Тұрақтылық пен қауіпсіздік қалқаны

372

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылғанына 30 жыл толуына орай салтанатты шара өткізілді. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдарының басшылары, сала ардагерлері қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Отанды қорғау – мәртебелі миссия және жоғары жауапкершілік» деп елдің тұтастығын сақтауда күштік құрылымдар мен арнайы орган қызметкерлерінің қоғам алдындағы міндетін тағы бір салмақтай түсті. Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі маңызды құрылымдардың бірі – Ұлттық қауіпсіздік органдарының алар орны ерекше, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қазақстан өз алдына дербес мемлекет болып, Тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап жаңа арнайы қызметтің тарихы бастау алып, түрлі кезеңдерді өткергенін айтты.

– Мемлекетіміздің қалыптасып, дамуының маңызды да басты алғышарты – тұрақтылық пен қауіпсіздік екені аян. Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдары қызметінің басты міндеті – тұтастықты қалыптастыру, сан түрлі террористік, экстремистік және өзге де заңсыз ұйымдар мен топтардың теріс пиғылынан қорғау. Жаһандық сын қатерлердің қыр көрсетулеріне қарамастан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстанның ұлттық мүдделерін, конституциялық құрылысын, қоғам қауіпсіздігі мен экономикалық әлеуетін қорғауда аянбай күш біріктіру керек. Осындай қиындығы мен қызығы қатар жүретін қырағы мамандықты таңдаған жастар ел алдындағы азаматтық борышын жауапкершілікпен сезініп, отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетеді деп сенеміз. Бұл ретте өмірін осы қызметпен сабақтастырған әрбір азаматтың еңбегі құрметке лайық, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада аймақ басшысы бірқатар сала қызметкерлеріне арнайы Алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдарының 30 жылдығына арналған мерекелік медаль табыс етілді.

Танымал әншілер Мәдина Сәдуақасова мен Сәкен Майғазиев мерекелік шараны әнмен әрледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<