Қызылордаға Өзбекстаннан гуманитарлық көмек келді

1210

0

Өзбекстанның Қазақстанға жолдаған гуманитарлық көмегінің біздің облысқа тиесілі бөлігі жеткізілді. Бүгін «Ақниет» ЖШС арқылы 120 мыңға жуық бір реттік қолғап пен 50 мыңнан астам бетперде әкелінді.

– Осы кезге дейін облысқа Қытайдан көмек жеткізілген болатын. Таяу күндері ДДСҰ ұйымдастыруымен Ресейден де гуманитарлық көмек келеді деп күтілуде.Әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты мемлекет тарапынан ауқымды ұйымдастыру шаралары жүргізілуде. Барлық емхана, дәріханаларды дәрі-дәрмекпен, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары іске асуда. Қазір облыстағы емханалар мен ауруханаларда жеке қорғаныш құралары мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Гуманитарлық көмек тұрғындарға тиімді жеткізілуі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдары, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен бірге бақылау жүргізетін боламыз. Гуманитарлық көмектің үлкен саяси мәні бар. Жуырда көршілес Қытайдан келсе, енді тарихымыз, тамырымыз үзілмеген Өзбекстаннан келуде. Қай кезде де қиындық елді қиыстырады. Таласқаннан емес, жарасқаннан бірігеміз. Сондықтан мұндай уақытта әрқайсымыз біріге отырып, індетті жеңіп шығамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.

Шетелден келген көмектің емдеу нысандарына дұрыс жеткізілуі де қатаң бақылануда.

– Гуманитарлық көмек діттеген мақсатына жетуі керек. Халықтың денсаулығы үшін достық мемлекеттердің көмегіне ризашылық білдіреміз. Тиісті мекемелерге жетуін қадағалауды аяғына дейін жүзеге асыратын боламыз, – деді  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ниязов Бақытжан.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<