Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде заңбұзушылықтар анықталды

1195

0

Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінде мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде заңбұзушылықтар орын алған.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында айтылды. Аталған мәжілісте Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру бойынша атқарған жұмыстары туралы хабарлама жасады.

Бүгінгі таңда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен жеке және заңды тұлғаларға 7 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі.

«Жыл басынан бері бөліммен 5630 қызмет көрсетілді. Оның ішінде, эскизді келісу – 701 өтініш, сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру – 1099 өтініш, мекенжай анықтамасын беру – 3772 өтініш, объект салу үшін жер учаскесін беру – 16 өтініш, объектілерді бұзу бойынша – 16 өтініш бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетілді. Көрсетілген қызметтер бойынша 3 мерзімін бұзу фактісі анықталып, бөлімнің жауапты мамандары тәртіптік жазаға тартылса, бөлімнің басшысына сөгіс және айыппұл түріндегі шаралар көрілген», – деді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғабит Қожахметов.

Ағымдағы жылдың маусым айында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментімен профилактикалық тексеру барысында сәулет және қала құрылысы бөлімінде мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысты 18 заң бұзушылық фактісі анықталған. Осыған байланысты, бөлім басшысына мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған арнайы оқулар ұйымдастырып, қызметтерді сапалы әрі мерзімінде орындау тапсырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<