Трендте – тақия

8561

0

Қазір қыз-келіншектер арасында тақия кию трендте екені белгілі. Ашық түсті матадан тігіліп, моншақпен, қазақы нақыштағы әшекеймен безендірілген, шынында көздің жауын алады. Бүгінде instagram желісінде сәнге айналған бас киімнің бәсі басым.

Жарнамасы жер жарып тұр. Бағасы да қолжетімді, яғни,  4-5 мың теңгеден басталады. Осы орайда әлеуметтік желілерде «тақияны кімдер киеді, келіншектер кигені дұрыс па?» деген сұрақ төңірегінде  пікірлер қақ жарылуда. Бір тобы «бұл бас киімді тек қыздар киеді» десе, келесі бір тобы «ұлттық киімді насихаттауда қыз кисе де, келіншек кисе де бәрібір емес пе, әйтеуір өзгелерге танытсақ болды да» деген ой айтуда. Шынында тақия кімге тиесілі? Тарихы туралы не білеміз?

Халық киімдерінің ішінде ең сәндісі, мәнерлісі – әйелдің бас киімдері. Әсіресе, тақияның орны ерекше болған, оны күнделікті тұрмыста киген. Барқыттан, қамқадан тігілетін жазғы жұқа бас киім. Ертеректе оның шеттері ақ тиіннің, сусар мен бұлғының үлбірімен көмкерілген, күміс және алтын әшекеймен сәнделген. Өнертану саласының маманы Сабыркүл Асанованың  «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы» еңбегінде қазақтар ұлттық бас киімдерін XV ғасырда Қазақ хандығы орнағаннан бастап кие бастағаны айтылады. Халқымыз  бас киімдеріне қарай қай таптың, қай тектің өкілі екенін таныған. Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап халық киімдеріне өзгерістер ене бастаған. Әсіресе олар Батыс және Солтүстік Қазақстанда, Ертіс жағалауында, орыстар көп тұрақтанған жерлерде байқалған.

Мәліметтерге сүйенсек, қазақ халқының бас киімі екіге бөлінеді: ерлер және әйелдерге арналған. Әйелдерге арналған бас киімдер құрастырылуының күрделі болуымен, бай безендірілуімен ерекшеленген. Оның ішінде тақияны тұрмысқа шықпаған қыздар киген, бірақ оны кию міндетті саналмаған. Негізі XVIII ғасырдан бастап киіле бастаған. Ол Қазақстанға Орта Азия қолөнершілері арқылы келген. Қазақстанның Оңтүстік аудандары мен Сырдария жағалауындағы қазақтар тақияны қызығушылық негізінде сатып алған. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы  қазақ тұрмысын зерттеушілердің   жазуына қарағанда қыздар киетін скуфияның төбесі үшкірлеу келген. XIX ғасырдың соңында төбесі дөңгелек түрінде тұтас ойылған, онша биік емес цилиндр пішіндісі пайда болған. Қыздар тақиясы алтын және күміс кестелермен өрнектелген. Ақша, майда моншақ, қымбат тастар, маржан, шашақтармен әшекейленген. Төбесіне майда моншақ жіптермен көз-тілден сақтайды деген сеніммен үкі таққан. Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі саналады. Ертеректе киімдердің етек-жеңіне ою-өрнек салу, үкі тағу жын-перілерден, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды  деген сенімнен туған. Кейіннен үкіні тақия, сәукеленің төбесіне, домбыраға, бесікке қадаған.

Қазақ қыздары үкілі тақияны үш жасынан бастап 18 жасқа дейін, яғни, бойжеткенше киген. Бес жасқа толғанда шашын өріп, шолпы таққан. Ал бойжеткен соң кәмшат бөрік киген. Қыздардың тақиясы қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түстермен барқыт секілді матадан сырып тігілген. Ол түрлі-түсті моншақ-маржанмен безендірілген.

Халқымызда тақия тек қыздардың ғана емес, ер адамдардың да бас киімі саналады. Қыздар арасында сәнге айналмай тұрып,  оны тек ер адамдар кигенін білеміз. Ер адамдардың тақиясында моншақ, ақша, әшекейлер болмайды. Ерлер биік төбелі, тегіс төбелі, үшкір төбелісін киеді. Оларға мүйіз, шырмауық секілді өрнектер салынады. Пүліштен, ал астарын жібек матадан тіккен.

Сонымен тақия тарихымыздан қыздардың киетін бас киімі саналады екен. Қыз ұзатылғанда оған сәукеле кигізген. Онан кейін жас ерекшелігінде қарай өзге де бас киімдер киген. Мәселен, 25-40 жастағы әйелдер кимешек кисе, онан соң жаулық салған. Осылайша ұлттық киімдерімізді киюдің де өзіндік сыры, жолы, мән-мағынасы болған.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<