Талапқа сай жобаларға ғана грант берілді

502

0

Кейінгі күндері мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттарға қатысты түрлі пікір тарады. Грант беру қағидалары ашық әрі конкурстық негізде өтті. Комиссия мүшелері де ашық пікір қалдыруға мүдделі. Кейбір тұрғындар арасында туындаған сауалдарды ескере отырып, нақты ақпаратты ұсынуды жөн көрдік.

Кәсіп бастаушыларға биыл мемлекеттік грант беруге жалпы 120 млн теңге, оның ішінде тек жастарға 70 млн теңге қаржы бөлінді. Конкурстық іріктеуге 673 кәсіпкер қатысып, 3 млрд теңгеден астам сомаға өтінім берді. Бұл жаңадан кәсіп бастауға ниетті азаматтардың биыл едәуір артқанын байқатады.

Конкурстық іріктеу 31 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтіп, нәтижесінде 92 млн 667 мың теңгеге 26 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Оның ішінде, әлеуметтік осал топтағы кәсіпкерлердің 11 жобасы 29,6 млн теңгеге қаржыландырылып, үлесі 42,3%-ды құрады.

Заң талабына сай грант беру конкурсын ұйымдастыру үшін облыс әкімдігі арнайы комиссия құрды. Комиссия құрамында қоғамдық бірлестіктер, білім және ғылым мекемелері, бұқаралық ақпарат құралдары, атқарушы билік органдары өкілдерінен және салалық сарапшылардан жасақталған 11 адам бар.

Комиссияның әрбір мүшесі грант талаптарына қойылатын ережелерді қатаң  ескеріп, үміткерлерге қандай да бір артықшылық көрсетпейді. Талапқа сай лайықты жобаларды қолдап, ал сай еместеріне қарсы дауыс берді. Мемлекеттік грант беру туралы шешімді бизнес-идеялардың жаңашылдығы, бәсекеге қабілеттілігі, бизнес-жобаның дайындығы критерийлері негізінде қабылдады.

Бизнес-идеяның жаңашылдығы халықтың әлеуметтік осал тобындағы, оның ішінде үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтардан заң шеңберінде талап етілмейді. Бірқатар әлеуметтік желі пайдаланушылары наубайхана мен фитнес клуб жобаларына берілген грант бойынша сыни бағытта пікір білдірді. Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданының Тасарық ауылында наубайхана ашу жобаларының жетекшілері зейнеткерлік жасы және көпбалалы отбасы статусымен әлеуметтік осал топ санатына жатқызылды. Ал, фитнес клуб ашу жобасын Қармақшы ауданы Жосалы кентінің жас кәсіпкері ұсынған. Ұлттық статистика бюросының деректемелер базасына сәйкес фитнес клуб қызметімен Жосалы кентінде тек осы кәсіпкер тіркелгенін ескерген жөн.

Конкурс талаптарына сай емес жоба авторларына өзге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесінде «Аграрлық несие корпорациясы», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірмелер жасалып, БАҚ-қа арнайы брифинг  берілді.

Айта кету керек, келіспеушіліктер нақты дәлелмен ұсынылса, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, комиссия өкілдері сауалдарға жауап беруге дайын.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<