Соттың шешімін орындауға жіберу тәртібі

1596

0

Заңды күшіне енген соттың шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс.

Себебі, сот шешімі орындалуымен құнды. Шешім орындалмаса, оның бағасы да болмайды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 241-бабында соттың шешімін орындауға жіберу тәртібі көзделген.


Шешiмдер дереу орындалатын жағдайларды қоспағанда, заңды күшiне енгеннен кейiн аталған кодексте белгiленген тәртiппен орындауға жіберіледі.


Соттың шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылып беріледі.
Ал, мүлiк тәркiленген, мемлекет кiрiсiне өндiрілген, сондай-ақ қылмыспен келтірілген нұқсан, алименттер, тарапы мемлекет болып табылатын мертігуден немесе денсаулыққа өзге зақым келуден, асыраушысынан айырылудан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда, сот өз бастамасымен ол жазылып берілген күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей атқару құжатын аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындауға жібереді.


Соттың дереу орындалуға тиiстi шешiмi бойынша атқару парағы шешiм шығарылған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей жазылып беріліп, орындауға жiберiледi.
Атқару парағын бiрiншi сатыдағы сот шешiмі заңды күшiне енген немесе iс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні iшiнде жазып береді. Атқару құжаты судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылатын электрондық атқару құжаты нысанында жазылып берілуі мүмкін.


Соттың әрбiр шешiмi бойынша бiр атқару құжаты берiледi. Атқару құжаты өндіріп алушыға беріледі немесе оның арызы бойынша сот аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындау үшін жіберіледі.


Өндіріп алушының өтініші бойынша ортақ жауапкерлерден ақшалай сомаларды өндіріп алу туралы соттың шешімі немесе үкімі негізінде ортақ жауапкерлердің санына сәйкес келетін бірнеше атқару парағы берілуге тиіс.
Әрбір атқару парағында өндіріп алынатын жалпы сома, барлық жауапкерлер және олардың ортақ жауаптылығы көрсетілуі керек.
Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдаса, талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қолданған шаралар және талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүліктің тұрған жерi және оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәлiметтердi қамтитын құжаттардың көшiрмелерi атқару құжатына қоса беріледі.

Атқару құжаты электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, талап қоюды қамтамасыз ету туралы құжаттар судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында қоса беріледі.


Сот орындаушысы атқару құжаты орындалған жағдайда шешiм шығарған сотты бұл туралы он жұмыс күнi iшiнде хабардар етуге немесе «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген орындау мерзімі өткен соң орындалмау себептерi туралы ақпарат беруге міндетті. Мәжбүрлеп орындатуға атқару құжаты ұсынылғанға дейін сот шешімін орындаған борышкер шешім шығарған сотты бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге тиіс.


Соттың заңды күшіне енген шешімін орындамау заңда көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады.


Алайда, өкінішке орай, бізде сот шешімі шығып, заңды күшіне енгенімен, оның орындалуы көңіл көңшітпей жататыны жасырын емес. Көп жағдайларда борышкерден қарызды және алимент өндіру туралы сот шешімі орындалмайды, оны сот орындаушылар бірнеше рет әкімшілік жазаға тартып, тіпті қылмыстық жауапкершілікке де тарта алады.

Борышкерлердің көбі сот шешімі шықпай жатып-ақ өздерінің аттарындағы дүние-мүліктерін өзге туыстарының атына жаздырып, жауапкершіліктен қашады. Осылайша, борышкерлердің атында ешқандай дүние-мүлік жоқ болып шығады. Кейбіреулер соттың шешімін орындаудан жалтарады. Тіпті кейде сот орын¬дау¬шыларының өздерінің ар-намысына тиіп, қар¬сылық көрсетіп, оларды да жүгіртіп, әбігерге салады. Сондай-ақ, сот орындаушылардың әрекеттеріне дау айтатындары да жоқ емес.


Әрбір азамат мемлекет заңдарын сақтауға, сот шешімін орындауға міндетті.

Алмагүл Нұрлыбай,

Қызылорда қалалық сотының

бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<