Жаңақорғанда жылқы неден қырылды?

1183

0

Тамыз айының орта шенінде Жаңақорған ауданындағы бірқатар елді мекенде жылқы малы өлім-жітімге ұшырады. Аталған дерек алғаш 14 тамызда тіркелген. Бұл оқиғалар Байкенже, Қожакент, Өзгент, М.Нәлібаев ауылдарында кездескен.

«Жергілікті ветери­нария­лық дәрі­герлер ауру оша­ғында болды. Ауырған жыл­қылардың клиникалық белгілері нақтыланды. Өлген жылқылардың басын тексергенде гастрофилез құрты бар екендігі белгілі болды. Кейбір БАҚ-та айтылған 200 бас жылқының өлгендігі жөніндегі ақпарат расталған жоқ. Жалпы, ауданда 94 бас жылқы аталған ауруға шалдыққан. Жергілікті ветеринариялық дәрігерлер 29 жылқының өлгенін нақтылады. Қалғанын ветеринар дәрігерлер емдеп жазып шықты», – деді облыстық ветеринария бас­қармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл – паразитарлық ауру. Оған қарсы іс-шаралар мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізілуі тиіс. Жылқы гастрофилезі ауруы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген тізбеге енгізілмеген.

«Сондықтан мал иелеріне өтемақы қарастырылмайды. Тағы бір айта кетерлігі, мал иелері жылқысы ауырып тұр­ған­дығы жөнінде вете­ринария­лық дәрігерлерге уақытылы хабарламаған. Бұл ауру бөгелек құртынан пайда болады. Сондықтан оның алдын алу шаралары жүргізілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда бөгелек құрты жылқы ағзасында ересек құртқа айналады. Емдік шараларды жүргізу тиімсіз болады. Соңы малдың өлім-жітіміне соқтырады», – деді Е.Әпетов. 

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<