Қазақстанда пәтер сатып алуға деген сұраныс күрт азайған

744

0

Қазақстанда пәтер сатып алуға деген сұраныс азайған. Себебі бұған халықтың қаржысы жетпейді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғын үйдің ай сайынғы төлемі мен алғашқы жарнасы қымбаттаған. Мұндай қаражатты төлеуге көп отбасының шамасы жетпейді. Мемлекеттік бағдарламалармен пәтер алу да қиын. 

Қазақстанда қазіргі таңда 500 мыңнан астам адам баспанаға мұқтаж. Олардың әрбір отбасы мүшелерін ескерсек, пәтерсіз жүрген адамдардың саны миллионнан асады.

Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы бар. Бағдарлама бойынша пәтерді көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі барлар, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар 10% бастапқы жарна салып, 2%-дық несиемен алады.

Баспана кезегіне тұрып, «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы да үй алуға болады. Онда да 10% бастапқы жарна салып, 5% несиемен пәтер алуға өтініш беру керек. Бірақ мұнда кезек үлкен. Өз кезегін 20 жылдан бері күтіп жүргендер бар.

“Министрліктің негізгі мақсаты – әлеуметтік осал топтар мен жергілікті әкімдіктерде баспана кезегінде тұрғандарға қолдау көрсету. Басты талабы – атында баспанасы болмауы керек. Мемлекет бұл азаматтардың несиесін субсидиялайды. Басқа адамдар үшін нарықтағы ипотекалық өнімдер бар. Соларды пайдалана алады. Олардың пайыздық мөлшерлемесі 20%-ға дейін барады”, – деді ИИДМ тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас сарапшысы Марат Жарбулов. 

Кез келген тұрғын несиеге баспана алу үшін екінші деңгейлі банктер ұсынған «Ұмай» және «7-20-25» бағдарламаларын қолдана алады. Бұлардың да пайыздық мөлшерлемелері едәуір жоғары. Бұл бағдарламалар көпке бірдей қолжетімді емес. Мәселен кейбірі 20% бастапқы жарнаны жинай алмайды. Енді бірінің екінші деңгейлі банктердің 10-15% несие мөлшерлемесін төлейтін мүмкіндігі жоқ.

Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев биыл баспанаға сұраныс азайғанын айтады. Себебі қарапайым халықтың пәтер сатып алатын мүмкіндігі жоқ. Қымбатшылық қысқан заманда тұрғындардың табысы төмендеген. Оның айтуынша, баспанасы жоқ халыққа бастапқы жарнасыз үй алуға мүмкіндік жасау керек. Сондай-ақ несие мөлшерлемесін 5 пайыздан асырмауға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді деген пікірде.

“Мынау беріліп жатқан несиелердің пайызы өте жоғары. 14 пайыз. Кейбірі одан да асып кетеді. Ипотека алған азамат айына 200 мың, тіпті 300 мың несие төлеу керек. Ол қарапайым азаматтың қолынан келмейді”, – деді құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев. 

Индустрия министрлігінің өкілдері алдағы уақытта қолжетімді бағдарламаларды іске қосу қарастырылмағанын айтады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<