Жәрмеңкеге ел риза

1261

0

Бүгін Елордадағы «Хан шатыр» сауда орталығы жанында Қызылорда облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде.

Нұр-Сұлтан қаласын ду-думанға бөлеген ауқымда шараға жаңбырлы күнге қарамастан тұрғындар легі ағылуда. Елдің дәмін сағынған Сырда туып-өскен жерлестердің де қатары қалың. Жәрмеңкені аралай жүріп, Аралдың балығы мен Қазалының конфеті, Қармақшы мен Жаңақорғанның қауын-қарбызына деген сұраныс жоғары екенін байқадық.

-Қызылорда облысы ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізеді деген хабарды әлеуметтік желіден көргеннен бастап бұл күнді асыға күттік. Сырдың дәмін алыста жүріп аңсайтынымыз рас. Сондықтан ерте келіп, күріш пен қауын-қарбыздан, ет пен құрт-ірімшікті барынша көп етіп алдық. Күн суық болғанымен, бүгінгі жәрмеңкедегі көңіліміз көтеріңкі, – дейді астаналық Нұрхан Тасболат.

Жалпы жәрмеңкеге сырбойылықтар 400 тоннаға жуық азық-түлік алып келді. Оның ішінде әр ауданның өз үлесі бар.

Айталық, шара барысында Қармақшы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Айдана Көздібаевамен тілдестік. Ол жәрмеңкеге ауданнан 50,7 тонна өнім әкелгендерін, оның ішінде 20 тонна күріш, 25 тонна қауын, қарбыз, асқабақ, 1,2 тонна ет, 2,5 тонна сүт өнімдері жеткізілгенін айтты.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Алматы облысының жәрмеңкесі де өтіп жатыр.

Дәуіржан Елубаев,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<