Сараң бай

15

0

(Ел аузынан)

Бірде Аю ақын жолаушылап келе жатып, бір байдың үйіне түседі. Үй иесі кәдімгідей сараң кісі екен. Танымайтын кісіге мал союға қимай әрі қонағын аш жатқызудың ретін тағы таба алмай қатты қиналады.

Ақыры қасқыр тартып, арық құнан қойды соймақ болып, жалшысына ал­дыртып, қонақтан бата сұрайды. Қоралы қойы тұрып, құрттаған арық қой сойғалы тұрған байдың пасық пиғылына күйінген Аю ақын:

Бұл қойың құнан қой ма,

дөнен қой ма,

Атасы жау қолында өлген қой ма?

Соғылып екі бүйірі жарап қапты,

Қайғымен өріске кеш өрген қой ма?

Мойнында мылтығы бар мерген

қой ма,

Түн қатып жортуылды көрген

қой ма?

Қуғын көрген ұрыдай жалтақтайды,

Кәсекең бір теперіш берген қой ма?

Құлағы дыбыс шықса селт етеді,

Күзетке қыз-келіншек мінген қой ма?

Жануар ентігеді есі шығып,

Біреудің қорасына енген қой ма?

Көтерген мойнында тең жібі бар 

Тезекті ерте тұрып терген қой ма?

Басы күйген оқтаудай сымпиып тұр,

Сұмырайдың уыз сүтін емген қой ма?

 Қойыңды тірі болса осы өсірер,

Тілімді ал, осы қойды сірә сойма деген екен. 

Мақсат ӨКСІКБАЕВ.

Қызылорда қаласы