Тұрғындармен кездесу жалғасуда

354

0

Сурет Қазалы ауданы әкімдігінің фейсбук парақшасы

Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Көларық пен Арықбалық ауылдық округінің халқымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады.

Ең әуелі Ақтан батыр ауылына ат басын бұрған аудан басшысы бірер жылдан соң ауданға жақын орналасқан ауылдардың бірі болып саналатын бұл округте газ құрылысы басталатынын сүйіншілетті. Сонымен қатар Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойы аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар жандарға 95 жылдықтың арнайы төсбелгісін табыс етті.

Мұнымен қоса жыл басынан бергі ел ішінде жүрген жұмыстардан хабар беріп, алдағы жоспарлармен де бөлісті.

Ауылдық клубтың фойесінде өткен кездесу тұрғындардың ұсыныс-пікіріне ұласып, бірқатар мәселелер көтерілді. Мұхтар Әуесұлы барлық айтылған түйткілдер назарда екенін жеткізіп, шешілу жолында тиісті жұмыстар жүретінін айтты.

Кезекті кездесуі Арықбалық ауылдық округінде жалғасын тапты. Сөз басын Қызылорда қаласының 85 жылдығы және Қазалы ауданының 95 жылдығымен құттықтап бастаған аудан басшысы алдағы жылы келе жатқан Жанқожа бабаның 250 жылдығына ауызбіршілік таныту қажеттігіне тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, алдымызда ауқымды шаруалар күтіп тұр. Соның бірі – батыр бабамыздың 250 жылдық мерейтойы. Бұған қатысты жоспарларымыз аз емес. Сондықтан сол сәтті бірге көруді жазсын.
Оның үстіне қазір округте ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Ол – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының құрылысы. Мұнда да барлығын өздеріңіз назардан тыс қалдырмауларыңыз қажет. Сол секілді жыл басынан бері ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға Өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Оны әрбір кездесу сайын айтып жүрмін, – деген Мұхтар Әуесұлы елді мекенге кіре берістегі жолмен ауыр жүк көліктері жүрмеу қажеттігін ескертіп, аудандық полиция бөлімі қызметкерлеріне қатаң тапсырма жүктеді.

Мұнан соң жиналған жұртшылық тарапынан ұсыныстар айтылды. Оның ішінде елді мекенде шетіндегі бос жерді қоршап, сексеуіл отырғызу және полиция көлігі қажет екені көтерілді.

Аудан әкімі қойылған сауалдарға жеке-жеке тоқталып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Жиын соңында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан тұрғындарға Қазалы ауданының 95 жылдығына арналған төсбелгілер табысталды.

Айта кетейік, Мұхтар Әуесұлы кездесуден соң бірнеше ауыл тұрғынын жеке қабылдап, мұң-мұқтаждарына құлақ түрді. Сондай-ақ, қазіргі күні құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жұмысымен танысып, бірінші кезекте сапаға мән беру керектігін ескертті

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<