Шаттыққа толы шаңырақ

720

0

Отбасын шағын мемлекетке теңейміз. Оның іргесінің мықты, шаңырағының берік болуы үшін ауызбірлік  пен сыйластықтың маңызы зор. Осы екі ұстанымды әрқашан естен шығармаған Қонысбек Беделбекұлы мен Айзат Әбдіқайырқызы бүгінде берекелі өмір кешуде. Сегіз бала отбасының көз қуанышына айналған.

Үлгілі шаңырақтың егесі Қонысбек Беделбекұлы – Ұлттық ұлан 5547 әскери бөлімінің қызметшісі. Осы салада 2008 жылдан бері жұмыс істеп, Отан алдындағы борышын атқарып келеді. Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар прапорщик әріптестер арасында беделді, отбасында адал жар, қамқор әке.

– Біз әр баламызға жеке тұлға ретінде қараймыз. Олардың пікірімен санасып, ұсыныстарын тыңдаймыз. Ата-анамыздан алған тәрбиені енді ұл-қызымыздың бойына сіңірудеміз. Жаман әдеттен аулақ болып, жақсы нәрсеге ұмтылу керегін, біреудің алажібін аттамай адал болуды, жақсылық жасауды, бір-біріне қамқорлық танытуды естеріне салып отырамыз. Әр отбасының заңдылығы бар секілді, бізде ерлер жағы демалыс күндері үй шаруасын мойнымызға аламыз. Бұл күні қыздар мен анасы демалады. Дәмді ас дайындап, отбасылық мерекелік дастархан жаюды әдетке айналдырғанбыз, – дейді Қонысбек.

Әскери адамның жары болу оңай емесін көп адам біле бермеуі мүмкін. Олар үшін бірінші орында  Отанға қызмет  тұратындықтан, үй шаруасы көп жағдайда әйелдің жауапкершілігіне жүктеледі. Күнделікті тіршілікпен қоса бала тәрбиесіне қарап, жолдасының бір жағын алып жүруі керек.  Өмірлік жары Айзат Нұрымбетованың мамандығы – медбике. Бүгінде шаңырақтың ұйытқысы болып, үй шаруасымен айналысуда. Алтын алқалы Батыр ана әр баланың өз несібесі болатынын айтады.

– Алланың   берген бес   кестетігер мен үш қамшыұстарымыз бар. Үлкеніміз Заманбек қазір өзіміздің қолқанатымызға айналды. Ал кенже қызымыз Әсия тәп-тәтті бүлдіршін. Ұл-қызымыз үлгілі, қатарының алды болып өсіп келеді. Балалардың несібесіне 2018 жылы «Әскери бағдарламасы» арқылы 4 бөлмелі пәтерге ие болдық. Әрқайсысының орны біз үшін бөлек. Олардың қанатын қатайтып, өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар беру –  ата-аналық парызымыз, – дейді көпбалалы ана.

Айрандай ұйыған, татулығы жарасқан осындай отбасыны көргенде көз тояды, көңіл жайланады. Баланы өмірінің мәні деп түсінетін, олардың болашағына бей-жай қарамайтын өнегелі шаңырақ иелері көбейе берсін!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<