметкерлерді батырлық пен қайсарлықтың, шынайы патриотизмнің  үлгісі болуға шақырды.

– Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді. Біздің бейбіт те тыныш өміріміз үшін кеудесін оқ пен отқа төсеп, қар жамылып, мұз жастанып ерліктің ерен үлгісін көрсеткен майдангерлеріміз бен тыл еңбеккерлері сұрапыл заманда өздеріңіздей жас болса да, Отанын сүюдің жауапкершілігін терең түсінді. Уақыт алға жылжыған сайын бұл ерліктің шоқтығы биіктеп, қадір-қасиеті артып, тәлім-тәрбиесі мен мән-мағынасы тереңдеп даралана түсуде. Біз ардагерлеріміз бен майданда қаза болғандарға басымызды иеміз! – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада «Соғыстың соңғы көктемі» атты театр артистерінің көрінісі сахналанып, майдан даласындағы жауынгерлердің демалыс сәтінен эпизодтар көрсетілді. Жергілікті өнерпаздар «Тальяночка», «Катюша», «Сәулем-ай» әндерін орындап, сұрапыл заман сәттерін еске түсірді. Ал Қ.Ақдәулетова атындағы балалар студиясының өнерпаздары Н.Тілендиевтің «Туған елін» айтып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Мерекеге арнайы шақырылған  Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова «Мәрт қазақ», «Қаздар қайтқанда»,  «Сырдариям» әндерін орындап, көрермен көңілін серпілтті.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Бағдат Есжанов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<