Қазақстан қандай өнім шығарады?

1204

0

Президент кейінгі Жолдауында Қазақстан экономикасы өкінішке орай әлі де шикізатқа тәуелді екенін ашып айтты. Соған сәйкес әрине қазақстандық экспорттың басым үлесі де шикізат екені анық. Дегенмен  дайын өнімдерімізді де шығарып жатқанымызды атап өте аламыз.

Сонымен шетелге қандай дайын өнімдеріміз шығарылуда, соған шолу жасап өтелік. Азық-түлік ішінде ең сұранысқа ие болып отырған тауар ол біздің тәтті өнімдеріміз екен. Оларды әлемнің көптеген елдерінде кездестіре аламыз. Еліміз жыл сайын 15  мың тонна шамасында кондитерлік өнімдерін сатуда.  Ол өз кезегінде кәсіпкерлерге жыл сайын 18,3 млн доллар табыс кіргізуде.

 Ресей тұрғындары үшін біздің плиталық шоколадтарымыз сүйікті тағамдарының бірі болса, Қырғыз елінде печеньеміз, ал ТМД-ның өзге елдерінде конфеттеріміз өтімді тауар болып отыр. Тәттіні сүйетіндер үшін жақсы өнімдеріміздің бірі «А-продукт» компаниясы шығарып жатқан халуа  екенін мақтанышпен жеткізуге болады. Оны ТМД елдерінен бөлек Моңғолия, Қытай, Германия, Италия, Испания, Франция супермаркеттері сөрелерінен кездестіресіз. Ал жақында бұл өнімге Сауд Арабиясы тарапынан да қызығушылық туындағанын естіп білдік.

Қазақстандық сүт өнімдері негізінен Қырғызстан және Ресейдің бізбен шекаралас өңірлеріне шығарылуда. Сүт өнімдері жыл сайын оны өндірушілерге 15 млн доллар табыс әкелуде. Оның ішінде ең сұранысы көп өнім «Фуд Мастер». Оған қымызды да қосуға болады. Бие сүті көптеген елдерге сатылуда. Бірақ оны  аз көлемде сатып жатқанымызды мойындауға тиіспіз. Оны көбінесе гурмандар ғана сатып алады. Қымыздан түсетін табыс әзірге 2 млн доллар шамасында ғана болып тұр. Еуропа мен АҚШ нарығында моңғол қымызы басымдыққа ие.

 Қазақстан шайын ішкен адам оны үнемі сағынып отырады. Әлбетте, шай біздің даламызда өспейді. Бірақ шай жапырақтарын өңдеу мен оны әдемі қораптарға салуды біздің мамандар жақсы меңгеріп алған. Алайда, оны әлем елдерінде біле бермейді. Оны сатып алушылар негізінен басқа елдерден қоныс тепкен бұрынғы отандастарымыз. Қазақстан жыл сайын сырт елдерге 3 мың тонна шай өткізуде.

Қазақ елі қай уақытта да өзінің бидайымен мақтана алады. Одан жақсы макарондар жасалады. Қазіргі таңда біздегі кәсіпорындар итальяндық қондырғылармен жабдықталған. Сол себептен спагеттидің сапасы бойынша макаронның отанындағылардан еш кем түспейміз. Елімізден жыл сайын жалпы сомасы 27 млн долларды құрайтын 35 мың тонна макарон өнімдері экспортталып келеді. Бірақ, оны сатып алушылар біздің көршілеріміз Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан ғана. Оларды Еуропа супермаркеттерінен әзірге кездестіре алмайсыз. Бірақ «Кемми» компаниясының жаймаларын Германияда сатылып жатқанын білген артық етпес. Оны негізінен сатып алушылар қазақша ет асып жеуді сағынатын бұрынғы отандастарымыз.

Біздің сырамыз бен шарабымыз әлем нарығына әлі шыға қойған жоқ. Бірақ арағымызды ықыласпен тұтынады. Ол негізінен Ресей мен Қырғызстанға шығарылуда. Бұған дейін арақ пен коньягімізді украиналықтар да сатып алып келген болатын. Алайда, қазір ол жақта той тойлайтын шамада емес екені түсінікті.

 Бұл геосаяси жағдайлар сауда-саттыққа біраз зиянын тигізіп отырғаны белгілі. Ол әсіресе қазақстандық бұқтырылған ет экспортына барынша зардабын тигізді. Бұрын біз ЕО елдеріне 400 мың банкі ет консервілерін сатып келсек, қазір ол жаққа бір банкі консерві де сата алмаған  жағдайымыз бар. Ал көршілерімізге бар болғаны 60 мың банкі ғана өткізе алдық. Шет елдерде негізінен біздің «Кублей» сауда маркасындағы ет консервілеріміз өтімді болып келгенін айта кету керек.

Геосаяси ахуалдың көптеген тауарлардың, әсіресе азық-түлік тауарларының қымбаттауына елеулі әсері болып отыр.  Ал жалпы алғанда Қазақстан импортқа тәуелді кез келген мемлекет секілді тұрақтылығынан айырылған логистикадан зардап шегуде. Егер бір мемлекет тауар шығаруды шектесе, екінші мемлекет келісілген көлемдегі тауарды ала алмайтыны түсінікті.

Бүкіл әлемдік сауда ұйымының бас директоры  Нгози Оконджо-Ивеала да экспорттық шектеулер әлемде азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына әкеп соққанын мәлімдеген болатын. Дегенмен, сарапшылар бізде қымбатшылық орын алғанмен жағдайымыз көптеген елдермен салыстырғанда жаман емес екенін айтады. Өйткені бидай, ұн, нан секілді негізгі азық-түлік тауарымен өзімізді қамтамасыз еткенбіз. Ал Украина астығын экспорттауда орын алған кедергілер әлемнің көптеген елдеріне біраз зиянын тигізді. Таяу Шығыс елдерінде уақыт өте келе тіптен қиын жағдайлар қалыптасуы әбден мүмкін.

Осы болып жатқан жағдайлардың бәрі біздің елімізде азық-түлік өндіру саласында әлі де көптеген мәселелер бар екенін анық көрсетіп отыр. Қарапайым жұмыртқаның немесе қанттың тапшылығының өзі біраз нәрсені аңғартқан жоқ па? Картопты, қызанақ пен қиярды, сондай ақ тағы басқа көптеген дақылдар мен көкөніс немесе жеміс түрлерін сырттан жеткізіп жатқанымыз көп шаруаны қолға алу қажеттігін білдіреді. 

«Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес…» деген Мемлекет басшысының Жолдаудағы сөзін Үкімет, жергілікті билік, аграршылар, кәсіпкерлер, сондай-ақ барша тұрғындар қаперге алуы тиіс.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<