Қызылордада заңсыз дәрі сатудың 23 дерегі анықталды

833

0

Қызылордада заңсыз дәрі-дәрмек сатудың 23 дерегі анықталып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Оның 11-і заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, дәрілік заттарды жоғары бағада сатқан», – деді өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс -қимыл басқармасының бастығы Ерболат Төреахметов мәлімдеді.

«Аймақта «Дексаметазон» дәрілік препаратының (инъекцияға арналған ерітінді) бір ампуласы 1500 теңгеден сатылған. Оның тегін берілуге жататыны немесе нақты сатылу бағасы туралы эксперттердің қатысуымен тексеру жүргізілуде», – деді экономикалық тергеу басқармасының басшысы Ардақ Биғалиев.

Мұнан өзге, облыс дәріханаларының бірінде елімізде тіркелмеген дәрінің сату фактісі анықталды.

– Департамент қызметкерлері жасырын сатып алушы ретінде дәріханаға барып, тексеру жүргізді. Тексеру барысында сатып алынған вирусқа қарсы «Осельтамивир-Акрихин» дәрісінің бір қорабы 8 521 теңгеден екенін анықтады. Оның жалпы сомасы 25 563 теңгені құрады. Аталған факт бойынша жинақталған материал облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді, – деді А.Биғалиев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<