Қоғамдық тыңдау: Жаңа әуежай жобасы қолдау тапты

427

0

«Қорқыт ата әуежайы» терминалының құрылыс жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға «Болат Өтемұратов қорының» директоры Марат Айтмағамбетов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пакуатдин Шамұратов, «Astanapropertymanagement» ЖШС директоры, «Верный капитал» АҚ инвестициялық тобы бас директорының орынбасары Дәурен Өтемұратов, «Болат Өтемұратов қорының» жоба жетекшісі Абай Нұрмаханов, «Accentdevelopmentsolutions» ЖШС жобаның бас инженері Нұрлан Жұмағұлов, жоба жетекшілері, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Тыңдауға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы төрағалық етті. Терминал құрылысының жобасын «Accent development solutions» ЖШС өкілі Әсет Атабаев таныстырды.

Жобаның құны шамамен 25 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысан қаланың коммуналдық меншігіне тегін беріледі. Әсет Атабаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың ақпанында бастау жоспарлануда. Ал, жаңа терминал 2024 жылдың қыркүйегінде алғашқы жолаушыларды қабылдай алады.

– Жаңа терминал құрылысы кезінде уақытша 600-ден астам жұмыс орны, іске қосылғаннан кейін 64 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа терминалда жайлылық қамтамасыз етіледі. Өткізу қабілеті – сағатына  250 жолаушы.  Жаңа әуежай терминалы үздік халықаралық тәжірибеге сай болады және бүкіл өңірдің дамуына серпін береді. Шыныдан жасалған витражды қасбеттері бар екіқабатты терминалдың жалпы ауданы 7500 шаршы метрді құрайды. Терминалда телескопиялық өтпе жол, эскалаторлар мен лифттер, жүктерді тапсыру мен өңдеудің автоматтандырылған жүйесі, транзиттік жолаушыларға арналған зал, CIP залы қарастырылған. Жаңа ғимаратта өзін-өзі тіркеу пункттері, Duty Free аймағы, сондай-ақ шекара және кеден қызметтері, фитосанитарлық және ветеринария, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері мен желілік полиция бөлімшелері үшін мамандандырылған орындар ашылады, – деді ол.

Сондай-ақ, құрылыста халықаралық брендтердің жабдықтары, технологиялары және жобалық материалдары пайдаланылады. Жаңартылған жолаушылар әуежайының жобасы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) өзекті стандарттарына сәйкес келеді. Оның авторы – Нидерланд, Ресей, Түркия және Парсы шығанағы елдеріндегі әуежайларды жобалауда 20 жылдық тәжірибесі бар «GMW Mimarlic» түрік жобалық компаниясы.

Қоғамдық тыңдауды өткізу мақсаты қоғам талғамын анықтау және олардың әсер етуді бағалау үдерісін есепке алу еді. Тыңдауда пайдалану кезінде атмосфераны ластайтын заттардың шығарындылары туралы, атмосфералық ауаға және топырақ, су бассейндеріне жағымсыз әсері туралы мәселелер қаралды. Жобаланған нысанның қоршаған ортаға әсері туралы «ИнТех» компаниясының өкілі Самал Мұқанова баяндады.

– Жаңа терминал құрылысы мен пайдалану кезеңінде қоршаған ортада қайтымсыз теріс өзгерістерге жол берілмейді, – деді ол.

Қоғамдық тыңдауда әуежай ардагерлері кеңесінің төрағасы, «Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор Уалихан Әшеков «Болат Өтемұратов қорының» Сыр өңіріндегі бірқатар әлеуметтік жобалар мен маңызды бастамаларға қолдау білдіріп, халықтың әл-ауқатын арттыруына қосқан еңбегін атап өтіп, алғысын жеткізді. Сондай-ақ, жаңа терминалдың қызылордалықтар үшін маңызы мен қажеттілігі туралы айтып, құрылыс жұмыстарына сәттілік тіледі.

Дауыс беру қорытындылары бойынша қоғамдық тыңдау болды деп танылды. Ал, жоба қауымнан қолдау тапты. Бұдан әрі құжаттама қолданыстағы заңнамаға сәйкес құзырлы органдарға келісуге жіберіледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<