«Қайсар» алтыншы орынға көтерілді

802

0

Алғашқы екі турда жеңілістің ащы дәмін татқан қызылордалық «Қайсар» кейінгі төрт ойында жанкүйерлерді қуантып отыр.

Бір тең нәтиже, үш жеңістен кейін қоржынға он ұпай салды. Турнир кестесінде алғашқы алтылыққа табан тіреді. Оған алтыншы турда сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуын» жеңгеннен кейін қол жеткізіп отыр.

Былтыр екі команда бірінші лигада доп тепті. «Қайсар» екінші орын алса, «Жетісу» үздік үштікті түйіндеді. Десе де, өткен жылы өзара екі кездесуде де талдықорғандық клубтың мерейі үстем болған еді. Қысқасы, аталған команда – «Қайсар» үшін қолайсыз қарсылас.

«Жетісу» сапында биыл негізінен жергілікті түлектер ойын көрсетеді. Соған қарамастан бесінші турда Алматыда «Қайратты» жеңіп кеткен олар бұл жолы да үш ұпайды оңайлықпен бермейтіні белгілі еді. Оны жасыл алаң төріндегі тартысты бәсеке барысында байқадық. Қолайлы сәтте «Қайсардың» қақпашысын қапы қалдыруды ойлаған талдықорғандық футболшылар кей мезетте қателіктерге бой алдырды. Ойынның 45-минутында айып алаңында доп жетісулық қорғаушының қолына тиді. Бұл сәтті қалт жібермеген төреші VAR қарап, алаң иелері қақпасына пенальти белгіледі. Оны қызылордалық жартылай қорғаушы Дмитрий Бородин мүлт жіберген жоқ.

Екінші кезеңде доп негізінен алаң ортасында көбірек байқалды. Десе де, «Қайсар» ойыншылары қарсылас команда қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Көптеген бұрыштама добы белгіленді. Осындай сәттердің бірінде «Жетісу» қорғаушылары тағы да тәртіп бұзды. Өздерінің айып алаңында қызылордалық футболшыны өкшесінен басып, шалып құлатты. Бұл жолы да Дмитрий Бородин қақпашыны қапы қалдырып, есепті үстемелей түсті.

 Бұл – жерлестеріміздің қатарынан үшінші жеңісі. Нәтижесінде команда турнир кестесінде алтыншы орынға көтеріліп, жағдайын жақсартып алды.

Енді қызылордалық футболшылар қатарынан бес ойында ел біріншілігінде алдыңғы орындарда келе жатқан командалармен кездеседі. Алдымен 23 сәуірде өз алаңында елордалық «Астананы» қабылдаса, одан кейін 6 мамырда Шымкентте «Ордабасымен» кездеседі. Ал 13 мамырда қостанайлық «Тобылмен», 20 мамырда «Қайратпен», 27 мамырда «Ақтөбемен» шеберлік байқасады. Ал 19 сәуір күні Қазақстан кубогының 1/8 финалдық ойындары басталады. Бұл күні жерлестеріміз сырт алаңда «Астанамен» жасыл алаңға шығады.

Аталған турдағы өзге ойын нәтижелері төмендегіше: «Ақсу» – «Қызылжар» 0:2, «Ақтөбе» – «Атырау» 4:0  «Жетісу» – «Қайсар» 0:2, «Каспий» – «Оқжетпес» 2:1, «Шахтер» – «Мақтарал» 3:0, «Ордабасы» – «Тобыл» 4:1, «Астана» – «Қайрат» 0:3. 

Астанадағы аламаннан жүлделі оралды

Астана қаласында 10-17 сәуір аралығында ҚР Оқу-ағарту министрлігі дене тәрбиесі Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен волейболдан

9-11 сынып оқушылары арасында «Шұбар доп» ұлттық мектеп лигасының ақтық жарысы өтті.

Онда Қазақстанның әр түкпірінен келген 18 команда бақ сынады. Тартысты өткен волейбол бәсекесінде Жаңақорған ауданы Жаңарық ауылының №167 орта мектеп командасы чемпион атанды.

– Бұл – біздің республика деңгейіндегі алғашқы жүлдеміз. Бұған дейін аудандық іріктеуден төрт рет І орын, облыстық іріктеуден үш рет ІІ орын иеленгенбіз. Осы жолы І орын бұйырып, республикаға жолдама алдық. Ал республикада үздіктерден озып шығып, айқын жеңіске жеттік, – деді команда жетекшісі Азамат Жұмаділлаев.

Жеребе қорытындысы бойынша командалар төрт топқа бөлінді. «А» тобында Қызылорда, Алматы, Петропавл, Өскемен және Маңғыстау командалары өзара мықтыны анықтады. Үш кезеңнен тұратын додада қызылордалық ұжым топтық кезеңдегі барлық қарсыласын 2:0 есебімен ұтты. Ал жартылай финалда өз топтарынан үздік шыққан жерлестер Түркістан командасын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, Жамбыл командасымен өткен ақтық сында 2:0 есебімен айқын басымдыққа ие болды. Сонымен, биылғы турнирде сырбойылықтар жеңімпаз атанса, Жамбыл облысының командасы жүлделі ІІ орынға ие болды. Ал үздік үштікті түркістандықтар түйіндеді. Спорттық шара соңында турнирдің үздіктеріне министрлік атынан дипломдар табысталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<