Сыр жастары жеңіс төрінде

800

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде “Kyzylorda-news.kz” ақпараттық агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаевтың, облыстық “Жас Ұлан” ББЖҰ қоғамдық бірлестігінің  төрайымы Гүлайым Ақмырзаева мен медиа чемпионаттың қатысушысы Шернияз Жалғасбекұлының қатысуымен брифинг өтті. Онда медиасауаттылық бойынша өткен республикалық чемпионат пен “Үркер” ұлттық сыйлығы турасында айтылды.

         Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін, “Үркер” ұлттық сыйлығы биылда жалғасын тапты. Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жұмыстарға арналған сыйлықтың мақсаты – журналистика мәртебесін арттыру, талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтап, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестеріне құрмет көрсетуге бағытталған. 

         – Биыл байқау 2 қазан мен 5 қараша аралығында, 11 аталым бойынша ұйымдастырылды. “Жыл репортажы” аталымына 159 өтініш қабылданып, оның 4-і ақтық сынға түсті. Соңғы кезеңде қазылар алқасы жасырын түрде дауыс беріп, менің мақаламды үздік деп таныды. Бұл жетістік менің ғана емес, Сыр журналистикасының жеңісі деп білемін, – деді байқау жеңімпазы Н.Мықтыбаев.

            Ал медиасауаттылық бойынша республикалық чемпионат елімізде алғаш рет ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен 20 команда бақ сынаған. Қатысушылар киберқауіпсіздік, медиасауаттылық, IT, журналистика саласындағы жетекші сарапшылардан дәріс тыңдады. 14 пен 29 жас аралығында өткен чемпионатқа аймақтан 5 жас қатысып, “Үздік команда” номинациясын жеңіп алды.

         – Жобаның басты мақсаты – жастар мен балаларды интернетке тәуелділіктен арылту. Желідегі әрбір ақпараттың дұрыстығы мен бұрыстығына көз жеткізе білу, сыни ойлауға тәрбиелеу. Тренинг барысында жастар фактчекинг, fakenews немесе fake туралы мағлұмат алып, тәжірибе жинақтады, – деді облыстық “Жас Ұлан” ББЖҰ қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлайым Ақмырзаева.

Мейрамгүл Дауылбайқызы,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<