Қызылордалық 100 отбасы баспаналы болды

677

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында тұрғындарға 50 пәтерлік екі үй табыс етті.

Шарада аймақ басшысы пәтер иелерін мерекемен және баспаналы болуымен құттықтап, Қызылорда қаласын қарқынды құрылыс алаңына айналдырған Сыр құрылысшыларына алғысын білдірді.

– Бұл күн – Тәуелсіз еліміздің тарихындағы Тұңғыш Президентімізді айқындаған айтулы күн, халықтық мереке. Әр қазақстандықтың санасында Тәуелсіздік ұғымының бір баламасы болса, ол Елбасының биік есімімен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Елбасының кемеңгерлік стратегиясын, өнегелі үрдісін лайықты жалғастырып, баршаға ортақ игілік пен өрлеудің, сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетуде. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында толымды табыстарға қол жеткізсе, оған Сыр елі де өз үлесін қосып келеді. Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. Биылғы жылы облыста барлық қаржыландыру көздерінен 1946 пәтерді құрайтын 94 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қызылорда қаласында жыл басынан бері 580 пәтерді құрайтын 13 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы бір мақтанышпен айтатын жаңалығымыз жыл аяғына дейін қаламызда 680 пәтерді құрайтын 14 арендалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қабылданады. Бүгінгі пәтер иелерін қуаныштарымен және 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын! – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<