Президенттің «Мемлекет құламайды» деген сөзі халықтың көңіліне сенім ұялатты

557

0

ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин бір топ маңғыстаулық тұрғынның Президенттің халыққа үндеуін қалай қабылдағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің үндеуін мен Маңғыстау облысында жүріп тыңдадым. Есімде бір сәт қалыпты. Қатардағы полиция өкілдері, қарапайым тұрғындар, бәріміз жиналып, теледидарға үңілген едік. Демімізді ішімізге тартып, ұйып тыңдадық. Сол кезде қасымдағы адамдарға қарап, көздерінен көңілдеріне сенім қалай ұялап жатқанын көрдім. Президенттің «Мемлекет құламайды. Мен астанада қаламын» деген танымал сөзі бар ғой, осы сөздер халықты шабыттандырды. Мен мұны ешбір пафоссыз, идеологиялық мақсатпен немесе насихат ретінде айтып отырған жоқпын. Мен адамдардың жан дүниесіндегі сезімін, өзімнің көргенімді айтып отырмын. Сенімділіктен бөлек, нақты әрекеттердің жоспарын, шешімдер туралы айтты. Мемлекет дегеніміз осы. Билік деген де осы», – деген Мемлекеттік хатшы осы оқиғалардың бәрі ел азаматтарының санасында мемлекет деген ұғымның жаңа түсінігі қалыптасатынын атады.

«Мен азаматтарымыздың санасында жалпы мемлекеттіліктің мәні туралы жаңа түсінік бекіді деп ойлаймын. Мемлекет деген біз, мемлекет деген – жұдырықтай жұмылған азаматтар. Бұған дейін мемлекет дегенді Үкімет, әкімдік сияқты қандай да бір мемлекеттік органдар деп қабылдап келген шығармыз. Осы күндері әкімдіктер мен полиция органдары ғимараттар басып алынып жатқан кезде мемлекеттің символдары құлап жатқандай көрінді. Бірақ мемлекет деген әрқайсымыздың жүрегімізде, санамызда болып шықты», – деді Ерлан Қарин.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<