Шекарадан заңсыз өткендерге жаза қатаң

661

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы тұрақсыз жағдайға байланысты мемлекеттік шекараны кесіп өткендерге қолданатын жазаны күшейтпек. Мұндай өзгеріс «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасында қаралған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткен шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан аумағынан тысқары 5 жыл мерзімге шығарыла отырып, оған 2 000 айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады не 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», – деп жазылған жаңа редакцияда.

Құжаттың түсіндірмесінде көрсетілгендей, жазаны қатаңдату шарасы Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай мен Ауғанстандағы ахуалға байланысты қабылданып отыр.

«Жақында Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай және Ауғанстандағы жедел жағдайдың шиеленісуі үлкен алаңдаушылық туғызды. Осыған байланысты жалған құжаттар бойынша ел аумағына заңсыз кіру әрекеттері жиілеп кетті. Сонымен қатар, қолданыстағы қылмыстық заңнама ҚР Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өтуге әрекет жасағаны үшін адамдарды жауапқа тартуға мүмкіндік бермейді. Өйткені бұл әрекет ауырлығы аз қылмыстарға жатқызылған», – деп түсіндірме берілген.

Тоқтала кетсек, қолданыстағы заң бойынша шекараны заңсыз кесіп өткендерге қолданылатын ең қатаң жаза – 1 жылға дейін бас бостандығанан айыру. Енгізілгелі отырған өзгерістерге сай, енді мұндай қылмыстар үшін кінәлі 3 жылға дейін сотталуы мүмкін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<