Қоғамдық кеңесте не айтылды?

309

0

Шиелі аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында былтыр ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы аудан әкімі Нұржан Ахатов баяндама жасады.

Нұржан Сәбитұлы өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралай келе ендігі кезектегі ауылдық округтер мен кент ішінде электр желілерін ауыстыру, тұрғын үй құрылысы, жол жөндеу жұмыстары сынды жобаларды ерекше атап өтті.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері де өздерінің ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектерін ортаға салды. Атап айтқанда, Насыр Мырзабеков кәсіпкерлер жұмысын жандандыру арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтудың артатындығын және жалпыға бірдей декларация тапсыру, мобильді аударымдардың тәртібі туралы әлі де кеңірек түсіндіру қажеттігін ортаға салды. «Осы орайда қосымша мамандар тарту да артықтық етпес еді» деді ол өз пікірінде. Ал қоғамдық кеңес мүшесі, Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет ардагерлердің бақша егуіне қолайлы жер беріп, жағдай жасау мәселесін көтерді. Сондай-ақ кенттегі орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы, көктем мезгілінде көгалдандыру жұмыстарына тамшылатып суғару әдісін қолданудың тиімділігін еске салды.

Ауыл шаруашылығы маманы Тілеубек Бабасовты мал жайылымы оны суландыру мәселесі, ветеринарлық жұмыстардың барысы мазалайды. Ал Нұрболат Пірімбет таудағы бұлақтардың жылдан-жылға тартылып бара жатқанын, сондықтан бұлақ көздерін ашу қажеттігін ортаға салды. Қоғамдық кеңес жиынында Шиелі кентінің түстік беткейінде тұрғындардың көптеп тұрақтануына байланысты амбулатория салу қажеттігі және қорымға жаңадан жер беру мәселесінің өзге ұлт өкілдері тарапынан көтеріліп жүргені де аудан әкімінің назарына салынды.

Қоғамдық кеңес жиынын төраға Қабілеш Бекішов қорытып, аудан әкімінің есеп беруіне оң баға берді. Жоғарыда айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, өз деңгейінде орындалуы саяси тұрақтылықты нығайтып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсара түсуіне септігін тигізеріне сенім білдірді.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<