Қайраткер атындағы көше

562

0

Қызылорда қаласындағы сол жағалаудағы бір көшеге мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғафур Мұхамеджановтың есімі берілді. Көшенің  ашылу рәсіміне облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов және зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты.

Ғафур Мұхамеджанов небәрі 18 жасында майданға аттанған. ол Ленинградтан Германияға дейінгі жерлерді азат ету ұрыстарына қатысқан. Елге оралып, ұзақ жылдар бойы партия және кеңес органдарында жемісті еңбек етіп, Одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққан.

Үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Георгий Жуков», «Тыңға – 50 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» медальдарымен, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткені үшін ІІІ «Даңқ», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен наградталып, еліне адал қызмет еткен.   

Салтанатты рәсімде облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сөз сөйледі.

– Ғафур Мұхамеджанов саналы ғұмырында облыстың дамуына атсалысып, кәсіби тәжірибесін жұмсап, парасатты істерімен халықтың жүрегіне жол тапты.

Ағамыз жастайынан еңбек етіп, шыңдалып өсті. Ұлы Отан соғысына қатысып, қан кешіп, Отанын қорғады. Майданнан оралып, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етті. Оның жүріп өткен жолын електен өткізсек, өзін-өзі еңбегімен қалыптастырған, жігерімен алға жетелеген қайраткердің тұлғасын көреміз. Халықтың жүрегінде қалған оның есімі ел жадынан өшпейді, жасаған қалтқысыз қызметі ұмытылмайды, –  деді мәслихат хатшысы.

Іс-шарада еңбек ардагерлері қайраткер туралы естеліктерін бөлісті. «Өткенсіз болашақ  жоқ» дегендей,  кейінгі ұрпақ аға буынның  жақсы ісін үлгі тұтып, құрмет-қошеметін аямайды.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<