Қала әкімінің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті

239

0

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәжілісте күн тәртібіндегі мәселелерден бұрын кадрлық өзгерістерге тоқталды.

Бұған дейін қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанын айтқан шаһар басшысы Алмасбек Әбілқасымұлын жаңа қызметімен құттықтай отырып, қалада атқарған бірқатар жұмыстарына тоқталып, алғысын білдірді.

 Мәжілісте қала әкімі қалалық ішкі саясат бөлімінің жаңа басшысы Әбдіқадыров Сейдуали Алайдарұлын таныстырды.

Одан әрі мәжілісте Ақсуат, Қосшыңырау ауылдық округінде жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері қаралды. Ақсуат елді-мекеніндегі жұмыстарды баяндаған Мәмбетәлі Ақмырзаев ауылда  жылдың 10 ай көлемінде кәсіпкерлік субъекті санының артқанын айтып, саладағы тиянақты жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар  Ақсуатта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына сай атқарылған жұмыстарды, ауылдың жетістіктері мен көрсеткіштерін жіктеді.

Ал, Қосшыңырау ауылында ауыз су мәселесі толығымен шешілген деп мәлімдеген Дулат Таубай елді-мекенде жол мәселесі де жолға қойылғанын айтты. Жыл басындағы есептік кездесудегі ел тілегінің бірі кешкі мезгілде электр қуатын тұрақтандыру мәселесі болса, қазір бұл мәселе де қала әкімінің қолдауымен өз шешімін тапқанын баяндады.

Қос ауылдың тыныс-тіршілігін саралап,  жыл көлеміндегі жетістіктерін тыңдаған шаһар басшысы қала іргесінде қанат жайып, күре жолдың бойынан орын тепкен Ақсуатта мемлекеттік бағдарламаларға мойын бұрған азаматтардың қатары әлі де аз екенін айтып, кәсіпкерлік бағытқа келгенде Қосшыңырау да кейін қалып тұрғанын атап өтті. Қала әкімі жыл аяғына дейін қос ауылдың да көрсеткіштерін көтеруді жауаптыларға жүктеді.

Сонымен қатар ауылдық округтердегі  жол жөндеу, ауыл шаруашылық саласын цифрландыру, тазалық, қылмыстарды болдырмау мақсатында жұмыстарды ұйымдастыру және жасалған қылмыстардың ашылуы бойынша бірқатар сын-ескертпелер айтқан қала әкімі қос басшыға да жұмыстарын ширатуды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз